ТАБЫСҚА ЖЕТУДІҢ ЕҢ БАСТЫ ПРИНЦИПІ. КӘСІПКЕР ЖАНАТ БАҚЫТПЕН СҰХБАТ

Уақыты: 23.03.2022
Оқылды: 3096
Бөлім: ОН САУСАҚ

Әйел әлемі – әдемі. Қашанда нәзіктікке, жаңалыққа, жаңашылдыққа жаны құштар. Қазақ халқының сондай аяулы қыздарының бірі – кәсіпкер Жанат БАҚЫТ. Оның сән үйіндегі киімдерге, оған үйлестіре тігілетін сөмке, әшекейлерге қарап, Жанаттың ерекше талғампаздығын, нәзік жанын аңғарамыз. Қазақы нақыштағы көйлектерді тіктіріп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, қыз-келіншектерге үйге, тойға, жұмысқа болсын, халқымыздың сәнді, ою-өрнекті көйлек-шапандарын  кигізуді мақсат тұтып жүрген кәсіпкермен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жанат, сіздің телеарнада атқарған қызметіңізбен, бүгінгі таңдағы кәсіпкерлік жолдағы ісіңізбен жіті таныспыз. Қай саладағы жұмысыңыз сізге шынайы шабыт сыйлады?

– Тележүргізушілік мені танымал етті. Жанат Бақыт деген есімімді қалыптастырды. Телеарнада өткізген 12 жылымның да өз қызығы мен шыжығы бар. Дегенмен де, онда жүргенде үнемі бір нәрсе жетпейтіндей сезілетін. Бұған не себеп деп өз-өзіме сұрақ қоятынмын. Онда атқарылып жатқан негізгі жұмыс басқалардың еңбегі. Журналистер мәтін жазады, менікі дайын нәрсені эфирге шығып оқып беру. Мені мазалап жүрген сұрағымның жауабын кейін таптым. «Мақсаты жоқ адам, мақсаты бар адамға қызмет етеді. Сенің мақсатың болса, өз-өзіңе қызмет етесің», – деген бір ғана сөйлемді оқып, өз жолымды табу керек екендігін түсіндім.

– «Жанат Бақыт сән үйіндегі» киімдердің басым бөлігі қазақы нақышта тігілген. Осы орайда ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүргендігіңіз қуантады. Дәл  осы кәсіп түрін таңдауыңызға не себеп?

– Жаңалықтарды қазақы нақыштағы киімдер киіп жүргізіп жүрдім. Телеарна жүргізушілерінің арасында мен ғана осындай үлгіде киіндім десем болады. Кейбір жандар менің аты-жөнімді білмесе де, қазақи нақышта киінетін жүргізуші ретінде танитын. Сол кезден бастап: «Қазақы киімдерді қайдан аласың? Біз де сатып алсақ бола ма?»  деген сұрақтар қыз-келіншектер тарапынан жиі қойылатын болды. Содан соң өзіміздің дизайнерлерді жарнамалай бастадым. Бір күні: «Біз неге ұлттық киімді Наурыз мейрамында ғана киеміз? Неге күнделікті кимеске?»  деген ой келді. Маған киімдерін ұсынатын көптеген дизайнерді танитынмын. Солармен бірлесе жұмыс істеп, дүкен ашамын деп шештім.

Әуел бастағы мақсатым – қазақы нақыштағы киімдерімізбен шет мемлекеттерді таңғалдыру болатын. Одан соң өз қыз-келіншектеріміз де ұлттық нақыштағы киімдерімізді киіп, қазақ екенін мақтанышпен көрсетіп жүрсе дедім. Шіркін, кетіп бара жатқан үш келіншектің біреуі қазақша үлгідегі киімді киіп бара жатса, бұл менің арманымның, мақсатымның орындалғаны деп ойлайтынмын.

Сөз арасында
– Өмірде кімді үлгі тұтасыз? 
 Әкемді.
– Ең сүйіп айналысатын ісіңіз?
Кітап оқу.
– Өмірлік ұстанымыңыз?
– Жүрегіңді тыңда, өзіңе сен.
– Сіз үшін не қымбат?
– Алла берген әр секунд!
– Кәсіпкердің бойында қандай қасиет болу керек?
– Шапшаң ойланып, тез шешім шығару.
– Қайырымдылыққа қалай қарайсыз?
– Әлемді құтқаратын – Мейірім мен Махаббат. Жүрегім белгі бергенде шамам жеткенше көмектесіп тұрамын.
–  Ата-анаңызды қуанта алдыңыз ба?
– Әр жетістікке жеткен сайын әке-шешем журналдағы фотомды сөрелеріне іліп қояды, көргенде көңілім босап қалады.

– Кәсіпкерлік жолды қалай бастадыңыз? Қазіргі таңда қазақы нақыштағы киімдерге деген сұраныс қандай?

– Кәсіпкерлік салаға ойда жоқта келдім. Ешқашан жеке кәсіппен айналысам деп ойламаппын. Өзім есепке, саудаға жоқ едім. Тек қазақы нақыштағы киімдерге деген сұраныстың бар екенін өзім көріп, сезінген соң, осы іспен неге айналыспасқа деген ой келетін. Бір күні үйіміздің қасындағы бір сауда орнының жалға берілетіндігін оқып, барып сұрасам, жалға алу құны онша қымбат емес екен. Сол уақытта қалтамда тек 100 мың теңге ғана болатын. Жарты ақшасын жалға алған жерге төлеп, жарты ақшасына базарға барып, дүкеннің ішіне керек заттарды алдым. Дүкен қаланың сыртында орналасқандықтан саудам жүрер ме екен деп те ойландым. Содан түске дейін жаңалық жүргізіп, түстен кейін дүкенге барып отырдым. Адамдар келе бастады, сұраныс та жоғарылады. Кәсібім бір айдың ішінде айналымға енді. Көпшілік дүкенің жақсы, бірақ қаланың шетінде дегеннен кейін, орталықтан дүкен аштым да телеарнадағы жұмысымнан шығып кеттім. Кейін мемлекеттік қызметке тұрдым.

Бір түсінгенім, кәсіптің басы-қасында иесі жүрмесе болмайды екен. Прокуратурадағы жұмысым бизнесіме кедергі келтіргендіктен ұзақ ойланбастан бірден арызымды жазып, кетіп қалдым. Осылайша, бизнес саласына түбегейлі бет бұрдым. Әлі күнге маған: «Кәсіпті өз күшіңізбен аштыңыз ба?» - деп сұрайтындар көп. Иә, өзім аштым, жолдасым да, ата-анам да бай адамдар емес.

Ал: «Киімдеріңіз сұранысқа ие ме?» деген сауалға келсек, тапсырыс берушілердің саны көп, кейде, тіпті, үлгермей жатамыз. Бұл алдағы жұмысымызға шабыт беріп, ізденіске жетелейді.

– Кәсіп ашу, оның жұмысын жолға қою қаншалықты қиын?

– Әр істің өз қиындығы мен жанға сыйлар ләззаты болады ғой. Кәсіп ашу барысында аздаған қиындықтар болды. Бірақ қатты қиналдым деп айта алмаймын. Егер ұзақ ойланып, қандай кәсіп ашамын деп жүрсем мүмкін қиын болар ма еді?! Бастапқы кезде өзім сатушы болып жүрдім. Киімдер қаншалықты ауыр болса да тасыдым. Бизнесте тәжірибем болмағандықтан шығынға да ұшырадым. Өйткені, көйлек тігеміз деген фирмалардың алдап кеткен кездері болды. Көйлектің бірінші данасын әдемілеп тігеді де, кейін үлкен партиямен келген кезде сапасыз болып шығады.

Шыны керек, бір жуғанда бояуы кетіп қалатындай сапада тігіп, ақшамды қаққан адамдар болды. Бизнесте адам олай өсе алмайтынына көзім жетті. Адамды бір рет алдайсың, екінші рет ол сенімен жұмыс жасамайтын болады. Кәсіптегі ең бірінші ұстанымым – адалдық, тазалық.

– Киім үлгілерін өзіңіз жасайсыз ба? Сән үйінде жалпы неше адам еңбек етеді?

– Киім дизайны бойынша оншақты отандық мамандармен жұмыс істеймін. Бірге ақылдасып отырып тігеміз. Әрі массмаркетке шығаратын цехымыз бар, ол көйлектің дизайнын өзім сызамын. Суретшілермен бірлесе жұмыс жасаймын. Оюдың қыр-сырын білмегендіктен  суретшілермен жұмыс жасаған дұрыс деп шештім. Мәселен, біз қошқар мүйіз оюын аламыз да киімнің кез келген жеріне орналастыра саламыз. Ал оюдың қыр-сырын білетін адамдар мұны сынап жатады. Матаны өзіміз таңдап, киімді цехқа тіктіреміз. Бір шыққанда бір үлгідегі киімнен 100-ден аса данасы шығады.

Сән үйінде өңір-өңірдегі дүкендерді қоспағанда 30 шақты адам еңбек етеді. Сонымен қатар, Түркия, Дубай, Бұқара, Қызғызстан елдеріндегі цехпен де жұмыс жасаймыз.

Сән үйіміздің киімдері қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей бағада. Өйткені, негізгі мақсатым – халқымыз түгелдей ұлттық нақышта киініп жүрсе деген ой.

– Киімдеріңіздің өзге қалаларға, басқа елдерге таралу жайы қалай? Киім тігуге қажетті заттарды шетелден алдырасыз ба?

– Арманымның бірі – кәсібімді кеңейту болатын. Қазір бірнеше қалада сән үйіміз бар. Әлі де кеңейте түсуді жоспарлаудамыз. Ол үшін көп еңбек етіп, шаршамау керек.

Шет мемлекеттерден тапсырыс берушілер де кездеседі. Әсіресе, Қытайда тұратын қазақтардан сұраныс көп түседі. Қолдың жұмысы болғандықтан таңғалып қызығушылықтарын білдіріп жатады. Көйлектегі әшекейлер толығымен қолмен тігіледі. Бұл үлкен еңбек. Тек ине-жіптен бастап матаға дейін шетелден доллармен келетіні сәл қынжылтады. Доллар өссе, зат та өседі, ол тағы елдің қалтасына салмақ салады.

– Сіздіңше, кез келген адам кәсіпкер бола ала ма? Ол үшін қандай алғышарт керек?

– Кәсіпкерлікті  жолын, ебін тапқан адам алып жүре алады. Ол үшін, біріншіден, мақсат пен ниет болу керек. Барлығымыз кәсібін дөңгелетіп алып кеткен адамдарға қызығып қараймыз да, ақша табу, бизнес бастау керек еді деп ойлаймыз, бірақ ұмтылмаймыз. Кәсіптің ебін табу бір бөлек те, оны ары қарай дөңгелетіп алып кетіп, еңбектену бір бөлек. Бизнеспен айналысқан адам уақыттың қадірін түсінеді. Егер мен ер адам болғанымда бұдан да биік шыңдарды бағындыратын едім. Қазір мен анамын, сондықтан ең бірінші орынға отбасын қоямын. Күнделікті балалардың тамағы, киімі, мектебі бар. Жан-жарыңа да уақыт бөліп, жайлы жағдай жасауың керек. Жұмысың тағы бар. Осының барлығына уақыт тауып, үлгеруге тырысамын. Кәсіпке бет бұрғалы, күнделікті кесте құратын болдым. Уақыттың қымбат екенін түсіндім. Ең бастысы – еңбек ету және іздену.

– Отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз.

– Үш балам бар. Күйеуім әрқашан қолдап, ақылын айтып отырады. Ер адам әйеліне раушан гүліндей қарап баптап, су құймаса, жайқалмасы анық. Сондықтан, бүгінгі күні қандай да бір жетістікке жетсем, әуелі Құдай, содан соң күйеуімнің қолдауы деп білемін.

– Кәсіп бастағысы келетін қыз-келіншектерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Кәсіп бастағысы келетін қыздарға айтарым, ешқашан ақшаны алдыңғы орынға қоймаңыз. Ең бастысы – жүрек қалауы, сосын ниет. Бір тиыныңыз болмаса да жүрегіңіз қалап тұрса, Құдай өзі қиыннан қиыстырады. Кәсіптегі одан кейінгі басты ереже – адал жұмыс жасау. Ешкімнің ақысын жемеңіз.

Адам өз-өзіне ғана кедергі болмаса, жұмыс істеймін деп талпынған жан бір жерден шығады. Өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Сондықтан да кәсіпкер болғысы келетіндерге: «Қолымнан келмейді, жасай алмаймын» деп тартынбау керек, нақты ойың болса, оны жүзеге асыру қажет дегім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Алма ЕСЕНБАЙ