КӘСІП АШАМ ДЕУШІЛЕРДІҢ ҚАПЕРІНЕ! "БАСТАУ БИЗНЕС" ЖОБАСЫ НЕСІМЕН ТИІМДІ?

Уақыты: 06.02.2022
Оқылды: 1513
Бөлім: ОН САУСАҚ

Былтыр Алматы облысында екі мыңнан аса адам шағын несие мен грантқа ие болды. Табысты жобалар «Бастау бизнес» жобасының түлектерімен жүзеге асырылды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Сәния Наурызбаева былтыр 3,1 мың жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің бизнес негіздері бойынша оқудан өткенін айтты.

– Соңғы жылдары қатысушылар арасында әйелдердің белсенділігі артып келеді. Бұл көрсеткіш 52 пайызды құрады. «Бастау бизнестің» жастар арасында ерекше танымалдылығы байқалады. Сондықтан білім алғандардың 23 пайызы 29 жасқа дейінгі жастар. Біздің өңірдің мамандануын ескере отырып жобалардың көбі ауылшаруашылығы саласында іске асырылды. Алайда, халық сұранысына байланысты кәсіпкерлер сұлулық индустриясы, тігін ісі және қоғамдық тамақтану сияқты салаларда да көбірек бизнес ашуда. Жалпы, былтыр біздің сүйемелдеуімізбен 2,4 млрд.теңгеге 2035 жоба қаржыландырылып, 2,5 мыңнан аса жұмыс орны ашылды, – дейді Сәния Наурызбаева.

Бизнес-тренер Мейірман Сауранбековтың айтуынша, «Бастау бизнес» жобасы дәстүрлі түрде онлайн форматта «Atameken.co» платформасы арқылы өтуде. Шектеу шаралары ескеріле отырып бизнес-тренерлер жеке консультациялар мен түрлі іскерлік іс-шаралар ұйымдастырған. Онлайн форматтың арқасында қатысушылар өз уақыттарын да бағалай бастаған.

– Былтырғы оқу жылы сәтті және табысты өтті деп есептеймін. Бұрын офлайн форматқа қатысушылар жеке кеңеске уақытылы келіп, қатыса алмайтын. Қазір онлайн режимнің арқасында біз қатысушылар және түлектермен әрқашан байланыстамыз. Біз кез келген жерде кеңес бере аламыз. Сондықтан өз уақытымызды көбірек бағалай бастадық, ал бұл болашақ кәсіпкер үшін өте маңызды, – деп атап өтті бизнес-тренер.

Маңызды оқиғалардың бірі «Atameken Zhetysu» микроқаржы ұйымының ашылуы болды. Микроқаржы ұйымы жоба түлектеріне жеңілдетілген несие беру үшін құрылды. Бизнес-тренер Ардақ Серікбаеваның сөзінше, былтыр карантиндік шаралар жеңілдеген кезде қатысушылармен өзара кездесу өткізіліп, бұл екі тарап үшін өте жемісті болған. Сондай-ақ, оларға бизнес-жоспарлар, мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша жеке кеңестер беру мүмкіндігіне ие болған. Нәтижесінде былтыр оқытылған 325 адамның 197-і «Еңбек» бағдарламасы бойынша гранттар мен несиелерге қол жеткізіпті. «Atameken Zhetysu» арқылы несиелеуге өтінім берген 20-дан аса жобаны жүзеге асыру жоспарда бар.

– Біздің жұмысымыз қарқынды түрде жалғасуда. Себебі, әрқайсымызда жобасын іске асыруға көмектесуі қажет жүздеген кәсіпкер бар. Мен жұмыс істейтін Еңбекшіқазақ ауданында 88 жоба қаржыландырылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобалардың ішінде медициналық орталық пен кондитерлік цехтың мемлекеттік гранттың арқасында жүзеге асырылатын жобаларын атап өтуге болады, – дейді бизнес-тренер Ренат Мамырбеков.

Халықтық жоба әлеуметтік желілер мен медиа арқылы көпшілікке белсенді түрде насихатталды. Бизнес-тренерлер Instagram және Facebоok, ондаған тікелей эфир, теледидар мен ақпараттық порталдарда ақпарат берді. Апта сайын ұлттық палата сайтында және өңірлік палатаның аккаунттарында табысты жобалар жария етілді.

– Мен сабақ берген екі өңірде 300-ден аса қатысушы білім алды, олардың 121-і грант жеңіп алып, жеңілдетілген несие алды. Әріптестерімізбен бірлескен жұмысымызды жергілікті «Жетісу» телеарнасы, республикалық арналар арқылы және әлеуметтік желілерге бейнеүзінділер түсіру арқылы танытып жүрдік, – дейді бизнес-тренер Арнұр Тоқанұлы.

Өткен жылы жоба түлектері алғаш рет өнімдердің жәрмеңкелері мен көрмелерін ұйымдастырды. Солардың бірі Ұйғыр ауданында өтті. Жәрмеңкеге 22 кәсіпкер қатысып, киім-кешек, кәдесыйлар, тоқыма, зергерлік және кондитерлік өнімдер, бал, кептірілген жемістер, сүт, полиграфиялық өнімдер ұсынды.

– «Бастау бизнес» оқыту жобасы түлектерінің тауарлары мен қызметтерінің жәрмеңкесіне 360-тан астам адам келді. Кәсіпкерлер мен тұрғындар жобалармен танысып қана қоймай, өнімдерін сатып алды. Сондай-ақ, кәсіпкерлер бір-бірімен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық орнату үшін В2В кездесулер ұйымдастырдық. Қатысушылар аталмыш жәрмеңке мен көрмелерді тұрақты негізде өткізу туралы ойларын жеткізді, – дейді бизнес-тренер Дулат Сауытбеков.

Сәния Наурызбаева, сондай-ақ, бірнеше айдан бері бизнес-тренерлер мен түлектер арасында оқыту және түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп келе жатқанын айтты. Бүгінгі таңда кооперативтер құру бойынша бірнеше ұсыныс бар, оларды алдағы уақытта іске асыруға қолдау көрсетілмек. Сонымен бірге, B2B алаңдарын құру мақсатында «Бастау бизнес» жобасы түлектерінің бірлестігі құрылып, оларды өзара іс-қимыл және өз өнімі мен брендін ілгерілетудің жаңа деңгейіне шығару жоспарлануда.

Өткен жылы өңірлік палатаның бастамасымен бизнес-тренерлер үшін ауылшаруашылығы кооперациясын ұйымдастыру бойынша оқыту семинары ұйымдастырылған. Сәния Наурызбаева «Бастау бизнес» оқыту жобасының түлектері аталмыш бастамаға шақырылып, салалық белгілер бойынша бірігуге және белгілі «Шелек фермерлері» кооперативінің үлгісі бойынша пәрменді кооператив құруға болар еді деп санайды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы