ҚАРҒАЛЫ АУЫЛЫНДА ШАЙДЫҢ 26 ТҮРІ ШЫҒАРЫЛАДЫ. ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 17.05.2022
Оқылды: 2786
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қарғалы ауылында шай шығаратын зауыт бар. Ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Заңды атауы - «Орда трейд Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорында бүгінде 55 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Мұнда елімізге кең таралған «HASSAN», «Orda», «Апамның шайы», «Аль Қайрат» сияқты тағы басқа 26 түрлі шай өндіріледі. Өндіріс орнының тыныс-тіршілігінен хабардар еткен зауыт директоры Сейдахмет Аралбай қазір зауыт 0,25 гектар жерде орналасқанын, алдағы уақытта өндірісті кеңейтуді ойластырып жүргенін айтады. Ол үшін ең алдымен 10 гектар жер керек екенін жеткізді.

Бұл орайда мемлекет өз тарапынан кәсіпкерлерді барынша қолдайтыны белгілі. Оған заңдық негіз қарастырылған. Осыған байланысты кәсіпорынның дамуына аудан атқамінерлері де ықылас танытып отыр. Өйткені өндірісті өркендету бүгінгі күннің басты талабы. Бұдан ауданның салық түсіміне айтарлықтай қаржы құйылады.

Қазіргі кезде Қарғалы ауылдық округінің әкімі Қуаныш Нәметовтың осы мақсатқа арналған жер мәселесін шешудің мүмкіндігін іздестіріп жатқанын білдік.

Бүгінде мұндағы жұмысшылардың орташа айлығы 90 мыңнан бастап 120 мың теңге аралығында. Осының өзі ауыл халқын жұмыспен қамту мәселесінде жасалған оңды қадам болып отыр. Себебі бұл зауытта 55 адам тұрақты жұмыс істейтін болса, сол қызметкерлердің артында 55 отбасы бар деген сөз. Сондықтан кәсіпорынның жұмыс істеуі ауыл халқына жасалған үлкен көмек.

– Біздегі шай өнімдері бес түрлі жалпы атаумен шығарылады. Әрбір атаудың ішінде тағы да тармақтары бар. Сол бойынша дәл қазір 26 түрлі шай шығарудамыз. Шайдың түрлері сортына қарай көбейе береді. Егер бізге тиісті жер телімі қарастырылса, болашақта 300 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндігіміз бар, – дейді серіктестік басшысы Сейдахмет Аралбай.

Аталған мәселелер реттеліп, қалыпты жұмыс жүргізілген соң шығарылған шайлардың қорабында «Қарғалы ауылында шығарылған» деп жазылатын болады. Қазірдің өзінде мұнда қорапталған өнімдер республикамыздың барлық дерлік аймағына тарайды. Қызу жұмысқа кірісіп кеткен зауыт заманауи техникалармен жабдықталған. Жаңа өндіріс орнының  жұмысына сәттілік тілейміз.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Қарғалы ауылы,

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы