"ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ БЕРДІ": ТАУЫҚТЫ ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРҒАН ӘЙЕЛ

Уақыты: 08.08.2021
Оқылды: 1269
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кейінгі жылдары кәсіпкерлік саласына жасалып жатқан жан-жақты қолдаудың арқасында Көксу ауданында оңды өзгерістер көрініс беріп келеді. Соның бірі – мемлекет қолдауымен қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, берілген қаражатын пайдалы іске жұмсап жатқан Еңбекшіқазақ ауылының тұрғыны Альмира Дәулетова.

Кейіпкеріміз Альмира еш жерде жұмыс істемейді. Ауласында тауық өсіріп күнелтіп отыр. Бастапқыда бұл істе еш тәжірибесі жоқ жас ана жүрексінгенімен кейін келе кәсіптің қыр-сырына қаныға бастайды.

– «Бизнес–Бастау» жобасы арқылы мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алдым. Ол ақшаға 100 ломанн браун неміс тұқымды тауығын және сыйымдылығы 350 жұмыртқаға жететін инкубатор, қажетті жемшөп алып, кәсіпті бастап кеттім. Салада тәжірибем аз болғандықтан көп ұзамай балапандарымның біразы өлді. Сол кезде құс бағуда тәжірибесі бар жерлестеріммен ақылдасып, дәрумен беру, жем салу және бағу жайында кеңес алдым. Қазір ептеп кәсіптің қыр-сырына қанығып келемін, – дейді Альмира Дәулетқызы.

Оның сөзінше, қазір халықтың табиғи таза жұмыртқаға деген сұранысы артқан. «Жұмыртқаны апта сайын үлкен базарға шығарып өткіземіз. Шаруамды бастап, жүргізуге жергілікті әкімдік көп көмегін тигізді. Атаулы әлеуметтік көмек алатынмын. Құжаттарымды жаңартып өткізуге барғанымда, осы мемлекеттік жоба жайында айтып, түсіндіріп берді. Сүйемелдеу көрсетіп, басынан аяғына дейін көмектесті. Ал, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының менеджерлері бизнес-жоспар құру, қажетті есептерді жүргізу, жеке кәсіпкерлікті ашуға жәрдемдесті. Осының барлығы үшін мемлекетке және халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға алғысым шексіз. Кішкентай балам өте сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Тумысынан мүгедек. Ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан қандай да бір қызметке орналасу мүмкін болмады», – дейді кейіпкеріміз.

Сала мамандарының сөзінше, жобаның тиімді тұстарының бірі – мұндағы бір айлық оқуға қатысқандарға шәкіртақы да қарастырылған. Кәсібін ашуға ниеттенгендерге білікті бизнес-тренерлер дәріс беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретеді. Мәселен, Көксу ауданы бойынша биылдың өзінде 60-қа жуық тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болған.

Айгүл АЙМАНБЕКОВА

Көксу ауданы

Алматы облысы