Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТҮРКИЯНЫҢ ИНВЕСТОРЛАРЫ ҚАРАСАЙ АУДАНЫНАН ЕКІ КӘСІПОРЫН АШТЫ

Уақыты: 02.10.2021
Оқылды: 1095

Қарасай ауданында түрік инвесторларының қолдауымен салынған екі кәсіпорын ашылды. Елтай ауылдық округіне қарасты Жармұхамед ауылында тұрмыстық газ плиталарын шығаратын «Алматы Тұрмыстық Техника Зауыты» ЖШС ашылса, Қаскелеңде «Якар» ЖШС кондитерлік фабрикасы қолданысқа берілді. Салтанатты шараға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, Түркиядағы Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы, облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев және Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Салтанатты рәсімнің құрметті қонақтары ұжымды кәсіпорындардың ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, шарада Түркия және Қазақстан елдерінің ынтымақтастығынан бөлек, екі бауырлас халық арасындағы достықты нығайту жайы сөз болды.

«Алматы Тұрмыстық Техника Зауыты» ЖШС бас директоры Абдулқасым Сойыркастың айтуынша, кәсіпорын газ плитасын, оттықтарды және пештерге арналған құрылғыларды шығаруға бағытталған. Мұндағы жер учаскесінің көлемі 12 гектарды құраса, құрылыс алаңы 17 мың шаршы метрді алып жатыр. Зауыт жылына 200 мың газ плитасын шығаруға қауқарлы. Кәсіпорынның серіктесі ретінде «Dausсher», «Technodom», «Sulpak», «Mechta», «Evrika», «Fora» сынды тұрмыстық техниканы сатуға бағытталған ірі сауда орталықтары тіркелген. Зауыттың өзінің бес сауда нүктесі бар. Қазіргі уақытта электр қуаттылығының тұрақсыздығы шешімін таппаған. Бұл өз кезегінде құрал-жабдықтардың жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Десе де, мәселе «Көкөзек» қосалқы стансысы салынған соң шешімін таппақ.

Ал «Якар» ЖШС құрылтайшысы Якар Дженгиз бұл кәсіпорынның Тараз қаласында орналасқан шағын цехтан басталғанын жеткізді. Аталмыш цех осыдан сегіз жыл бұрын Қаскелең қаласына көшіріліп, жұмыс жалға алынған үй-жайларда жүргізілді. Уақыт өте келе жеке ғимарат салуға мүмкіндік туды. 

Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы – жылына 6000 тонна. Оның ішінде 2400 тонна шоколад, 3600 тонна карамель мен лолипоп (қатты кәмпиттің бір түрі) өнімдері шығарылады. Айта кетерлігі, олардың құрамында ГМО және басқа да зиянды заттар жоқ. Қазіргі уақытта мұнда 50-ге жуық адам еңбек етуде. Өндірістік қуаттылық өскен сайын жұмысшылардың саны екі есе артады.

Зауытқа газ жүргізу мәселесі біраз әбігерге салған. Алматы облысы әкімдігінің және мемлекеттік «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бұл сұрақ та шешімін тапты. Табиғи отынды тартуға 40 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, электр желісімен қамту да бір ізділікке қойылған.

Қонақтар түрік инвесторларының қаражатына салынған ең алғашқы нысанға айналған ауданның ең көне кәсіпорындарының бірі – «Хамле Компани ЛТД» ЖШС-ны аралады. Компанияны Явуз Юртгюдер басқарады. Ол 1996 жылдан бері жұмыс істейді. Жобаның жалпы құны – 30 млн. доллар. 2017-2018 жылдары мұнда күрделі жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл қадам фабриканың өндірістік қуатын жылына 25 мың тоннадан 51 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Мұнда вафли, крекер, печенье, шоколад, пирожныйлар шығарылады. Оның ішінде Albeni, Biskrem, Halley, Luna және McVities брендтері бар. Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Моңғолия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Грузия және Беларусь Республикасына өнім экспортталады. 

Салтанатты шара аясында қонақтар барлық үш кәсіпорын цехын аралап, өндірістік үдерістің ерекшеліктерімен танысты. Пандемия кезеңінде де Қазақстан экономикасына салынған түрік инвестициясы 1,8 пайызға өскен еді. Бұл екі бауырлас халықтың көпжылдық достығының жалғасын көрсетеді. Демек, бұл – Қазақстан экономикасына өз үлесін қосатын маңызды жобалар аз болмайды деген сөз.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы