БІЛІКТІ МАМАНҒА СҰРАНЫС МОЛ

Уақыты: 17.06.2022
Оқылды: 2386
Бөлім: ОН САУСАҚ

Елбол Естайұлы  САПАРОВ, кәсіпкер, бизнес тренер, «Business Schol ABC» ЖШС-нің негізін қалаушы

– Қазіргі таңда инвестицияны қайда құйған дұрыс?
– Инвестицияны ІТ саласына, халыққа қызмет көрсету түрлеріне, егін және мал шаруашылығы мен білім беру саласына құйған дұрыс. 
– Жұмыс қолын қалай іздейсіз? Жақсы кадр табу жолы қандай?
– Қазіргі таңда қай салада да білікті кадрға сұраныс мол. Көбіне жұмыс қолын әлеуметтік желілерден іздейтіндер көп. Меніңше, жас мамандарды жұмысқа алып, тәрбиелесең солардың арасынан мықты мамандар жетіліп шығады. Осы тәсілді көп қолданамын. 
– Сіз өз қызметіңізді қалай жарнамалағанды жөн көресіз?
– Алдымен «Тұтынушыларым газет оқи ма?», «Теледидар көре ме?» немесе «Әлеуметтік желіде отыра ма? Оның қайсы түрін жиі қолданады?» деген тұрғыда зерттеп барып, бизнесімді жарнамалауға қайсысы ыңғайлы болса, сол нұсқаны таңдаймын. 
– Кәсіпкер болу қаншалықты қиын? Осы саланы таңдағаныңызға өкінбейсіз бе? Кәсіпкерлікке келуден бұрын не істеп едіңіз?
– Өкінбеймін. Әр саланың өз қиындығы бар. Кәсіпкерлікке біліктілігін жетілдіріп алып келсе қиындық тумайды. Ол үшін көп үйрену керек. Кәсіби білім алмай тұрып, тәуекелмен жұмыс бастап кететіндер нәтижеге жете алмайды. Мен кәсіпкерлікке келуден бұрын полиция болғанмын. 
– Қаржылық сауаттылықты неше жастан бастап үйренген жөн?
 – Бала кезден үйрете бастаған дұрыс. Мұны халқымыз: «Тарта жесең тай, қорқа жесең қой қалады» деген бірауыз сөбен түйіндеген. Бала кезінен қаржылылық сауаттылықты меңгергендер кейінгі өмірін дұрыс жоспарлап, бизнесте де нәтижеге жете алады.

Сұхбаттасқан Қажет АНДАС
Талдықорған қаласы