АЛМАНЫҢ ТҮП АТАСЫ - САРҚАНДА! ТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ ЭТНОФЕСТИВАЛЬ

Уақыты: 19.05.2022
Оқылды: 1795
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Жоңғар Алатауы» ұлттық саябағы аумағында Алматы облысы құрылғанының 90 жылдығына орай «Сиверс алма ағашының гүлдеуі»  атты этнофестиваль өтті. Шараны облыстық мәдениет басқармасы, «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы және «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Қазақстан – әлемдегі табиғи байлығы мол мемлекеттің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымында «Елді ашаршылықтан қорғау» деген өсімдіктер тізіміне Жетісу жерінен 25 өсімдік енгізілген. Осы өсімдіктерді қорғау мақсатында Жетісу өңірінде 2005 жылы «Шарын», 2007 жылы «Көлсай көлдері», 2010 жылы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын аумақ ретінде құрылды. «Жоңғар Алатауы» ұлттық саябағының құрылуына жерлесіміз, биология ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Құралай  КӘРІБАЕВА ерекше еңбек етті. Аталған шараға Құралай ханым да келіпті.

– Біраз жыл ҚР Тұрақты даму мен Ұлттық экологиялық орталығының оңтүстік аймақтық бөлімінің басшысы ретінде Жетісу жеріндегі бірқатар жобаның жүзеге асуына қол ұшын бергенімнің өзі өмірімнің ең ұмытылмас сәті десем де болады. Сол қатарда Жетісу Алатауында «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының ашылуына тікелей басшылық еттім. Көптеген халық­аралық ұйымдардың мүшесі ретінде әлемдік деңгейдегі жобалардың атқарылуына инвестиция тарту арқылы атсалыстым. Десе де, жаңа табиғат паркінің ашылуы экологтардың, орман шаруашылығы саласындағы мамандардың, жұртшылықтың, мемлекеттік органдардың көп жылғы жұмыстарының нәтижесі. Өйткені, саябақ ашылмас бұрын «Таулардың жабайы алмасынан ХХІ ғасырдың бау-бақтарына дейін» деген тақырыппен «Жоңғар Алатауының» құрамына енетін таулардың толық картасы жасалды. Сол тұста бұрынғы 37 генетикалық резерваттың 11-і ғана сақталып қалғанын байқадық. Бұған тау баурайындағы жердің тиімсіз пайдаланылуы, тұрғын үйлер санының көбеюі кері әсер еткен, – дейді профессор бізге берген сұхбатында.

Бүгінде  әлемде 30 мыңнан артық мәдени алма сорты болса, Америка, Африка, Еуропа, Азия құрлығында өсетін алманың түп тегі саналатын Сиверс алмасы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық саябағының аумағында өседі. Саябақ алаңының 1,5 пайызын Сиверс алмасының жабайы жемісті алқаптары алып жатыр. АҚШ-тағы Гарвард университетінде халықаралық генетиктер әлемдегі өсімдік атаулының ататегінің пирамидасын жасаған. Оның ең басында Жетісу таулы аймағында өсетін жабайы Сиверс алмасының гені тұр. Сондай-ақ, оның Азия, Еуропа, Африка, Америка елдеріне тараған бағыты көрсетілген. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың 60-шы жылдары алма бақтарын сорттандыру бағдарламасы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тау бөктерлеріндегі жабайы алма ағаштарының көптеп кесіліп, отынға пайдаланылуы салдарынан осы табиғи алма ормандарының көлемі тарылып кетті.

Табиғат жанашырларын алаңдататын тағы бір жағдай – орманның бүлінуі. Оған ормандағы санитарлық жағдайдың нашарлығын жатқызуға болады. Бір қуанарлығы, осыған дейін мемлекеттік парктерде орманның жаппай ауруға шалдығу жағдайы кездеспеді. Алматы облысы ірі өндірістік аймақ болса да орман қоры жерлерінің өндірістен, өндіріс қалдықтарынан зардап шеккен жағдайы тіркелмепті. Қайта ұлттық саябақтар орман байлығын жыл сайын молайтып келеді.

– Ұлттық саябақ құрылғалы орташа есеппен жылына 30 гектар аумаққа Сиверс алмасының көшетін егеміз. Кейінгі он жылда 300 гектардан астам жерге алма ұрығын септік. Алда тағы да 5 жылдық жоспарымыз бар. Өткен жылғы Президенттің 2 миллиард ағаш көшетін отырғызу тапсырмасы бойынша биыл ағаш көшетінің ұрығы себілетін 28 гектарға тағы да 6  гектар жерді қосып, міне, бір апта болды, жоспарды толық аяқтап отырмыз, – дейді «Жоңғар Алатауы» ұлттық саябағының директоры  Марат Қабиев.

Шара аясында  ұлттық және спорттық ойындар, жарыстар өтіп, этножәрмеңке және ұлттық қолөнер бұйымдары, кәдесыйлар мен түрлі тәттілердің де саудасы ұйымдастырылады. Бұл шараларды «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығы» қоғамдық бірлестігі атқарды.

– Біздің бірлестік бірнеше бағытта жұмыс істейді. Басты мақсат – аймақтағы қолөнер шеберлерін анықтап, олардың қандай өнер түрімен айналысатынын нақтылау. Сосын қол­өнер шеберлерін облыстық, республикалық, халықаралық көрмелерге қатыстырып, жұртқа танылуына көмектесу. Сондай-ақ, туристер жиі келетін өңірлер, ұлттық саябақтармен келісімдер жасай отырып, шеберлердің қолөнер бұйымдарын жұрт назарына ұсыну. Қысқасы, қолөнер шеберлерінің жұмысын өркендетуге қатысты қандай бағыт болса, соның бәрімен жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Бәкірова.

Бағдарламаға сай этнофестиваль аясында Теректі өзенінің бойына киіз үйлер мен шатырлар тігіліп, онда жетісулық шеберлердің көрмесі қойылса, ортаға тігілген сахнада концерттік бағдарлама көрсетілді. Облыстық "Mergender Ordasy" садақ ату бойынша шеберлік сағаты мен  этнотуризмді дамыту бойынша дәріс өткізді.

– Жалпы, ең алғаш ат баптап, үзеңгіге шіреніп тұрып садақ тартуды біздің бабаларымыз ойлап тапқанмен, кейінгі дәуір сол өнерімізді ұмыттырып жіберді. Сондықтан сол ақтаңдақты жою үшін екі жыл бұрын "Mergender Ordasy" садақшылар федерациясын ашып, жайлап жұмыс істеп келеміз. Өзім шетелдің 12 елінде болып, ол жақтағы садақшылардың өнерін көріп, соны аймағымызға енгізсек деген ниетте еңбектеніп жүрміз. Бүгінгі фестивальға келіп, өнерімізді жерлестерімізге көрсетіп жатырмыз. Жұрттың ықыласы жақсы. Қазір Алматы қаласы мен оған жақын орналасқан аудандарда дәстүрлі садақ атудан 4, жамбыдан 3 мектебіміз бар. Алдағы уақытта басқа облыс орталықтарында да өз сыныбымызды ашпақбыз, – дейді "Mergender Ordasy" садақшылар федерациясының төрағасы Мұхтарқан Абаған.

Қысқасы, фестиваль жоғары деңгейде өтті. Дастарқаны кең, қолы ашық қазақпыз ғой. Сарқандықтар алыс-жақыннан келген қонақтарға ауылдың құрт-майын, кілегей-қатығын, сірнесін ұсынып, қонақжайлылығын да танытты. Таза табиғат аясында Теректі өзенінің суынан қайнаған шайға маңдайы жіпсіген көпшілік арқан, садақ тартып, атқа мініп бір жасап қалды. «Жоңғар Алатауы» ұлттық саябағының қызметкерлері қонақтарды Сиверс алмасы мол өсетін алқапқа көліктерімен қыдыртып, мәре-сәре болды. Бұл шара келесі жылы да Сиверс алмасы гүлдеген кезде дәстүрлі түрде жалғаспақ. 

Қажет АНДАС

Сарқан ауданы

Алматы облысы