ҚАБЫЛБЕК ЕТІКШІ

Уақыты: 25.01.2023
Оқылды: 1427
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көрдің, әлде көрмедің,
Етікші атам бар менің.
Қартпын деп ол айтпайды,
Қол қусырып жатпайды.
Құрып алып малдасын,
Жалпақ басты балғасын,
Пышағы мен бізін ап,
Отырғаны қызық-ақ.
Қоңыр күзде, көктемде,
Қара жаңбыр төккенде.
Кетпесін деп сыз өтіп,
Тігеді ол бізге етік.
Бұл – Қадыр Мырза Әлінің «Етікші ата» деген балаларға арналған өлеңі. Етікші – аяқкиім тігетін ісмер. Етікшілік – екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп.  Бұл да шеберлік пен аса ыждағаттылықты қажет етеді.

Қапал ауылында осы кәсіпті нәсіп етіп келе жатқан «Қабылақ» жеке кәсіпкерлігінің иесі Қабылбек Жұмабекұлы деген азамат бар. 
Ол 2012 жылы қазан айында елге келген соң, жұмыс таппай аздап қиналады. Мал сатып алғанға қаражаты аздық етті. Ауылдың адамдары ерулікке шақырып, танысып,  «көппен көрген ұлы той» деп жүргенде, бір ағайынның үйіне барады.  Сол үйде ескі аяқкиімді қалпына келтіріп, жамайтын іс машинасына көзі түседі.  Сол үйдің үлкені кезінде осы іспен айналысқан екен. Кейіннен етікшінің қызметі  ешкімге керексіз болып, еңбегі бағаланбай қалған соң машинаны тазалап, жинап қойған көрінеді. Қабылбек осы істі бастауды ойлап жүреді.  Қыс түскенде екі қолға бір күрек іздеген етікші ойын іске асыруға бел байлайды. Ол кезде тұратын баспанасы да жоқ. Орталықтағы бұрынғы қонақүйдің иесімен келісіп, екі бөлмесін жалдайды.  Жұмысты да осы үйде  бастайды. Алдыңғы ескі іс машинаның иесімен келісіп, әртүрлі біз, түрпі, бақабас табан темір, балға, шеге, тістеуік, рант салғыш, тетір пышақ, тағы басқа  құрал-сайманды 75 000 теңгеге сатып алып, кәсібін бастап кетеді. Бірақ, аяқкиім тігуден тәжірибесі жоқ еді. 
Сөйтіп жүргенде  Ескелді ауданы, Балпық би ауылында тұратын етікші  Төлепхан деген азаматқа жолығады. «Іздегенге сұраған»  дегендей,  жағдайды естіген соң ол кісі кәсіпті үйретуге келіседі.  Істі  көзімен көріп, қолымен ұстап көрейін деп төрт-бес күнге барған шәкіртті ұстазы жібермей, айға жуық әбден үйретіп, қайтарады. «Осыны істетсең, сен ғана істетесің» деп бұйымның  ішкі астарын  және мәсінің сыртын тігетін екі ескі машинаны сыйға тартады. Сөйтіп, жарымен бірге ескі аяқкиімді жамап, қалпына келтіруге  кіріседі. Жұмыс жүрген сайын  адам күші жетіспеуге айналады. «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» дегендей, шәкірт тәрбиелеуге кірісіп, алдымен көршісіне аяқкиім жамау,  қалпына келтіру ісін үйретеді. 
– Былтыр жұмыспен қамту бөліміне барып, Үкіметтің кәсіпкерлерге берілетін көмегі жайлы білген едім. Қайтарымсыз грант бар деген соң бизнес жоспарымызды жасап, құжат тапсырып едік, ұта алмадық. Болашақта тағы да қатысып көреміз. Әзірге өз күшімізбен алға жылжып келе жатырмыз. Маған қазір  ауылдың белсенді, беделді азаматтары көмектеседі. Аяқкиімдердің қалыбын  көбейтіп жатырмыз. Бізді қинайтын тек шикізат.  Осы уақытқа дейін теріні Қытайдан алдыратынбыз. Тері ғана емес, етікшіге қажет  желім, жарғақ, мата, ине-жіп  Қытайдан жеткізіледі.  Ішкі терілерді  Текелі тері зауыты, сыртқы терілерді Алматы маңындағы Көкөзектегі тері зауытынан аламыз. Өткенде тері табылмай Тараз,  Екібастұздан алдырдық. Текелі тері зауыты қайта істеді. Кеше ғана сол жерден шикізат алып келдік. Түркиядан да тері алдыру жолдарын қарастырып жатырмыз», – дейді. 
Кәсіпкер өнімін әлеуметтік желі арқылы жарнамалайды. Көктемнен бастап қой терісін өздері  өңдемекші. Ісмер азаматтың арман-мақсаты көп. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі грант алуға жәрдемдессе ісін дөңгелентпекші. Кәсібін  нәсібі еткен ағайынға табысыңыз тасқындасын дедік

Ербол СЫМХАНОВ,
 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі  
Ақсу ауданы