ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӘЙЕЛДЕР КӘСІБІНЕ КӨМЕКТЕСЕТІН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 13.12.2021
Оқылды: 1584
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алматы облысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Орталық Ынтымақтастық қорының, Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Атамекен» ҰКП әріптестігі шеңберінде еліміздің барлық өңірлік орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларында ашылатын 17 орталықтың екіншісі атанды. Бастама Азия Даму банкінің (АДБ) қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы іске асырады.

Ашылу салтанатына БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш, Азия Даму банкі жобаларының үйлестірушісі Арыстан Ғалиев, өңірлік кеңестің төрағасы, Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Римма Салықова, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева, Алматы облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмат Бәкіров қатысты.

– Әйелдер кәсіпкерлігі еліміздің экономикасы мен кәсіпкерлігінің дамуына үлкен үлес қосуда, жұмыс орындарын құрып, қайырымдылық пен меценаттық мәдениетті белсенді дамытуда. Бұл орталықтардың ашылуы кәсіпкерлік бастамаларын іске асырғысы келетін әйелдер үшін зор мүмкіндіктер ашып, бизнестердің кеңеюіне ықпал ететін болады, – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов.

Орталықтар кәсіпкер әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңына айналады. Онда оларға стартаптарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейту және дамыту үшін бірқатар қызмет көрсетіледі, сондай-ақ, олар оқыту бағдарламалары мен нетворкинг іс-шараларға қатыса алады.

– Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдау әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, теңсіздікті қысқартуға, сондай-ақ, бүкіл халықтың әлеуетіне сүйене отырып, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге, неғұрлым орнықты экономикалық өсуге ықпал ететін болады. Біз бұл бастаманы Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолдауға дайынбыз, – деді БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш.

Орталықтар әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, оқыту, кооперация және қажетті құзыреттерді қалыптастыру арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандыруға, сондай-ақ бизнесті қолдау бағдарламалары аясында жеңілдікті кредиттер мен гранттар беруге, әйелдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, әйелдер мен олардың ұйымдары өндірген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу нарықтарын дамытуға ықпал ететін болады.

– АДБ гендерлік теңдікті ілгерілетуге және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге үлкен көңіл бөледі. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын құру Алматы облысының кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, өз өңірі мен елінің дамуына қомақты үлес қосадыі деп үміттенеміз, – деп атап өтті Азия Даму банкі жобаларының үйлестірушісі Арыстан Ғалиев.

Кәсіпкер әйелдерді бір орталыққа шоғырландырып, олардың бизнес жобасын жүргізуге ынталандыратын орталықтың тұсауын іскер әйелдер кеңесінің басшысы Римма Салықова, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева, облысытық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмат Бәкіров кесіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Қажет АНДАС

Алматы облысы