ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ІРГЕСІНЕ БІРЕГЕЙ КЕШЕН САЛЫНДЫ - ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Уақыты: 13.12.2022
Оқылды: 2032
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қонаев қаласының іргесінде инкубациялық жұмыртқа өндіретін ірі кәсіпорын іске қосылды. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, еңбек ұжымына сәттілік тіледі.

«Nauryz Agro LTD» ЖШС-ның асыл тұқымды құс шаруашылығын дамыту жобасына жалпы құны 24 миллиард теңге жұмсалды. Жоба құрылтайшысы – «Aitas.kz» акционерлік қоғамы. Репродуктор нысанында жылына 80 миллион дана жұмыртқа өндірілмек. Заман талабына сай жабдықталған құс шаруашылығы облыс орталығынан 5 шақырым қашықта орналасқан. Жаңа кешенде қазіргі таңда 417 маман тұрақты жұмыспен қамтылған. Бірегей зауыт Қонаев пен Күрті арасын жалғайтын негізгі жол бойына салынған.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі өңірде құс шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударылып отырғанын, тиісті мекемелер тарапынан барлық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

«Алматы облысында тағы бір үлкен жоба жүзеге асып отыр. Жалпы, құс етін дайындау, жұмыртқаларды нарыққа шығару ісі облыста жақсы дамыған. Құс шаруашылығы бойынша республикада алдыңғы қатарда келе жатырмыз. Ашылып отырған нысанның маңызы өте зор. Алдағы уақытта мұнда 700 адамға дейін жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын заман талабына сай жаңа технологиямен жабдықталған. Еңбек ұжымының жұмысына мол табыс, сәттілік тілеймін. ісі алға басып, өркендей берсін», – деді Марат Елеусізұлы.

Облыс басшысы өз сөзінде қазірдің өзінде жүздеген адам тұрақты жұмысқа кіргенін, шаруашылықты ашқан серіктестік Қазақстанда аяғынан нық тұрған, басқаларға үлгі мекеме екенін алға тартты. Серіктестік әлемдік дағдарыс кезінде де өнімді жұмыс атқарған. Инкубациялық жұмыртқа шығаратын кешен де болашақта қанатын кеңге жайған, танымал зауыттың бірі болады деп күтілуде.

Салтанатты шарадан кейін Марат Елеусізұлы зауыт ішін аралап көріп, алдағы жұмыс жоспарымен танысты. Құс репродукторының өкілдері газбен қамту, электр желісін тарту және басқа да қажетті инфрақұрылымдар бойынша негізгі қажеттіліктер барын жеткізді. Облыс әкімі айтылған ұсыныс-тілектер ескерусіз қалмайтынын, тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.

Компания басшылығы дәл осындай кешенді алдағы уақытта Алматы облысының басқа да аудандарында ашпақ ниетте. Мамандардың айтуынша, мұндай репродуктивті орталық Қазақстанда бірегей болып саналады.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Алматы облысы