«АЙСҰЛУДЫҢ» ҚАДАМЫ ҚУАНТАДЫ

Уақыты: 17.06.2022
Оқылды: 1332
Бөлім: ОН САУСАҚ

Талдықорған қаласында Жетісу тігін фабрикасы ашылды. Жаңа нысан «Айсұлу» деп аталады. Кәсіпорын бірнеше бағытта қызмет көрсетіп, 300  адамды жұмыспен қамтымақ.

Аумағы 2400 шаршы метрді алып жатқан кәсіпорын арнайы киім-кешек тігуге маманданған. 4  цех бар, қондырғылар да жаңа. Жеңіл өнеркәсіпорынның атқарушы директоры Жарылқасын Болатұлының айтуынша, фабриканы құруға 500 миллион теңге жұмсалған. Бұл қаражатқа ғимарат құрылысы да кіреді. 
Сондай-ақ, Қытайдан «Jack» фирмасының 200 тігін машинасы сатып алынған. Қазіргі кезде мамандар қабылдана бастапты. Әсіресе, әлеуметтік осал топ өкілдері мен жұмыссыз азаматтарға, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға басымдық берілген.
– Тігін машинасының бәрі жаңа әрі жұмыс істеуге өте ыңғайлы. Біз жұмыс киімдерінен басқа да арнайы киімдер тігеміз. Сапаға ерекше мән беріледі. Төленетін еңбекақыға көңіліміз толады, – дейді технолог Айнагүл Бәділхан.       
– Мен кәсіпорын құрылғаннан бері жұмыс істеп келемін. Жаңа ғимаратқа көшкенімізге қуанудамыз. Алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдай қарастырылған. Тегін тамақтандырып, дайын көлікпен тасымалдайды. Тігін ісінде тәжірибем мол. Білетінімізді жастарға үйретеміз. Басшылық еңбегімізді ерекше бағалайды. Бастысы, жалақы кешіктірілмейді, – дейді тігінші Надежда Сахарова. 
Мұнда тәжірибелі тігіншілерден басқа, жас мамандар да жұмыс істейді. Олар алдымен оқудан өтіп, тәжірибе жинайды. Сөйтіп, кәсіби маман болады.
Фабрикада сондай-ақ, төсек-орын жабдықтары мен көрпе, жастық, басқа да ұлттық бұйымдар тігіледі. Цехта қазір 5 тігінші бар. Алдағы уақытта олардың қатарын көбейтіп, ұлттық ою-өрнек ойып, тігін қондырғылары орнатылмақ. Қолөнер шеберлерінің айтуынша, еліміздің барлық аймағынан тапсырыс алуға мүмкіндік бар. Бүгінге дейін қыз жасауын жасап, Талдықорған, Алматы қалаларынан түскен сұраныстарды орындаған. Дайын өнімдер шетелдерге де шығарылады. 
Өндіріс 2 жыл бұрын ашылған. Шағын цех жалға алынып, пандемияға байланысты медициналық жеке қорғаныс заттары тігілген. Олар тіпті Ресейге де экспортталыпты. 2 жылда жан-жақты дайындық жүргізіліп, бүгінде ауқымды жұмыс орнына айналған. Болашақ жоба-жоспарлары да көп.  

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Талдықорған қаласы