МЕМЛЕКЕТТЕН ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ АЛҒАНДАР ӨЗ ПІКІРІМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 30.07.2022
Оқылды: 1564
Бөлім: ОН САУСАҚ

Екі қолға бір күрек ұстап, іс қылсам деген жұмыссыздарға «Еңбек» бағдарламасының көмегі үлкен. Былтыр осы игілікті бастаманың арқасында алакөлдік 210 адам қаражат алған. Олардың 174-і мал шаруашылығын құп көрсе, құс өсіруге 1, қызмет көрсету саласына 24, өндіріс бойынша 11 тұрғын ықылас білдірген.

Бизнес жоспарларын ұтымды әзірлеп, өздерінің кәсіп бастауға және мемлекеттен грант алуға лайықты екендіктерін дәлелдеген бұл азаматтар қазіргі таңда өздерінің жеке ісін ұтымды жалғастыруда.

Солардың қатарында аспан асты елімен иық тірестірген Достық ауылының тұрғыны Қаламқас Қасымова да бар. «Бастау Бизнес» жобасы негізінде білім алып, «Kasia de Maria» ЖК-сін тіркеген. Мемлекеттен қайтарымсыз 583 мың қаражат алып, өз ауылында киім ательесін ашты. Ісін жалғастыруға қажетті құралдарды сатып алып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді бағада қызмет көрсетуде.

«Қазіргі таңда көңіліңнен шығар қызметке орналасу да қиын. Бір жалақыға қарап, қоңырқай тірлік кешу де көбіне ұнай бермейді. Өзімнің жеке ісімді ашу арманым болды. Мемлекеттен бизнес бастау үшін қайтарымсыз қаражат берілетінін естіп, тиісті білімімді алып, құжаттарымды реттедім. Ісімнің маңыздылығын, тиімділігін көрсетіп, жобамды қорғап шықтым. Нәтижесі ойымдағыдай болды», – дейді кәсіпкер қыз.

Тігіннің түр-түрін игерген Қаламқас бұл бастамасын ары қарай дамытуға ниетті. Қызметкерлер санын ұлғайтып, бағдарлама берер мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, кәсібін ұлғайтуға барын салуда.

Еңбекке деген құлшынысы зор азаматтардың бірі – Құнапия Мәденбек. Ол да «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік жайлы білген-түйгендерін жетілдіріп, мемлекеттен қолдау тапқан. «Казремонт» ЖК-сін рәсімдеп, бағдарлама арқылы 583 мың теңгеге ие болды. Сөйтіп, Үшарал қаласында көлік жөндеу орталығын ашты. Темір тұлпарларды көтерер техникаларды алып, қолжетімді бағада қызмет көрсетуде.

«Бала күнімнен техникаға жақын болдым. Үйдің үлкендеріне еліктеп, түрлі көліктерді жөндегенде тапжылмай қарап отыратынмын. Бұл іс маған қатты ұнады. Өзімше бірдеңелерін шұқылап, жөндеуге септесуге қызықтым. Өсе келе қызығушылығым кәсібіме айналды. Арнайы грант ұтып, міне, өз ісімді бастадым. Қуанышымда шек жоқ, себебі жаңадан кәсіп бастауыма бұл бағдарлама үлкен көмек тигізді», – дейді бесаспап жігіт.

Қазіргі таңда аталған бағдарламаның игілігін көріп жатқан алакөлдіктер жетерлік. Олардың басым бөлігі ата кәсіпке бет бұрып, төрт түлік төлін өрбітсе, жаңа заманның сұранысына сай салаларға да бет бұрып жатқандары баршылық. Ең бастысы игілікті істің шекпенінен ұстап, кәсібінің нәсібін көріп отыр.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы,

Жетісу облысы