ОБЛЫС КӘСІПКЕРЛЕРІ ШАМАМЕН 8,5 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ШЫҒЫНҒА БАТҚАН

Уақыты: 12.01.2022
Оқылды: 1393
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алматы облысында болған тәртіпсіздіктің салдарынан бүгінге дейінгі есептеу бойынша бизнес нысандары 8,5 миллиард теңгеге зардап шеккен. Бұл жайында Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының басшысы Ләззат Шыңғысбаева Журналистер үйінде өткен брифингте мәлімдеді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, облыс бойынша 120-ға жуық кәсіпкер шығынға ұшыраған. Оның басым көпшілігі Талдықорған қаласында және Қарасай ауданында тіркелген.

Атап айтсақ, облыс орталығында «Қарағаш» сауда үйі мен ондағы 5 бутик, 3 «Sulpak» тұрмыстық техника, 2 «Technodom» техника дүкені, «Small» супермаркеті, полиция департаменті мен облыс әкімдігінің асханасы зардап шеккен. Ал Қарасай ауданында «Апорт» сауда және ойын-сауық орталығындағы 70-ке жуық дүкен мен бутик, «Алтын орда» базарының 20-ға жуық дүкені, сондай-ақ, 2 жанармай бекеті тоналған. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің 83 пайызы шағын және орта бизнес, қалған 17 пайызы ірі бизнеске жатады. Бүгінде әр өңірде комиссия мүшелері құрылып, шығын санын есептеп жатыр.

– Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сall-орталығы 24/7 режимінде кәсіпкерлерден қоңыраулар қабылдайды. Алматы облысында тонаудан зардап шеккен және форс-мажор туралы куәлік рәсімдегісі келетін 140-тан астам адам хабарласты. Қызметкерлеріміз күн сайын Талдықорғанда және аудан орталықтарында кәсіпкерлік субъектілеріне қоңырау шалып, аралау жүргізуде. Қажетті кеңестер мен құқықтық көмек көрсетілуде.  Осы тұста бизнес өкілдеріне алдағы уақытта шығын көлемін дәлелдеу үшін, уәкілетті органдардан немесе жеке бағалау компанияларынан келтірілген залал туралы қорытынды алмай, зардап шеккен нысандарды ретке келтірмеуге кеңес береміз, – деген Ләззат Шыңғысбаева бірқатар кәсіпкерлер тәртіпсіздіктен шығынға батқан әріптестеріне көмектесеміз деп игі іс жасап жатқанын айтты. Сондай-ақ, республикалық деңгейде «Күшіміз Бірлікте» атты зардап шеккен бизнесті қолдау қоры құрылды.

Қаржылық көмек көрсетуді қалайтындардың барлығы ҰКП сall–орталығы мен Алматы облысы өңірлік кеңесінің телефондарына (87475411754, 87051900000) хабарласа алады.

«Күшіміз Бірлікте» бизнес қорының қаражаты комиссия шешімінен кейін нысандары тоналған және бұзылған өңірлердің кәсіпкерлеріне бөлінетін болады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы