Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ІЛЕ АУДАНЫНДА СУ МЕН ГАЗҒА ҚАЖЕТТІ ЕҢ ҮЛКЕН ҚҰБЫРЛАР ӨНДІРІЛЕДІ

Уақыты: 08.08.2022
Оқылды: 3147

Өтеген батыр кентінде орналасқан «Pipe-Plast companu» ЖШС өңірдің полиэтилен өнімдеріне деген сұранысын толық өтеп келеді.

2008 жылы Кеңес Садықовтың бастамасы бойынша бой көтерген зауыт төменгі қысымды, тығыздығы жоғары полиэтилен құбырларын шығаруды жолға қойған болатын. Дамыған мемлекеттердің жоғары технологиясы бойынша жасалған қондырғылар барлық талаптарға жауап беретін сапалы өнім өндіруде. Зауытта бүгін түрлі диаметрдегі құбырларды шығаруға қабілетті төрт өндірістік жүйе жұмыс жасап тұрса, тағы екеуі құрастырылып жатқан көрінеді.

Негізінен, ауызсу мен көгілдір отынды тасымалдауға және кәріз жүйесін жасауға арналған құбырлардың  диаметрі тапсырыс берушінің тілегіне сай өзгертіліп отырады. Атап айтқанда, су мен газға қажетті құбырлар 16-800 мм болса, кәріз құбырлары 1200 миллиметрге дейін барады. Елімізде мұндай үлкен құбырларды шығаратын кәсіпорындар саусақпен санарлық.

Полиэтиленнен жасалған құбырлар сыртқы әсерге төзімді, құрастыру технологиясы оңай әрі қарапайым. Ең бастысы, 50 жылға дейін қызмет етуімен де ерекше. Айта кетерлігі, зауытта түрлі қосалқы бөлшектер, (фитинг) құбырларды жалғауға қажетті дәнекерлеуші құралдар, қыздыру аппараттары ұсынылып, тапсырыс берушінің сұранысына орай жобаланады.

«Қазақстандық мазмұн» деген мәселеге келер болсақ, өнімге қажетті шикізат – полиэтилен гранулалары негізінен Оңтүстік Корея мен Ресейден жеткізіледі. Полиэтилен – мұнай қалдықтарынан жасалатынын ескерсек, шикізат тасымалында қиындықтар бар. Кореядан әкелінетін тауардың құны жол шығынына орай, ал ресейлік шикізат санкция салдарынан әлденеше есеге қымбаттап кетті дейді өндіріс қызметкерлері.

Бүгіндері Алматы қаласы мен облысы ғана емес, өзге де өңірлердің сұранысын толықтай өтеп келе жатқан «Pipe-Plast companu» ЖШС-не қарасты зауытта 30-ға жуық жергілікті тұрғын еңбек етіп, кәсіби шеберліктерін шыңдауда. Олар жалақысын мезгілімен алып, әлеуметтік қорғау қызметін толықтай пайдалануда.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Іле ауданы

Алматы облысы