КӘСІПКЕР ӘЙЕЛ: "МЕМЛЕКЕТ БЕРГЕН ГРАНТТЫҢ АРҚАСЫНДА ІСІМ ІЛГЕРІ БАСТЫ"

Уақыты: 23.09.2022
Оқылды: 1546
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес курсын ойдағыдай тәмамдап, мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, өз кәсібінің нәсібін көріп жатқан жандар аз емес. Солардың бірі – Рахила Болатбаева.

Көпбалалы ана Рахила Кеңесбайқызы Рахат ауылдық округіне қарасты «Береке» саяжайының тұрғыны. Кішкентайынан тігіншілікке әуестенген. Шешесіне көмектесе жүріп осы өнердің қыры мен сырына қаныққан екен.

Қазір ол өз ісінің нағыз шеберіне айналған. Рахиланың жасаған бұйымдары ауылдастарына ұнаған. Бірте-бірте тапсырыстар саны көбейген. Сөйтіп, ол осы жұмысты ары қарай дамыту үшін аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгінеді.

- Орталыққа тіркеліп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» жобасы бойынша курстан өттім. Бизнес жоспарым комиссия тарапынан қолдау тауып, 1 225 200 теңге мемлекеттік грантқа ие болдым. Бөлінген қаражатқа 3 тігін машинасын, қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алдым. Соның арқасында ісім ілгері басты, - дейді Рахила.

Оның қолынан шыққан көрпе-жастық, перде, камзолдар сияқты қажетті бұйымдар өзіндік ерекшелігімен көз тартады. Рахила үйінің ішінен ашқан шағын кәсібін үлкейтіп, алдағы уақытта оны тігін цехына айналдырамын деген жоспары бар.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы