МЕЙРАМХАНА МЕН ДҮКЕН АШҚАН КӨПБАЛАЛЫ ӘЙЕЛ ТАҒЫ БІР ИГІ ІСКЕ КІРІСТІ

Уақыты: 20.11.2021
Оқылды: 2070
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінде бизнеспен айналысып, кәсіпкер атану – үлкен еңбек және жан-жақты ізденісті талап етеді. Осы ретте бес баланың анасы Гүлдана Кемелбекқызының қызметі жақсы үлгі бола алады. Алдымен Алматы қаласында мейрамханалар мен аспаздық «Шах» желісін ашып, кейін өз отбасының қолдауымен «Shakh eco food» атты шаруа қожалығын құрды. Оның өндірістік базасы Қарасай ауданында орналасқан. Бұл оған қоғамдық тамақтанумен ғана емес, сондай-ақ, мал шаруашылығы және қызанақ өсірумен айналысуға мүмкіндік берді.

Гүлдана өзінің кәсіпкерлігін алға жылжыту үшін алдымен мейрамхана бизнесі мен аспаздықты дамытуды ойлады. Кейіннен қоғамдық тамақтану орындары тұтынушыларға заманауи үлгіде қызмет көрсетіп, экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында жұмысын жүргізді. Түркияға жасаған іссапары осыған ықпал етті. Нәтижесінде осы елдегі мейрамханалардың қалай жұмыс істейтінін білді. Әртүрлі тағам дайындауға арналған экологиялық таза өнімдерді түркиялықтардың өздері шығаратыны таңқалдырды. Бірте-бірте «Shakh eco food» шаруа қожалығы ұжымы екі мейрамхана мен төрт аспаздық дүкен жұмысын жолға қоя білді.

Қазіргі уақытта тағы бір мейрамхана кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Мейрамханалар мен аспаздық дүкендерді экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз ету үшін олар ірі қара, құс, сонымен қатар қызанақ өсіруді бастауға шешім қабылдады. Үш жыл бұрын Жамбыл ауылдық округінің Қошмамбет ауылында бордақылау алаңы пайда болды, онда мың бас ірі қара мал ұстауға мүмкіндік бар. Ал 2020 жылы Елтай ауылдық округінің Исаев ауылында жалпы аумағы 20 гектарды алып жатқан 4 гектар жылыжай кешені сатып алынды.

– Жұмыс істеп тұрған алғашқы жылыжай голландтық технология бойынша шыныдан, ал жаңа жылыжай түрік технологиясы бойынша поликарбонаттан салынған. Біз Түркияда болған кезде жылыжай салу жөніндегі бірқатар зауытқа арнайы барып, ірі компаниялардың бірі «BIG-SER construction» корпорациясымен ынтымақтасуға шешім қабылдадық. Сондай-ақ, жылыжай кешеніне қажетті бұйымдарды өндіру мен орнату ерекшеліктерімен таныстық. Олардың бір артықшылығы жай ғана ыңғайлы емес, сонымен бірге өтімділігі тез. Мысалы, голландиялық технологиямен салынған жылыжайлардың өтімділігі бес-алты жылды құраса, түрік «BIG-SER construction» корпорациясы салған жылыжайлардыкі үш жыл аралығында. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша бізге жеңілдікпен несие беруге жол ашқан мемлекет қолдауының арқасында жылыжай салуға шешім қабылдағанымызды атап өтуге болады. Биылдың қыркүйегінде ауданы 4,7 гектар жылыжай кешенінің құрылысын аяқтадық, келесі жылдың көктемінде ауданы 6 гектар жылыжай кешенінің екінші кезеңінің құрылысын бітіруді жоспарлап отырмыз, – дейді Гүлдана Кемелбекқызы.

Бүгінгі таңда екі жылыжайға 226 мыңға жуық бұта отырғызылды. Өткен жылы бірінші жылыжайда әр гектардан 300 тонна қызанақ алынған. Мұнда ауа температурасы, ылғал сақтау, тамшылатып суару сияқты жұмыс үрдістері автоматты түрде реттеледі. Мәселен, жылыжай іші ысыған кезде жоғарыдағы перделер автоматты түрде ашылады, ал жел соғып, салқын тартқан кезде жабылады. Тозаңдандыру мен зиянкестермен күрес жұмыстары да талапқа сай жүргізіледі. Аурулармен күресудің әртүрлі биологиялық әдістері бар. Сондай-ақ, зиянды жәндіктерге арналған тұзақтар да ойластырылған. Сол себепті оларда экологиялық таза өнімдер өсіріледі.

Жылыжайды арнайы салынған блокты-модульді қазандық жылытады. Кешен жұмысын арнайы кезекшілер күндіз-түні қадағалайды. Тірі өсімдіктерді күтіп-баптауда жарық, жылу, су беру істері бір секундқа да тоқтамауы тиіс. Бұл жерде қазір елуге жуық адам жұмысқа тартылған. Олардың басым бөлігі Елтай ауылдық округі мен Жібек жолы ауылының тұрғындары. Барлығы арнайы көлікпен тасымалданады. Ал басқа облыстан жұмыс істеуге келгендер үшін жатақхана қарастырылған. 

– Қызанақтың алғашқы көшеттері биылдың 30 қыркүйегінде отырғызылды. Қараша айының соңында өсірілген өнімдерді жинау басталады. Кешендегі бұталар он ай бойы жеміс береді. Содан кейін оларды алып тастау керек. Толық дезинфекция жасап, қыркүйек айында жаңа көшеттер отырғызылады. Топырақты алмастыратын кокос субстраты Шри-Ланкадан арнайы әкелінген және ол үш жылға жетеді, – дейді кәсіпкер.

«Shakh eco food» шаруа қожалығының әрбір жаңа жобасы үлкен құндылыққа ие. Ең алдымен, бұл қоғамдық тамақтану және ауылшаруашылығы саласын дамытуға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, атап айтқанда, Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құруға қосқан қомақты үлес. Тағы бір экономикалық құрамдас бөлігі – жаңа жұмыс орындарын ашу. Қазірдің өзінде «Шах» мейрамхана бизнесі және аспаздық желісінде 120-дан астам, тікелей жылыжайлар мен мал шаруашылығында 70-ке жуық адам еңбек етеді. Жаңа жылыжайлар салынып, тағы бір мейрамхана ашылған кезде жұмыс орындарының саны 300-ге дейін артады.  

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Қарасай ауданы

Алматы облысы