ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА КҮНІНЕ 200 КЕЛІ ҚҰЛПЫНАЙ ЖИНАЙТЫН ҚОЖАЛЫҚ БАР

Уақыты: 13.08.2021
Оқылды: 1230
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ескелді ауданына қарасты Теректі ауылында орналасқан «Лазаренко Н.П» шаруа қожалығындағылар күніне 200 келі құлпынай жинайды. Аталған ауылдағы қожалық ауданда ғана емес, облысымызда да жеміс-жидек өсіруден жақсы нәтижеге ие. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Ағайынды Лазаренколар бұл кәсіппен 1998 жылдан бері айналысады. Құлпынай алқабының аумағы 2 гектар. Бастапқыда айтып өткендей, күніне жиналатын 200 келі құлпынайды бір тәулік ішінде алыс-жақын ауыл мен қаладағылар сатып алып кетеді.

– Бір келі құлпынайдың бағасы 1200 теңге. Өткен жылмен салыстырғанда баға біршама өсті. Оған көптеген жағдай әсер етті. Дегенмен, басқа өңірлермен салыстырмалы түрде алып қарасақ, біз қойған баға тиімді. Оның үстіне біз өсірген құлпынайдың сорты да ерекше. Сондықтан болар, дәмі тіл үйіретін осы бір жидекті ерекше бағалайды, – дейді шаруа қожалығының басшысы Николай Лазаренко.

Шаруа қожалығы жаңа техникалармен толық қамтамасыз етілген. Жеміс-жидек өсірудің түрлі әдістерін пайдалануды қолға алған. Мәселен, жидектің сапасын жақсарту үшін тамшылатып суару әдісі қолданылады. Бұл әдіс судың жидек тамырына тікелей баруына мүмкіндік береді.

– Осы шаруа қожалығында жұмыс істеп жүргеніме 12 жыл болды. Жұмыс қиын емес, керісінше, осы істен ләззат аламын. Еңбекақыны күнделікті береді. Басшылық тарапынан да көмек жиі көрсетіліп тұрады. Біздің алқаптағы құлпынай өте дәмді. Оған алыс ауыл-аймақтан арнайы келіп алып кететіндер дәлел, – дейді еңбеккер Елена Сырых.

Биыл Ескелді ауданында 630 гектарға жеміс-жидек егілді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан 1773 тонна өнім жинау жоспарланған.

Серік ҚАНТАЙ

Ескелді ауданы

Алматы облысы