ЖАРКЕНТ МАҢЫНДА ҚЫТАЙДАН КЕЛГЕН ҚАНДАСТАР ТҮЙЕ КӨБЕЙТІП ЖАТЫР

Уақыты: 31.10.2021
Оқылды: 1814
Бөлім: ОН САУСАҚ

Осыдан он алты жыл бұрын Қытайдан атажұртына көшіп келіп, Жетісу жеріне қоныс тепкен Құныпия Әбділғажы бала-шағасын асырайтын тиімді кәсіптің көзін іздеп аса қинала қойған жоқ. Шығыс Түркістандағы Үрімжі қаласының маңында мал өсіріп, бие байлап, қымыз саудалаған ісін жалғастыруға әрекет жасады. Бастапқыда Кербұлақ ауданында 7 жыл, онан соң Көксу өңірінде 2 жыл мал бақты. Ел азаматтығын алған соң жеке кәсібін өрбітуге әрекет жасапты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Осылайша ол 2013 жылы Көксу ауданында аруана тұқымды бір өркешті екі түйе сатып алып, жинаған азды-көпті малына қосып баға бастады. Бара-бара түйесі келелеп көбейіп, оның сүтінен ашытылған шұбаттың жергілікті жерде сұранысы жоғары екеніне көзі жеткен Құныпия інгені іркілетін қолайлы жайылым іздей бастады. Ақыры жазиралы Жаркент өңіріндегі Айдарлы, Көктал ауылдық округтері аумағындағы сортаң болса да тобылғы, тораңғы, ши мен шілік, жантақ қалың өсетін өңірді таңдауға бел буды. Осындағы Аққұдық ауылының маңындағы қоражайды сатып алып, түпкілікті түйе өсіруге байлам жасады.

Қазір «Құныпия» шаруа қожалығындағы түйе саны бота-тайлағын қосып есептегенде 80 бастан асты. Көксу ауданында тұратын қожалық еншілесі Нұрлан Мақай екеуі жыл сайын түскен қаржының бір бөлігін сүтті түйе сатып алуға жұмсайды. Жазда күн сайын боталаған оншақты түйені үш уақыт сауып 50 литрге дейін, қыста екі уақыт иітіп 10 литрден сүт алды. Бабымен ашытылған шұбатқа жергілікті тұрғындардан сұраныс жоғары. Той, нәзір өткізетіндер алдын ала тапсырыс беріп алса, күнделікті тұрақты тұтынатындар да аз емес. Әр литр шұбатты биыл мың теңгеден саудалайды, бұл дегеніміз жазда қожалыққа күн сайын 50 мың теңге, қыс маусымында 10 мың теңге кіріс кіреді деген сөз. Негізінен түйе сауу әйелі Сара Әукеннің ісі, дегенмен түлік сүті молығатын жылдың жылы кезеңінде Құныпия сауын мен мал қарағанға көмекші жалдап жүр.

Биыл Құныпия мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен 6 пайыздық жеңілдетілген 3 миллион теңге несие алып, оған өзі жинаған біраз қаржы қосып 7 түйе сатып алып, қожалық қорасын байытыпты. Оған қосымша тендерге қатысып, Айдарлы ауылдық округінен 200 гектар жайылымдық жер алып, өрісін де кеңітіп отыр.

Біз қожалықтағы тағы бір қуаныштың үстінен түсіппіз. Республикалық «Үлгілі 30 ауыл» байқауында жеңімпаз болған Көктал ауылдық округі түрлі түсті кітапқа еніпті. Онда «Құныпия» шаруа қожалығынан да бірнеше фотосурет енген екен. Сол кітапты Құныпияға тапсыруға келген Көктал ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Сайлау Солтанқұлов пікір қосты.

– Түйе сүтінің, шұбатының адам ағзасына емдік қасиеті өте жоғары. Әсіресе асқазан, бауыр, өт жолдары, бүйрек, тағы басқа ауруларға бірден-бір ем. Түйенің шудасы буын ауруларын жазады. Сондықтан біздің ауылдастарымыз, бүкіл өңір тұрғындары Құныпияның қызметіне жүгініп жүр, - дейді ол.

Қожалық қожайындары Құныпия мен Сара Ермұхамет есімді ұл, Күлән, Гүлнар атты екі қыз өсіріп, оларға жоғары білім әперген бақытты отбасының иесі. Ұлдан екі немере, қыздан екі жиен өсіп келеді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Аққұдық ауылы

Панфилов ауданы

Алматы облысы