КӘСІПКЕРЛЕРДІ ЖЕМҚОРЛЫҚТАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ? КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ

Уақыты: 27.01.2022
Оқылды: 1360
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес қызметі жемқорлыққа қарсы бағытты күшейтеді. Бұл туралы кеңес төрағасы Баниямин Файзулин қорытынды отырыста айтты.

Баниямин Файзулиннің айтуынша, өткен жылы бизнестің 20-дан аса проблемалық мәселесі қаралған. Өтініштер негізінен мемлекеттік сатып алу, жер даулары, ауылшаруашылығы саласындағы мәселелер, сондай-ақ мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне шағымдармен байланысты. Кеңес көмегімен кәсіпкерліктің төрт субъектісіне 312 млн.теңге көлемінде қарыз төленді. Осыған дейін денсаулық сақтау басқармасы кәсіпкерлерге қонақүйде тұру қызметтері үшін осы сомада қарыз болатын.

– Өткен жылы біз 12 жоспарлы отырыс, оның ішінде 4 көшпелі кеңес өткіздік. 24-ке жуық мәселе қаралды, оның 18-і оң шешімін тапты. Кеңес құрамында мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың, заң палатасының өкілдері болды. Сұрақтардың нақты шешімін табуға және оны сотқа дейінгі тәртіпте реттеуге тырысамыз. Жақсы мысалдар жеткілікті, бизнес құқығы үлкен сомаға қорғалды. Сонымен бірге, стратегиялық әріптесіміз – облыс прокуратурасымен бірлескен жұмысты атап өтуге болады. Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытын күшейту қажет. Кеңес жұмысы тек отырыстар мен кеңестер шеңберінде ғана емес, сонымен бірге күн сайын бірлесіп шешімдер табу, бизнестің жұмыс істеуіне жағдай жасау, жұмыс орындарын құру, салық төлеу және әлеуметтік жауапты болуы тиіс. Егер заңдарды, нормативтік-құқықтық актілерді өзгерту қажет болса, оған шығармашылық тұрғыдан қарап, жаңа әдістерді іздеп, Үкіметті, бизнес серіктестерін сендіру қажет деп ойлаймын, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзулин.

Жалпы, облыстық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау желісі бойынша кәсіпкерлерден 175 өтініш түсті. Оның ішінде 123 өтініш оң шешімін тапты, бұл барлық өтініштің 70 пайызын құрайды. Осылайша, бизнес мүдделері жалпы сомасы 901,5 млн.теңге көлемінде қорғалды.

Айта кетейік, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, қамтамасыз ету және қорғау, сондай-ақ оларды жариялау мәселелері бойынша міндеттерді жедел әрі жүйелі шешу үшін құрылған.  

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы