СУ ЖОҚ, ТОҒАНДАР ТАЗАЛАНБАҒАН. БАЛЫҚ ӨСІРУДЕ ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ КӨП

Уақыты: 16.09.2022
Оқылды: 2123
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алматы облысының кәсіпкерлер палатасына ағымдағы жылдың тамыз айында «Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы – 1973» ЖШС-нен өтініш түскен. Осыған байланысты салаға жауапты лауазымды тұлғалардың қатысуымен кездесу өтті. Оған Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев қатысты.

Жиынға Алматы облысы бойынша «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Қуандық Чункунов төрағалық етті.

Басқосуда кәсіпкер Әзілхан Әлиев сөз сөйлеп, өзінің өтініш-тілегін жеткізді.

Жеке кәсіпкердін айтуынша, ол 2017 жылдан бастап балық өсірумен айналысады. Бүгінде балық шаруашылығына су керек. Өйткені, балық ағынды суды қажет етеді. Ал айналма арналар толып кеткен. Сондықтан, оны сумен толтыруға мүмкіндік болмай тұр. Оның салдары су жылдамдығының төмендеуіне кері әсерін тигізуде. Сондықтан, ол тазартуды қажет етеді. Тазаланатын тоғандар мен арналардың жалпы көлемі 10 шақырымды құрайды.

Қазіргі таңда «Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы – 1973» ЖШС-де инкубациялық цехтың қуаты 50 мың уылдырық, 10 мың шабақ өсіруге қауқарлы. Тоғандар мен арналарды тазарту жұмыстары жүргізілгеннен кейін инкубациялық цехтың қуаты 3 есеге ұлғаяды. Осы ретте кәсіпкер тоғандар мен арналарды тазартып, су жетіспеушілігі туралы мәселеге көмектесуін өтінді.

Соңында Алматы облысы бойынша ауыл шаруашылығы басқармасы ирригация бөлім басшысы Медет Керімқожанов:

– Аталған мәселе бойынша тоғандар мен арналарды тазартуға арнайы «Драглайн» техникасы қажет. Қазіргі таңда техниканы мемлекет тарапынан сатып алуға облыс бюджетінен қаражат бөлінді. Қазір оны сатып алу шаралары жүргізілуде. Алдағы уақытта кәсіпкердің бұл мәселесі арнайы техника алынғаннан кейін жергілікті атқарушы органмен тоғандар мен арналарды тазарту жұмыстарын жүргізу арқылы іске асырылады, – деді.

1973 жылы құрылған шаруашылық Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шалқар ауылында орналасқан. Бүгінде шаруашылықта ақ амур, күміс тұқы, карп сияқты балықтар өсіріледі.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы