КӨКСУ АУДАНЫНДА ПИЯЗ, ҚЫЗАНАҚ, КАРТОП ӨСІРУШІЛЕРДІҢ ҚАТАРЫ АРТТЫ

Уақыты: 21.09.2022
Оқылды: 1270
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көксу ауданы биыл 11 510 гектар жерге картоп ексе, қазіргі таңда оның 500 гектары жиналған. 11 500 тоннадан астам өнім алынған. Осы іске Талапты ауылындағы картоп егумен айналысатын «Нұрдымақын» шаруа қожалығы үлкен үлес қосуда.

Қожалықтың атшаптырым аумақты алып жатқан егіс алаңында қызу тірлік жүріп жатыр. Тракторлар қазып тастаған картопты бірнеше адам жинап, қаптап жүрсе, тағы бірнешесі дайын өнімді көлікке тиеуде.

– Биыл 40 гектар жерге картоп, 30 гектар жерге жүгері, тағы 25 гектар жерге қант қызылшасы отырғызылды. Жыл басында «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-нан картоп егу үшін 0,01 пайыз өсіммен 29 млн.теңге несие алып едім. Сол үшін тұрақтандыру қорына келісін 130-140 теңгеден 260 тонна картоп өткізуім керек. Биыл 700 тоннадан астам өнім аламыз деген болжам бар. Шаруашылықта 12 тұрақты жұмысшы бар. Қазіргі науқан кезінде 40-45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оларға күн сайын 6-7 мың теңгеден төлеймін, – дейді «Нұрдымақын» шаруа қожалығының жетекшісі Қизат Әбиров.

Егіс алаңындағы еңбеккерлердің көңіл-күйі көтеріңкі. Шаршадық, шалдықтық деп тұрған бірі жоқ. Картоп жинайтындар күніне 5-6 мың теңге, ал тиеушілер 15 мың теңгеден жоғары табыс табады. Жұмысшылардың көбі алыс ауылдан келіп жұмыс істейді. Соның бірі – Зылиха Тамшыбаева ауылының тұрғыны Баян Еңгесеева: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, таңғы сегізден, кешкі беске дейін жұмыс істейміз. Күніне 6-7 мың теңге табыс табамыз. Бала күнімізден адал еңбекпен өскен біздер қазір де сол жолды ұстанамыз», – деді.

Осындай жалынды еңбеккерлерді Бесқайнар ауылындағы «Алым-Таир» шаруа қожалығының пияз өсіретін егістік алаңынан да кездестірдік. 2010 жылдан бастап пияз өсіруді қолға шаруашылық бүгінде жыл сайын 300-400 тонна өнім жинайды. Қазірдің өзінде берісі жақын ауылдарға, арысы Аягөзге дейін өнімдері жылдам сатылуда. Шаруа ең алдымен өз ауданын көкөніспен қамтуды мақсат етіп, өнімін алқап басында ғана емес, аудан аумағынан өтетін «Алматы – Өскемен» тас жолы бойына арнайы шатыр тігіп, саудалауда.

Алқапта 50 адам еңбек етіп жүр, соның 20-сы – тұрақты жұмысшы. Бір күнде 4 адамнан тұратын бір бригада орта есеппен 300 қап пияз жинайды. Әр адам еңбек өнімділігіне қарай күндігіне шамамен 10-12 мың теңге табыс табады. «Пиязды тек шеңгелділіктер ғана өсіреді», – деп ойлайтындар құлпырып өскен шаруашылық егістігін көргенде таңғалып қалары анық. Күнделікті тамаққа тұтынатын пияздың көбін іргеміздегі көксулық шаруалар өсіріп жатқаны бәрімізді қуантты.

Мұсабек ауылындағы қызанақ өсірумен айналысатын «Көгершін» шаруа қожалығының жетістігі де көпті қызықтырды. Ауыл әкімі Ербол Жоламанұлын көпшілікпен бірге қызанақ жинауға көмектесіп жүрген жерінен кезіктірдік. Экологиялық жақтан таза әрі дәмі тіл үйіретін қызанақтар тілшілердің де шөлін басты. Жалпы, 4 гектар жерге егілген қызанақ жамырай өсіп, жұрттың көзін қызықтырды. Еңбеккерлермен бірге жанталасып жұмыс істеп жүрген «Көгершін» шаруа қожалығының жетекшсі Ержан Қайса: «Ауыл әкімінің ұсынысымен биыл қызанақ өсіруді қолға алдық. Өнімді жинау жұмысы басталғалы бір айдан асты. Басында келісін 50, кейін 80 теңгеден сатып едік. Қазір 100 теңгеден тоқтатпай алып кетіп жатыр. Күніге 15 адам жинаса да жұмыс күші аз. Қызанақ өсірген жерді жалға алып отырмыз. Суық түскеше 270 тоннадан астам қызанақ сатамыз деген болжам бар», – дейді ол.

«Көгершін» шаруа қожалығының бастамасы аудан әкімдігінің де назарын аударыпты. «Бұл жігіттердің қызанақ өсірудегі тәжірибесінің молдығына көзіміз жетті. Демек, оларды қолдап, демеп жіберсек, ауданды, тіпті, облыс орталығын қызанақпен қамтамасыз етуге септігі тиеді. Сондықтан, келесі жылы өздерінің еншісіне тән жер мәселесін шешіп беруді ойластырамыз», – дейді Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев.

Қажет АНДАС

Көксу ауданы,

Жетісу облысы