КЕГЕН ӨҢІРІНІҢ КӘСІПКЕРІ ТУҒАН ЖЕРІНЕН ТУРИСТІК ОРТАЛЫҚ АШТЫ

Уақыты: 10.07.2021
Оқылды: 1379
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазіргі заман – ізденістің, еңбектің заманы. Тиімді жолдарын тауып, халыққа жайлы қызмет көрсететін іспен айналысқанның тасы өрге домалайтын кезең. Біз сөз еткелі отырған Ерсайын Көбенқұлов сондай азаматтардың бірі. Кеген ауданындағы Талды ауылының бір перзенті. Әскер қатарынан келген соң Алматы қаласында өз жолын, өз кәсібін, өз нәсібін тауып тұрақтап қалған еңбекқор жан.

Соңғы жылдардың аумағында ол туған ауылының маңынан жер алып, мемлекетіміздің «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы ірі қара малын өсіруді қолға алды. Шырғанақ ауылдық округіне қарасты «Диірмен сайы» деп аталатын көркем өңірге тұрғын үйін, мал қорасын, керекті дүниелерін тұрғызды.

Кезінде диірмен үшін жасалған шағын көлдің маңында туризмді дамыту, балық өсіру – басты арманы, мақсаты еді. Биылдан бастап соның жолы ашылды. Бастау, бұлақтары арнасын сала бастады. Соңғы алты айдың көлемінде көлдің маңынан арнайы орынға балық әкеліп өсіріп, тәжірибеден өткізді. Бұл жұмысы сәтімен аяқталды. Енді балық өсірумен дендеп айналысуға бет бұрды.

Шын мәнінде, республика аумағында төрт түлік мал өсіретін, құс пен түйемен де айналысатын адамдар аз кездеспейді. Қанына сіңген қасиет дегендей, қандастарымыздың барлығы дерлік мал өсірумен шұғылданады. Ал, балықпен айналысатын, балық өсіретін адамды қолыңа шам ұстап әрең табатының анық. Әйтсе де жылдың төрт маусымында балық аулаумен күнін өткізетін ағайын жетіп-артылады. Бірақ, біреуінің балық өсіргісі келмейді. Міне, осындай ауыр істі, күрмеуі көп жұмысты Ерсайындай азамат иығымен көтерді.

Ерекеңнің ісіне Мәрлен Тұрсынәлі басқаратын балық өсіретін корпорация көмекке келді. Биылғы көктемде Ерсайын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы аталған корпорацияның балық мектебінде оқыды. Қолына арнайы сертификатын алды. Балық туралы арнайы кітаптарды ақтарды. Әлеуметтік желі арқылы да басын аз ауыртқан жоқ. Ақ балықты өсіру үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы 3 миллион теңге қайтарымсыз грант алды. Сөйтіп, жұмысы, еңбегі жемісін бере бастады. Арнайы орынға баққан «Форель» атты балықтары аман-есен өсіп-жетіліп, жаңа жерге бауыр басып кеткен жайы бар. Балықтарды үш уақыт арнайы азықпен ауқаттандырып отырады. Мұнда Ерсайынның балық мектебінде бірге оқыған Серік Мәнкеевтей көмекші ағасы бар. Айзада Ожарова атты сүйікті жары да әр күнгі ісіне дем беріп отырады. Жалпы, алпысқа таяп қалған Ерсайын мен жары ұрпағын өсіріп, қанаттандырып, немересін айналып жүрген бақытты жандар.

Ерсайын жақында өзі тұрған жерден «Тау самалы» атты демалыс орнын ашты. Арнайы іргетасын қалап, екі қазақ үйін орнатты. Бір жаздық үйі бой көтерді. Оның бәріне жарық түсірілген. Он адамға арналған заманауи моншасының құрылысы да бітуге таяу. Моншадағы ыстық будан шыққан адамдар сергіп бір алатын сарқырамалары да дайын. Демалуға келген адамдарға қажетті дүниелерді жүзеге асырды. Балық өсіруге арнап үш бассейн жасатуда. Таудың мөлдір суы құйылып тұратын бассейндердің құрылысы біткеннен кейін оған 50 және 100 грамдық 50 мың шабақ балық жіберіледі. 

Алдағы екі аптаның көлемінде Ерсайын жаңадан ашылған демалыс орны мен балық шаруашылығына арналған кәсібінің салтанатты рәсімін ашуды жоспарлап отыр. Болашақта өсірілген балықтар Мәрлен Тұрсынәлі басқаратын балық шаруашылығы корпорациясы арқылы Алматы қаласындағы, облыстағы супермаркеттерге, ірі базарлар мен сауда орындарына сатылатын болады. Бұған да алдын ала келісімшарттар жасалып қойылған. 

- Менің бар мақсатым, түпкілікті ойым – өңірде туризмді дамыту. Жаз маусымында адамдар келіп жайлы демалып қайтады. Шаруам жақсы жүріп жатса осында бие байлатып, саумал мен қымыз әзірлетіп, ұлтымыздың бесбармақ, қуырдақ секілді тағамдарын алға тартып, келушілерді ренжітпей шығарып салатын боламыз. Балық өсіруге арналған тәжірибем сәтті аяқталды. Енді үш бассейн арқылы көптеп өсіремін. Мұнда келушілер балық аулайды. Балықтың етінен дәм татады. Осындағы әдемі шағын көлге қайық әкелуді де ойластырып жатырмын. Атпен қыдырту жоспары да бар. Ал, қыс маусымында бұл жер бос тұрмаса деймін. Қыста тау сілемдері, бөктерлері арқылы адамдардың шаңғы теуіп демалуын, шаңғымен серуендеуін ұйымдастырсам деген ойларым бар. Қар қалың түсетін таулы жерде шаңғы спортына жол ашық, – дейді Ерсайын алдағы жоспарларын да алға тартып.

Ерсайын Көбенқұлов ашқан «Тау самалы» атты демалыс орны Шырғанақ ауылдық округі аумағындағы Талды ауылына баратын үлкен жолдың шетінде, тау бөктеріне орналасқан. Тұсынан өткен кезде ақшаңқан қазақ үйлері көз тартып тұр. Әзірше қазақ үйлерді, жаздық үйді келушілерге жалға беріп қойыпты. Келешекте мұнда арнайы мамандар жұмыс жасайтын болады. Келушілерге барлық қызметті өздері көрсетеді. Бұл туризмді дамытуға арналған үлкен істің басы. Алғашқы нәтижесі де жаман емес. Күн санап келушілер қатары азаймай отыр. Біз туған жерінде балық өсіруді қолына алып, жайлы демалыс орнын ашып, жаздық әрі қыстық туризмді дамытуды ойластырып, қамдастырып келе жатқан азаматтың ісіне сәттілік тіледік.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Алматы облысы