САРҚАНДА ИДЕЯСЫ КӨП ЖАСТАР ЖЕКЕ КӘСІППЕН АЙНАЛЫСЫП ЖАТЫР

Уақыты: 29.11.2022
Оқылды: 1620
Бөлім: ОН САУСАҚ

Соңғы жылдары өңірімізде мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлікпен айналысып, өзгелерге үлгі болып жүрген жандар қатары, әсіресе, жастар қарасы көбейіп келеді.

Осындай мемлекеттің қолдауына ие болған жастың бірі сарқандық Бірлік Қаратаев аудан орталығында массаж кабинетін ашсам деген жоспарымен бөлісті. «QAZAQ MED Clinic» медициналық орталығының арнайы массаждық курсын тәмамдап, сертификат алып, дене уқалаудың 4 түрін меңгеріп шыққан. Бірлік қайтарымсыз грантқа массаждың арнайы төсегін, үстел, орындық, басқа да құрал-жабдықтарын, түрлі майын алып, кабинетін кәсіпке сай лайықтауды көздеуде. Күнұзақ кеңсе жұмысында отырып, арқа-басы құрысқан жандарға Бірлік Күнболатұлы қолжетімді баға ұсынбақшы.

Аталмыш грантқа ие болған тағы бір алғыр да еңбекқор жас – Мырзабек Әділжан өзгеше кәсіп түрін ашып, «биогумус» өндіруді бастамаққа ниетті. Кәсіпкердің сөзінше, калифорниялық шылаушындар кез келген шіріген органикалық заттарды, малдың қиын «жеу» арқылы жердің құрамын гумуспен байытып, құнарлы қара топыраққа айналдырады. Аграрлық салаға бағытталған ауданымыз үшін органикалық тыңайтқыштың бұл түрі өнімділікті арттыруда, үй шаруашылығы секторында табиғи таза өнім алуда өте үлкен артықшылыққа ие көрінеді.

Қаржылық шығынды көп қажет етпейтін кәсіп түрін ғаламтордан көріп, қызығушылығы оянған Әділжан бүгінде құрамында шамамен 60-70 мың қызыл құрты бар 2 шаршы метрлік биогумус сатып алып, кәсібін бастап кеткен.

«Келешекте шылаушындар көбейген соң ірі қалаларды көгалдандырумен, абаттандырумен шұғылданатын ұжымдарға, аудан тұрғындарына биогумус сатып, кәсібімді өркендетемін», – дейді жас кәсіпкер.

Заманның талабын тез ұғынып, соған сай қарекет жасасам деп жүрген жастың бірі – Арман Дәлелбек вендинг аппараттары арқылы таза ауызсу сатуды біраздан бері жоспарлаған. Біздің кейіпкеріміз Үкіметтің қайтарымсыз қаржысына ресейлік аталмыш аппараттың су сүзгілейтін екі данасын сатып алып, оның біреуін өзі тұратын көпқабатты тұрғын үйге, ал енді бірін көпшілік көп жүретін орталыққа орнатпақшы. 20 теңгелік ақша саласыз да құрылғыдан 1 литр таза су аласыз. Бір алғанда сыйымдылығы 19 литрге дейінгі ыдысты қойып, тіршілік нәрін толтырып алуға болады екен.

Арманның айтуынша қаланың орталық су жүйесіне қосылған аталмыш аппараттың әрқайсысы күніне 5 мың литр су тазартуға қабілетті көрінеді. Бар болғаны ай сайын су сүзгісін ауыстырып тұрса болғаны. Осындай құрылғыларды сатуға маманданған ресейлік ұйым сонымен қатар аппаратқа қызмет көрсетуді өз міндетіне алып, үздіксіз жұмысына кепілдік ұсынған. Қала тұрғындары мен қонақтарын қолжетімді бағамен әрі ең бастысы сапалы ауызсумен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан Арман Беделбекұлының ісіне тек сәттілік тілейміз.

Міне, мемлекет тарапынан осындай қолдау мен қамқорлықты сезінген сарқандық іскер жандар қайтарымсыз қаржының арқасында мал бордақылау, қымыз, кірпіш өндіру, бөдене өсіру, тоқыма-тігін, аспаздық, жиһаз жасау сынды көптеген кәсіп түріне бел шеше кірісті. Бұл қарекет қылып, қам жасаудың, мол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың заманы. Сарқандық жастар осыны ұғынып, сан түрлі кәсіпке жоспар-жобасын ұсынып, мемлекет қаржысына ие болуда.

П.ЖЕҢІСХАН

Сарқан ауданы,

Жетісу облысы