МЕМЛЕКЕТТЕН ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ АЛҒАН ПЕДАГОГ БИЗНЕСПЕН АЙНАЛЫСЫП КЕТТІ

Уақыты: 01.01.2022
Оқылды: 1805
Бөлім: ОН САУСАҚ

Назгүл Ақжолтаева мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жартылай фабрикаттар шығаратын шағын цех ашты. Ол Қапшағай қаласы маңындағы Шеңгелді ауылының бес мың тұрғынын өз өнімімен қамтамасыз етіп отыр.

Назгүл Ақжолтаева мамандығы бойынша педагог, бірақ ол осыған дейін онлайн-бизнеспен айналысып келді. Жеке ісін дүкен ашудан бастағысы келгенімен, кейін өнім шығару бағытына бет бұрды. Осылайша Назгүл түрлі торт пен бәліштер пісіре бастады, жемістерден гүл шоқтарын жинап, сатты. Өндірісті одан әрі дамытуға кәсіпкерлер палатасының Қапшағай қалалық филиалының мамандары қолдау көрсетті. Жас кәсіпкерге «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша жобаға қатысып, кейін қайтарымсыз грант алуға өтінім беру ұсынылды.

– «Бастау Бизнес» курсына қатыса отырып, өңірімізге қажетті тауарлар нарығын зерттеп, талдау жасадым. Нәтижесінде тұрғындардың үйде дайындалған, консерванттарсыз, мұздатылған жартылай фабрикаттарға сұранысы бар екенін білдім. Осылайша мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын цех ашып, енді өз дүкенімді ашу үшін жұмыс істеп жатырмын. Тұшпара, басқа да өнімдерді қамыр мен тартылған ет сапасын жоғалтпай, химиялық қоспаларсыз қолмен жасаймыз. Сатып алушыларымызға сақтау мерзімі аз және балғын күйде мұздатылған өнімдер ұсынамыз. Тұрғындар арасында көкөніс шырындарынан түрлі-түсті тұшпара ерекше сұранысқа ие. Қазір менімен бірге екі адам жұмыс істейді. Келесі жылы өнім түрлерін кеңейтіп, жеке дүкен ашуды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер.

"Еңбек" бағдарламасы аясында Назгүл Ақжолтаева 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантқа қол жеткізіп, қаражатқа жартылай фабрикаттар шығаратын цех үшін жабдық сатып алды. Цехта тұшпара мен варениктің (қайнақша) үш түрі, котлеттер, қырыққабат орамы, мәнті, хинкали, самса, ішіне фарш толтырылған бұрыш жасалады. Ай сайын «Damdi Alem» брендімен 120 келі өнім шығарылады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша 3,1 мыңнан аса жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер оқытылды. Өткен жылдары аяқтағандарды ескере отырып, жоба бойынша оқытылғандардың ішінен 1600-ден астам бизнес-жоба мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы