АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КӘСІП АШЫП, ҚЫРУАР ҚАРЖЫ ТАУЫП ОТЫРҒАНДАР КӨП

Уақыты: 28.07.2021
Оқылды: 1210
Бөлім: ОН САУСАҚ

Аймақта «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша жобаны әр жылдары аяқтаған 600-ге жуық азамат өз кәсібін дамыту үшін қаражатқа қол жеткізді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, биыл жобаның бірінші легін 700-ден аса адам тамамдаған, ал екінші лекте қазір 960 қатысушы бизнестің қыр-сырын меңгеруді жалғастыруда. Бүгінде Алматы облысында аталған курс негізінде бизнес бастап, кәсібін дөңгелентіп, мол табысқа кенеліп отырғандар көп.

Карантиндік шараларға байланысты өткен жылдағыдай оқыту «Atameken Academy» онлайн-платформасы арқылы қашықтан жүргізіледі. Облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Сәния Наурызбаева «Бастау бизнес» жобасының бірінші ағымында 731 қатысушы білім алғанын айтты. Оның ішінде 195 қатысушы жастар болса, 425-і 30-49 жас аралығында, ал 76 қатысушы 50-57 жасты құраса, 57 жастан жоғары – 35 қатысушы болды. Білім алғандардың ішінде тек 33 адамның кәсіпкерлік бойынша тәжірибесі бар, ал қатысушылардың басым бөлігі жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 24 мамырдан бастап жобаның екінші легі басталды. Облыс бойынша 960 адам оқуға кірісті.

– Аудан, қалаларда қатысушылармен бизнес-тренерлер және кеңесшілер жұмыс істеуде. Жалпы 5 лек бойынша оқыту ұйымдастырылып, қыркүйек айына дейін жалғасады. Айта кетейік, жыл басынан бері «Бастау бизнес» жобасының 600-ге жуық түлегінің жобасы қаржыландырылды, оның ішінде 45 адам осы жылдың бірінші легінің қатысушылары, – дейді Сәния Наурызбаева.

Кәсіпкерлер палатасында оқыту 21 күн ішінде өтіп, оның қорытындысы бойынша оқуды аяқтағаны немесе қатысқаны туралы сертификат берілетіні айтылып өтті. Осы сертификатпен жоба түлегі 200 АЕК көлемінде өтеусіз грант немесе 6 пайыз жеңілдікпен несие алуға үміткер бола алады.

Оқытуға жұмыссыздар, еңбекке қабілетті мүгедектер, жастар, оның ішінде NEET санаты, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, зәкірлік кооперацияға қатысушыларды қоса алғанда, зейнет жасына жетпеген ауыл-шаруашылығы кооперативтерінің, шаруа және фермер қожалықтарының мүшелері, қоныс аударушылар мен қандастар қатыса алады.

Жобада оқу үшін қатысушылар жекебасын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, халықты жұмыспен қамту орталықтарына оқуға өтініммен жүгінуі қажет. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жобаның нысаналы тобына сәйкестігіне үміткер мәртебесі расталған кезде оқытуға жолдама береді.

Үміткерлер оқу үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы atameken.co сайтында тіркеуден өз бетінше өте алады. Мемлекеттік қызметшілер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды және курсқа қатыса алмайды. Сондай-ақ, бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдер мен орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарының студенттері курстың тыңдаушысы бола алмайды.

Еске сала кетейік, өткен жылы облыста «Бастау бизнес» аясында 3022 қатысушы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 2 мыңнан аса жоба жалпы сомасы 1,8 млрд.теңгеге қаржыландырылды.

Диас БЕЙСЕНБЕК,

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы