ЖАЙЛАУ ДЕП ЖАЙЛАУЫН АЙТ ШАЛКӨДЕНІҢ! ҒАЖАЙЫП ӨЛКЕГЕ САЯХАТ

Уақыты: 06.09.2022
Оқылды: 1598
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жайлау деп жайлауын айт, 
                                     Шалкөденің,
Еңсесі мыңғырған мал әр төбенің.
Су емес, суатынан қымыз аққан,
Па, шіркін! Қандай ғажап өлкем едің?! – 
деп ұлы ақын Мұқағали жырына қосқан әйгілі Шалкөде жайлауына бет алып келеміз. Жанымызды өзгеше күй тербейді. Ұлылардың аяғы тиген өлке ғой. Бұған қалайша тебіренбейсің?! Көдек пен Шарғын, Бердібек пен Баққожа, Мұқағали мен Еркін жүрген қастерлі топырақ. Райымбектей батыр бабаларымыз дүбірлетіп өткен жер. Шоқан асқан деп аталған жер бекер аталмаған. Айғайтас, Түзу, Қисық, Шәкірамбал, Есекартқан секілді атаулардың бәрінің өзіндік сыры бар. Тарихи атаулар шертер әңгіме жетерлік.

Шалкөде жайлауы – ежелден құтты қоныс. Шұрайлы өріске Райымбек ауданындағы Шалкөде, Қарасаз, Сарыбастау ауылдық округінің және  көршілес Ұйғыр ауданының малшылары төрт түлік малын жайып, өсіріп-өндіріп, берекесін кіргізіп отыр. Күзгесалым уақыт қой. Жайлау төрі сарғыш тарта бастапты. Тамыз айының бас кезіндегі аптап ыстықтың да әсері жоқ емес. Дегенмен, тобықтан келер шөбі шүйгін. Құты қашпаған жердің бір жағына үйірлі жылқылар, бір жағына бұзау-танасы аралас ірі қаралар, үйездеп жатқан қой-ешкілер көрік береді.

2018 жылы сәуір айында орталығы Нарынқол ауылы болып Райымбек ауданы қайта құрылған кезде  сол кездегі аудан әкімі марқұм Жолан Омаров Шалкөде жайлауында екі жыл қатарынан қымызмұрындық, малшылардың тойын ұйымдастырып еді, «Жетісу жүйрігі» деп аталатын әйгілі республикалық ат жарысы сол кезден бастау алды. «Жетісу жүйрігі» атты ат бәйгесі биыл да жайлау төсін дүбірлетіп өтті. Жай жарыс болған жоқ. Жолан Омаровты еске алуға арналған республикалық ат бәйгесі болды.

Аламан бәйгенің алдына Жоланның Ұландай бауырлары "темір тұлпар" тарту етті. Ел көшін бастаған азаматтар аман болса, бұл үрдіс жылда жалғасатыны анық. 

Іргелі той өтіп ат бәйгесі өрнек тауып жүрген өңірді биыл да жағалай малшылар отыр. Алғашқы кезіктіргеніміз Қарасаз, Шалкөде ауылдарының малшылары болса, түкпірлей қоныстанған Сарыбастаудың азаматтары екен. Одан әрі Ұйғыр ауданынан келген ағайындар орналасыпты. Биыл мұнда көшпелі монша қойылып, жаздай малшыларға қызмет көрсетіпті. Медициналық пункт, қымызхана, қонақүй деп жазылған арнайы киіз үйлер де менмұндалайды.

Рас, хан жайлау, бал жайлаудың төріне қонақтардың, туристердің келетіні шындық. Әрине, ұйымдастырғандар ақылы түрде жүзеге асырған. Бұл да жаз жайлаудағы маусымдық жаңа жұмыс орын іспетті. 

Біз Шалкөде өзенінің жағасына қатар қоныс тепкен Ғанибай Мұсаев пен Әбдіғали Біләловтың құтты қонысында болдық. Екеуінің қыстауы да іргелес екен. Ғанибайдың қаны қырғыз болғанымен, жаны – қазақ. Сарыбастау ауылының атпал азаматы. Бір шаруа қожалығының тасын өрге домалатып келе жатқан еңбекқор жан. Биыл шілде айының 7-нші жұлдызында 63 жасқа толып, зейнеткерлікке шығыпты. 100-ден аса жылқысы, 50-ге тарта ірі қарасы, бір отар қойы өрісіне сән беріп тұр. Ескірек «УАЗ» автокөлігіне қоса көктемде тауға қолайлы «НИВА» көлігін сатып алыпты. Бір емес, бірнеше жараулы аты тұр. Төрт түлік мал дегенің алысқа ұзамай, үйдің, өзеннің маңында жайылып жүр. Жанның рахаты деген осы. Мал қайырып, жоқ іздеп шапқылап жүрген жоқ. Ғанибай жары Рысжан екеуі қыз ұзатқан. Келін түсірсек деген жақсы ниеті бар.

Бүгінде алпыстың бесеуіне келген Әбдіғали ағамыз да қартайып тұрған жоқ. Жан жары Айгүл Нұрбатырова екеуі Шалкөде жайлауын киелі қоныс етіп келе жатқандарына көп жыл болыпты. «Саурық» атты шаруа қожалығын құрғалы 22 жыл болса, хан жайлауды мекендегелі де осынша уақыт.

Әбдіғали басқаратын «Саурық» шаруа қожалығында 200 жылқы, 200 ірі қара, 200 қой өсірілуде.

– Биыл көктемгі төл қалай болды? – деп әңгімеге тарттық.

– Жаман болған жоқ. Қыс маусымы да, көктемгі төл уақыты да қолайлы мінез танытты. Адал еңбектенсең, шын ниетіңмен теріңді шығарсаң, жақсы тілектің құшағында жүрсең, бір Алла да мақсатыңа жеткізеді. Әр 100 саулықтың соңынан 100-ден қозы ілесті. 70-тен бұзау, осы шамада құлын алдық, – деді Әбдіғали.

– Менің де төрт түлік малым ренжіткен жоқ. Көңіліміз орнында. Жақсы көңіл-күй ауанымен жайлауға шығып кеткен жайымыз бар. Бір Алламыз лайым жақсылығынан айырмасын! – деді Ғанибай бүгінгі әңгіменің түйінін қойғандай.

Биылғы жайлаудың, малды ауылдың жайы осындай. Ғанибайдың қонақжай шаңырағындағы ақ дастарқандағы үлкен астан, бал қымыздан дәм таттық. Дастарқандағы май мен маңыздың, ірімшіктің дәмін айтсаңызшы?! Арнасында ақ балығы тулаған Шалкөде өзенінің мөп-мөлдір, суық суының, сары қымыздың дәмі таңдайымызда қалғандай. Жан сарайымызды аша түскен жусан мен жуаның, көкемаралдың бұрқыраған иісі мұрнымыздан кетер емес. 

Қанат САТЫБАЛДЫ

Райымбек ауданы,

Алматы облысы