АЛМАТЫМЕН ІРГЕЛЕС АУДАНДА ӘЙНЕК ЖУАТЫН СҰЙЫҚТЫҚ ШЫҒАРЫЛАДЫ

Уақыты: 24.02.2022
Оқылды: 1555
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қыс мезгілі көлік жүргізушілер үшін қиын кезең. Мұз бен қар автокөлік басқаруды айтарлықтай нашарлатады. Аязды күндері автокөліктің алдыңғы әйнегіне қар тез қатады. Бұл – жүргізушілер үшін қауіпті. Себебі, сырттағыны көру мүмкіндігін төмендетеді. Мұндай жағдай көлік апатына соқтыруы ықтимал.

Осыған байланысты автокөлік жүргізушілері қыс мезгіліне мұқият дайындалады. Мәселен, жазғысын қысқы дөңгелекке ауыстырып, әйнек жууға арналған сұйықтықты қамтамасыз етеді. Бұл кез келген ауа райында, соның ішінде температура нөлден айтарлықтай төмендеген кезде көлік терезелерін таза ұстауға пайдасын тигізеді.

«RITS GROUP» ЖШС 2013 жылы құрылған. Серіктестік  әйнек жууға арналған сұйықтықтың небір түрін шығарумен айналысады. Әйнекті жууға арналған сұйықтық немесе антифриз – бұл автокөлік терезелерін жууға арналған арнайы спирт қоспасы. Тіпті, өте төмен температурада сұйық күйінде қалу қабілетіне ие. Ол – әйнек бетіндегі қар жабындысынан және мұздың пайда болуынан қорғайды. Әйнек жууға арналған сұйықтық жазғы және қысқы болады. Қыста төмен температурада қатпайды.

– «RITS GROUP» ЖШС өндіріс орнында өндірілетін әйнек жууға арналған «Снежинка» сұйықтығы техникалық этил спирті, минералсыздандырылған су, ионды емес және амфотерлі беттік белсенді заттар мен қоспалар негізінде дайындалады. Дайын өнім үлгісі заттаңбада көрсетілген құрамға толық сәйкес келеді, – дейді «RITS GROUP» ЖШС басшысы Юлия Мишура.

Кәсіпорын «Қазақстан Халық Банк» АҚ-тан инвестицияға (жабдықтарды сатып алуға) жылдық 14,75 пайыз несие алды. Жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламасының екінші бағыты бойынша субсидияланды. Қазір кәсіпорын үшін несие мөлшері 6 пайызды құрайды. «Даму» қоры да кепілдік беріп, жобаға қолдау көрсетті.

Өндірістік база заманауи үлгіде, үлкен қоймасы да бар. Әйнекті жууға арналған сұйықтықты өндіріп, сақтайтын орын қажетті жабдықтармен жабдықталған.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Қарасай ауданы

Алматы облысы