Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АБАЙЛАҢЫЗ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР ПАЙДА БОЛДЫ

Уақыты: 07.04.2022
Оқылды: 1979

Алаяқтар бизнес нысандарына барып, кәсіпкерлерден өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметтерге ақы төлеуге мәжбүрлеуде. Бұл туралы Талдықорғандағы бизнес өкілдерімен онлайн кездесу барысында Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Думан Керімбаев мәлімдеді. Сондай-ақ, ол өрт қауіпсіздігі саласындағы жыл сайынғы тексерулер тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған нысандар арасында жүргізілетінін атап өтті.

– Өрт қауіпсіздігі бойынша тексерулер кестеге сәйкес жүргізіледі және нысандар басшыларына алдын ала хабардар етіледі. Өзге әрекеттері заңсыз болып табылады және бұл туралы прокуратура органдарына немесе кәсіпкерлер палатасына хабарлау қажет. Жыл сайын кәсіпкерлерден төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерінің тарапынан  болған негізсіз тексерулер туралы, сондай- ақ нысандарға белгісіз адамдардың  барып, кәсіпкерлерді өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша келісімшарттарға қол қойғызып, сол қызметтердің ақысын төлеуге мәжбүрлеу деректері бойынша арыз-шағымдар түседі. Шартқа қол қоймаса, үлкен айыппұл саламыз деп сес көрсетеді, – дейді  Думан Керімбаев.

Өңірлік палатада кәсіпкерлермен онлайн-кездесуде Талдықорған қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Қуаныш Рахатов өткен жылы облыс орталығында 191 нысанда өрт-техникалық тексеру жүргізілгенін айтты. Өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын 1 мың бұзушылық анықталған және 16 нысанда өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын бұзу анықталмады.

– Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтар анықталған тексерулердің нәтижелері бойынша басқарма ереже бұзушылықтарды жою бойынша нақты мерзімдері бар тиісті нұсқамалар енгізді. Сонымен қатар, 103 тұлға (лауазымды және заңды) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған 73 тұлғаға қатысты ескерту түрінде жазалау шарасы қолданылды, 30 тұлғаға қатысты 1 млн.837 мың 710 теңге сомасына айыппұл түрінде жазалау шарасы қолданылды, – деді Қуаныш Рахатов.

Төтенше жағдай бөлімі өкілінің айтуынша, тексеру жоспарларына сәйкес тек жоғары тәуекел дәрежесі бар нысандар (адамдар көп жиналатын нысандар, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, базарлар, тағы басқалары) тексеріледі. Тексеру жоспарына үш жыл өтпей тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілері, аудиттің оң қорытындысы бар нысандар, сондай-ақ ағымдағы жылы бұзушылықтар анықталмаған нысандар енгізілмейді.

– Тексерілетін органның тексеру парақтарында белгіленген талаптар ғана тексеруге жатады. Бас прокуратура тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық кестесін өзінің ресми интернет-ресурсында ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 мамырына дейінгі мерзімде орналастырады. Бақылау және қадағалау органдары тексеру жүргізудің мерзімдері мен нысанасын көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізудің басталғаны туралы тексерілетін субъектіні міндетті түрде жазбаша түрде хабардар етеді. Жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде мемлекеттік орган тексерілетін субъектіге жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталғаны туралы кемінде бір тәулік бұрын хабарлауға міндетті, – деді Қуаныш Рахатов. Бұдан басқа, тәуекелдерге тәуелсіз бағалау жүргізуге аккредиттелген ұйымның оң қорытындысын алған адал кәсіпкерлер қорытындының қолданылу кезеңіне тексерулерден (жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда) және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылықтар болмаған жағдайда белгіленген кезеңділікке сәйкес жоспарланатын ерекше тәртіппен келесі тексеруден босатылады.

Кәсіпкерлер үшін рұқсат беру рәсімдері қысқартылды. Қазір ТЖБ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті аттестаттауды және өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит бойынша сарапшы ұйымдарды аккредиттеуді жүргізуде.

Егер сіздің нысаныңызға тексеру жүргізу үшін қызметкерлер келген жағдайда, тексерудің заңдылығына көз жеткізу қажет. Нақтырақ айтқанда қызметкер өзін таныстыруға және қызметтік куәлігін көрсетуге сізге прокуратура органдарында тіркелген тексеруді тағайындау туралы актіні танысу үшін ұсынуға міндетті.

Тексеруді тағайындау туралы актіде тексерушінің тегі, аты, әкесінің аты бар-жоғына, тексеру мерзімдеріне, нысанның мекенжайы және тексеруді тағайындау нысанасының сәйкес келетініне назар аудару керек.

Диас БЕЙСЕНБЕК,

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы

Сурет ғаламтордан алынды