ШЫҒЫНҒА БАТҚАН КӘСІП ИЕЛЕРІ ҚАЙДА ЖҮГІНЕДІ? АРНАЙЫ КОМИССИЯ ҚҰРЫЛДЫ

Уақыты: 08.02.2022
Оқылды: 1466
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қаңтарда орын алған жағдайда ең көп зардап шеккен – бизнес өкілдері. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жуырда облыста кәсіпкерлік субъектілерінің шағымдары бойынша комиссия құрылып, шығынға ұшыраған бизнесмендердің өтінішін қарай бастады.

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының ақпаратына сенсек, зардап шеккен кәсіпкерлік объектілерінің жалпы саны 146-ны құрады, оның ішінде 12 ірі субъектіге (22 объект) шамамен 3 млрд.теңге, 5 орта субъектіге (5 объект) 77,6 млн.теңге, 82 шағын субъектіге (93) 719,7 млн.теңге, 23 микрокәсіпкерлік субъектісіне (23 объект) 116,6 млн.теңге залал келтірілген. Залалдың жалпы сомасы 3,9 млрд.теңгеге жуық. Сонымен қатар, облыс бойынша кәсіпкерлік қызметтің 122 субъектісі зардап шекті. Зардап шеккен нысандардың 78 пайыздан астамы сауда нысандары. Зардап шеккен кәсіпкерлердің негізгі бөлігі Қарасай ауданында орналасқан "Апорт" СОО, "Алтын Орда" базарында тіркелген.

Аталған кәсіпкерлік объектілерінен түскен шағымдарды қарайтын комиссия құрамына әр саладан 12 маман тартылып, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі Римма Салықова комиссия төрайымы болып бекітілді.

– Өтінішті қарау тәртібі ҚР Ұлттық экономика министрлігі тарапынан бекітілген ережеге сәйкес жүргізілуде. Шығынды өтеу жылжымалы, жылжымайтын мүлік және тауар шығынын қайтару сияқты үш түрлі негіз бойынша қарастырылады. Олардың әрбірінің өзіне тән дайындайтын құжаттары бар. Бірақ үш топтағы шығынды қарастыру үшін бизнес субъектісі тіркелген аймақтың кәсіпкердің шығынға ұшырағаны туралы қылмыстық іс қозғауға қатысты қаулысы, кәсіпкердің тіркелуі бойынша құжаттары, зиянға ұшыраған мүлікке сақтандыру жасалмады деген хабарлама, жалған ақпарат өткізсе, қылмыстық жауапкершілік арқалайтыны туралы құжаттар міндетті түрде өткізілу керек. Егер құжаттар толық болмаған жағдайда кәсіпкердің шағымы кері қайтарылып, құжаттарды қайта толықтыруға мүмкіндік беріледі, – дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандары. Сонымен қатар, жағдайы төмен отбасыларға да өз деңгейінде көмек көрсетілмек.

– Бізге «Қызыл жарты ай» қоғамдық бірлестігінің өкілдері де хабарласты. Олар бизнесі тұралап, жұмыссыз қалған кәсіпкерлерге көмек көрсетпек. Мұндай қолдау шағын кәсіпкерлік субъектілеріне ауадай қажет, – дейді комиссия төрайымы Римма Салықова.

Айта кетерлігі, кәсіпкерлер өз өтінішін Infokazakhstan.kz сайтына тіркейді. Ол жерде әр облыс көрсетілген.  Бүгінге дейін аталған комиссияға 48 кәсіпкерден 78 млн.теңге шығынын өтеп беру туралы өтініш түскен. Олардың дені тауар шығынын өтеп беру туралы болса, біреуі жылжымалы мүлік шығынына байланысты. Оның 23-нің құжаттары толық болмағандықтан кері қайтарылса, осы реткі отырыста 25 бизнесменнің өтініші қаралды. Осы тұста өртелген, бүлінген автокөліктер  кәсіпкерлік субъектісінің қызметтік көлігі ретінде тіркелген жағдайда жылжымалы мүлік қатарында шығынын өтеп беруге жатады. Ал жеке тұлғаның өз атына тіркелген автокөлік шығындары ереже бойынша өтеп беруге жатпайды.

Сайтқа  түскен өтініш саны 10-нан асқанда комиссия мүшелері бас қосып, құжаттары толық өтініштердің шығын көлемін анықтап, шығынын өтеп беру үшін қатысты мекемелерге сұраныс жолдаса, құжаты толық болмаған өтініштерді кері қайтарып отырады. Олар кем-кетігін толықтырып қайта өткізуге болады. Комиссия отырысы осы жылдың соңына дейін жалғасады. Осы реткі комиссия отырысында құжаттары толық болған үш кәсіпкердің өтініші қанағаттандырылды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды