ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА "ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА" ЕНГЕН АРАЛ БЕКІРЕСІ ӨСІРІЛЕДІ

Уақыты: 23.03.2022
Оқылды: 3868
Бөлім: ОН САУСАҚ

Балық та табыс көзі. Оның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы өте бағалы. Жалпы, облыста балық өсірумен шұғылданатын 22 шаруашылылық бар. Ірі шаруашылық қатарына Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы «Форель» серіктестігі жатады.

Шаруашылық иесі Мәрлен Тұрсынәлінің айтуынша, бүгінде балық өсіру аумағын кеңейту шарасы жүріп жатыр. Мұнда осы жазда құрылыс жұмысын аяқтау жоспарланған. Балық шаруашылығындағы негізгі мәселе – судың тапшылығы. Таудың жоғары жағында отырғандар төмендегілерге су бергісі келмейді. Ал, балық шаруашылығына су әрқашан келіп тұруы керек. Балыққа оттегі сумен келеді. Бұл шаруашылықтан басқаларға зиян жоқ. Су бір жағынан кіреді де, екінші жағынан шығып кетеді. Онда улы зат болмайды. Яғни, шаруашылықтың төменгі жағында отырған кәсіпкерлерге балық пайдаланған судың зияны жоқ.

Аталмыш шаруашылық жыл сайын 220 тонна форель, 50 тонна бекіре, 100 тонна африкалық сом (жайын) өсіреді. Бір айта кететін жағдай, біздің елге тауарлы балық көбінесе Қырғыз, Түрік елдерінен кіргізіледі. Егер балық шаруашылығын бар пәрменмен қолдайтын болсақ, сырттан келетін тауарды өзіміз де қамтитын боламыз.  Мәрлен Тұрсынәлінің айтуынша, алдағы жылы  су тоғандарына  тағы да бақтақ балығы жіберіледі. «Форель» шаруашылығында балық өсіруді қолға алуды көздеп жүргендерге  оқыту, тәжірибе алмасу шаралары да ұйымдастырылады. Студент, магистранттар осы шаруашылықта уылдырық алудың қыр-сырын меңгеруде.

Ал Шелектегі «Halyk balyk»  тоған шаруашылығында Арал бекіресі өсірілетін болады. Оған дайындық жүргізіліп жатыр. Мұнда жер көлемі үлкен. Он шақты тоған осы күнге дейін әртүрлі шабақтар өсіріп, сатып келген. Арал бекіресі азайып бара жатыр. «Қызыл кітапқа» енген Арал бекіресі ел көлемінде қорғауға алынған. Арал – Сырдария су бассейнінде бұл балық біржолата жойылып кеткен. Аталмыш бекіре Балқаш – Іле суында бар. Арал бекіресі рұқсатпен ғана ауланады. Былтыр облысымыздың балық шаруашылықтары 6 мың тонна тауарлы балық өсірген. Бұл серіктестіктер тауарлы балық өндіруді 8 мың тоннаға жеткізбекші.

- Біздің шаруашылықта бекіре тұқымдас балықтың бірнеше түрі бар. Орыс бекіресі, Сібір бекіресі, сүйрік және олардың будандасқан гибридті түрлері бар. Арал бекіресі "Қызыл кітапқа" енген. Біз оны қолдан өсіріп, көбейтіп, қайтадан табиғи ортаға бейімдейміз. Арал бекіресін Балқаш – Іле және Арал – Сырдария су алабына жібереміз. Сонымен бірге, бақтақ балығын өсіреміз. Уылдырығын Еуропадан әкеліп, инкубация жасаймыз. Бізде ай сайын 200 мың дана шабақ шығады. Одан бөлек, сазан, ақ амур, дөңмаңдай балықтарының уылдырықтарын алып, өзіміз өсіруді бастадық. Былтыр 50 миллион дернәсілді қырғыз еліне саттық. Биыл 100 миллион дернәсіл шығарып, сатсақ деген жоспар бар. Шаруашылығымызда 1-2 жастық ересек балық өсіруді де жоспарлап отырмыз, – дейді «Halyk balyk»  ЖШС директорының орынбасары Мейрамбек Пазылбеков.

Алматы облысы балық өсіруге қолайлы. Сулы, нулы аймақ. Сондықтан, жыл санап бұл шаруашылыққа құлшыныс білдірушілер қатары өсуде. Үкімет тарапынан қолдау да жақсаруда. Балық та табыс көзі екенін ескерсек, оны өсіріп, көбейту, қажетті азық-түлік тізіміне енгізу – бүгінгі уақыт талабы.

Гүлжан ТҰРСЫН

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы