Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ТҰРАТЫН КӘСІПКЕР ЛИМОН ӨСІРІП ОТЫР

Уақыты: 24.05.2021
Оқылды: 1100

Жер жаннаты Жетісудың бір пұшпағы – Еңбекшіқазақ ауданы. Түгін тартсаң, майы шығатын берекелі аймақ. Жылы да жайлы климаты жеміс-жидек пен көкөніс өсіруге қолайлы. Әсіресе, алмасы мен алмұрты, шиесі мен жүзімінің дәмі тіл үйіреді. Өрік пен шабдалы, майлы жаңғағы тағы бар. Енді солардың қатарына лимон қосылды. Мандарин мен апельсин де өсіп келеді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Лимон өсіру бастамасына Қайназар ауылына барғанда көз жеткіздік. Кенжеғали Сабыровтың үйіндегі шағын жылыжайда цитрус ағаштары жайқалып тұр.

Иә, лимон бәрімізге таныс. Дәмі де өзгеше, дәруменге де бай жеміс. Бірақ ағашта өсіп тұрған лимон жемісін бұрын-сонды көрмеппіз. Жылыжайдың ішіне тамсана қарадық. Құдды бір тропикалық аймақта саяхаттап жүргендей әсерге бөленесіз.

- Қыс айларында бұдан да қызық болады. Айнала аппақ қар. Ал, жылыжай іші жасыл желекке оранады. Ағаш бұтақтарына ілінген лимонның хош иісін айтсаңдаршы. Жұпар шашады. Немерелерім оларды бір-бірлеп үзіп, себеттерін толтырып рахаттанады, – деп Кенжеғали аға бізді одан сайын қызықтырды.

Елімізде соңғы жылдары лимон жемісін өсіру қарқын ала бастады. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Түркістан, Атырау облыстары бұл іске белсене кірісіп жатыр. Енді міне, ыстықты ғана сүйетін цитрус ағаштары Жетісу топырағына да жерсінуде.

Сабыровтар отбасы 2002 жылы Қарақалпақстаннан атамекенге оралып, Қайназар ауылына көшіп келеді. Кенжеғали ағаның мамандығы – инженер. Елге келген соң, прораб болып құрылыс саласында еңбек етеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін бау-бақша өсіруді қолға алады. Міне, сол ермегі бүгін көпке үлгі болып отыр.

- Бұл өңірдің тұмса табиғатына не жетсін, шіркін! Айналаңды алып таулар қоршап тұр. Одан ескен самал жаныңды жадыратады. Құнарлы топырағына шыбық шаншысаң талға айналады. Сондықтан жұмыстан біржола қолым босаған шақта бау-бақшаға ерекше көңіл аудардым. Ең алдымен ауладағы  екі жарым сотық жерге шағын жылыжай салып, оның ішіне қияр мен қызанақ өсірдім. Біраз жыл көкөністің қызығын көрдік. Цитрус ағаштарын отырғызу тіпті ойыма да келген жоқ. Бұл идея Есік қаласындағы базарда пайда болды, – деп әңгімесін ары қарай жалғады.

2016 жылдың күз мезгілі. Кенжеғали аға базар аралап жүргенде тропикалық жеміс ағаштарының көшетін сатып тұрған грузиндерге кезігеді. Өзбекстанда болғанда лимон ағашының өсіп, жеміс бергенін талай рет өз көзімен көргені бар. Алайда бұл көшеттер біздің топыраққа жерсіне қояр ма екен деп ойлады.

- Сөйтіп, әлгі сатушылардан тәптіштеп сұрай бастадым. Қыза-қыза тіпті грузиндерді көлігіме салып алып үйге де алып келдім. Олар жылыжай ішін асықпай аралап, топырақты уыстап біраз тұрды. Содан кейін барып «Ештеңеге алаңдамай көшеттерді отырғыза бер. Әлі-ақ жемісін жейсің» деді нық сеніммен. Өзім де осы жауапты тағатсыздана күтіп тұрған едім. Нартәуекел дедім де, 30 түп лимон, 30 түп апельсин, 30 түп мандарин және тура сол мөлшерде грейтфруд көшетін 250 мың теңгеге сатып алдым, – дейді Кенжеғали аға.

Оның бұл бастамасын отбасы да қолдайды. Сөйтіп үй-ішімен көшет отырғызуға кіріседі. Барлық жұмысты әлгі грузин сатушылардың берген кеңесіне сүйеніп орындайды.

- Өкінішке қарай, алғашқы жылы көшеттер шетінен қурай бастады. Қатты алаңдадым. Қап деп іштей өкіндім. Еңбектің еш кеткені-ай! Енді бәрі шетінен тамыр жаймай шіритін болды ғой. Саудагерлердің сөзіне бекер сенген екенмін деп өз-өзіме ыза болдым. Қолымды бір-ақ сілтедім де жылыжайға біраз күн жоламадым. Сөйтіп жүріп ашуым да тарқады. Жылыжай ішіне қайта кірдім. Мына қызықты қараңыз. Қалған көшеттер жапырақтай бастапты. 120 көшеттің тек қырығы ғана жерсінбеді. Қалған 80 түп ойдағыдай өсті. Алғаш рет ағаштардың гүлдеген сәтін көргенде қуанышым қойныма сыймады, – дейді ол.

Биыл міне, бесінші жыл. Ағаштардың бойлары да ұзарып, жылыжайдың төбесіне жетіпті. Лимон ағаштарының әр түбі 10 келіден жеміс беріп жатыр. Апельсин, мандарин да гүлдепті. Олардың да түйін тастайтын күндері алыс емес сияқты.

Өткен жылы Кенжеғали Ахметұлы өз қолымен өсірген лимон жемістерін тұтынушыларға ұсынып үлгеріпті. Жұбайы Гүлстан Асарбаева мектепте математика пәнінен сабақ береді. Ол алғашқы өнімдерін ең алдымен мұғалімдерге көрсетеді. «Қайназарда қайдағы лимон, бізге олай қалжыңдама», – дейді әріптестері. Бірақ жылыжайға барып бәрін өз көздерімен көргенде қайран қалмасқа әбдісі болмады.

- Базарда лимонның бір келісі 1000 теңге тұрады. Ал біз 800 теңгеден саттық. Ағаштан жаңа ғана жұлынған жемісті бәрі талап алып кетті. Құдайға шүкір, жемісін өзіміз де жеп жатырмыз, – деп қуанады Кенжеғали аға.

Ол кісінің ендігі мақсаты жылыжайын үлкейту. Сол үшін арнайы жер телімін сұрасам деген ниеті де жоқ емес. Әрине, инженер маманның бағбанға айналып, екінің бірі бел шешіп кірісе бермейтін істі бастағаны құптарлық. Мұндай еңбекққор жандарға барынша қолдау көрсеткен дұрыс деп ойлаймыз. Базар сөрелерінде Еңбекшіқазақтың лимоны, мандарині мен апельсині самсап тұрса қандай ғанибет! Кенжеғали аға сияқты бағбандар көп болса, ол күндерге де әлі куә боламыз.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы