ЖЫЛЫНА 200-ДЕН АСА ҰЛТТЫҚ АСПАП ШЫҒАРАДЫ

Уақыты: 04.07.2021
Оқылды: 1712
Бөлім: ОН САУСАҚ

23 жастағы кәсіпкер Абзал Әкімбек музыкалық аспаптар жасайтын шеберхана ашты. Қолөнер шебері жылына 200-ден аса ұлттық аспап шығарады. Дайын өнімдерді мәдениет майталмандары мен музыкалық мектептер, мекемелер ерекше қызығушылықпен сатып алуда.

Абзал Әкімбек Еңбекшіқазақ ауданындағы Рахат ауылының тұрғыны. Ол жастайынан ұлттық музыкалық аспаптарға, олардың тарихы мен өндірісіне қызығушылық танытты. Мектеп қабырғасынан бастап, әсіресе, жазғы демалыс кезінде музыкалық аспаптар жасау шеберханасында тәжірибе жинақтады. 
Колледжден кейін ол тағы бір жыл шеберханада жұмыс істеді. Уақыт өте келе үй ауласында шағын цех ұйымдастырды. Осылайша жеке хоббиі кәсіпке айнала бастады. 2019 жылы ол «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтті. Сол жылы инновациялық идеясы үшін 2,5 млн. теңге көлемінде грант алды.
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында мен хоббиімді табысты іске асырдым. Көмек сұрап, кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына жүгіндім. Көп ұзамай «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 2,5 млн. теңге грант ұтып алдым. Осы қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Қазіргі таңда шеберханада менімен бірге тағы үш адам жұмыс істейді, – деді жас кәсіпкер.
Шеберханада Абзал Әкімбек аспаптардың 50 түрін дайындайды. Олардың арасында домбыра, прима домбыра, қобыз сияқты аспаптарға деген қызығушылық жоғары. Сондай-ақ жетіген, дауылпаз, сыбызғы, шертер, басқа да ұлттық аспаптар ерекше танымал. Өнімдерді әртістер, өнер мектептері және ірі мәдени мекемелер сатып алады. Бұйымдар сыйлық ретінде де жақсы өтеді. 
– Біз жылына 200-ден аса аспап дайындаймыз. Өндірісте отандық және шетелдік материалдарды пайдаланамыз. Мысалы, жаңғақ ағашын, шырша, үйеңкі, қызыл ағашты, африкалық тропикалық ағаштарды қолданамыз. Өйткені, біз үшін сапалы бұйым әзірлеу өте маңызды. Музыкалық аспаптардың басым бөлігі ұлттық нақышты сақтай отырып, ерекше этно- стильде дайындалады, – дейді жас кәсіпкер.
Алдағы уақытта кәсіпкер отандық және халықаралық көрмелерге қатысып, өнімін танымал етуді мақсат етіп отыр.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ