ЛЕПСІ БАЛЫНАН САБЫН ӨНДІРІЛЕДІ. БІР ДАНАСЫ 4000 ТЕҢГЕ ШАМАСЫНДА

Уақыты: 28.09.2022
Оқылды: 1703
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алакөл ауданында ұйымдастырылған пресс-тур аясында журналистер Лепсі ауылында орналасқан «Лепсі өнімдері» ЖШС бал өңдеу зауытының қызметімен танысуға мүмкіндік алды.

Елдегі ісі іргелі өндіріс кешені 2016 жылы ашылған. Цехтың өндірістік қуаты жылына 300 тонна бал өнімдерін шығаруға жетеді. Тек пандемия әсерінен тапсырыс азайып, қазіргі уақытта қайта бірізге түсіп келеді. Бүгінде кәсіпорын 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.  Бұдан бөлек, екі адам Алматыда, үш адам Астанада жұмыс істейді. Олар тапсырыс алып, өнімді қабылдап, қажетті жерге жөнелтеді. Кәсіпорын отандық және шетелдік озық технологиямен жабдықталған. Балды құю мен орау процесі жартылай және толық автоматтандырылған.

Жақында ғана «Organic Standart» компаниясының сарапшылары Германиядан, Болгариядан келіп, тексеру жүргізген. Дүниежүзі мойындаған аталмыш компанияның талабынан өтіп, сертификат иеленген. Араға біраз уақыт салып сарапшылар тұрақты түрде келіп, тексеріп кетеді.

Компания басшысы Фархат Абузяровтың сөзінше, өнімдері елдегі ірі сауда орындарынан бөлек Жапония, Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмірлігіне жеткізіледі.

- 2018 жылдан бері бағаны көтермей келгенбіз. Қазір өздеріңіз көргендей, бәрі қымбаттады. Балдың қаптамаларына дейін бағасы өсті. Биыл амалдың жоқтығынан көтердік. Дегенмен, тапсырыс көбеймесе, азаймады. Өйткені біз таза табиғи өнім шығармыз, - дейді ЖШС директоры.

Өнімнің дәмі, иісі, құрамындағы пайдалы заттары толық сақталуы үшін өнім термо өңдеуден өткізілмейді. Бал 30-дан астам қаптамамен шығады. Зауыт балдан бөлек Лепсі тауының өсімдіктерінен дайындалатын денсаулыққа пайдалы, әсіресе, тері ауруларын емдейтін сабын, сусабын, бальзам, ванна тұзын шығаруды қолға алыпты. Сондай-ақ, бүлдірген, таңқурай, алма сынды жемістерден  тосап әзірлейді.

Осы орайда зауыттан шығатын сабынға ерекше тоқталуды жөн санадық. 2020 жылдың күзінен бері таза табиғи өнімнен жасалған сабын құрамында бал бар. Оларға жоғары сапалы зәйтүн, сафлор, какао, жажоба майы қосылады. Сонымен қатар, таудың гүлдері, Алакөлдің шунгиті, Жалаңашкөлдің балшығы қосылатын сабынның 11 түрі бар.

Бір ерекшелігі саумалды да қолданады. Сабын денсаулыққа өте пайдалы болғандықтан нарықтағы бағасы сапасына сәйкес келеді. Астанадағы дүкендерде сабынның бір данасы 4000 теңгеге сатылуда.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алакөл ауданы,

Жетісу облысы