ТІГІН ТІГУ – БІР ӨНЕР

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 2069
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп тегін айтылмаса керек. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібін дөңгелетіп жүрген жандарды елдің әр түкпірінен кездестіруге болады. Қанат жайған бұл үрдіс тек қалада емес, ауыл-аумақтарда да жандануда.

Қазіргі кезде кәсіпкерлікті дамытуға қыз-келіншектер де заман көшінен қалмай, барынша үлес қосып келеді. Соның бірі Сарқан қаласының тұрғыны Назигүл Батырхан. Ол құрақ құрап, тұрмысқа қажет бұйымдар жасауда саусағынан өнері тамған талантты шебер. Сондай-ақ, ол көпбалалы ана. Өнерінің арқасында қазір Сарқан қаласында танымал бола бастады. Іс ауқымын кеңейтуді мақсат тұтқан кәсіпкердің тұтынушылары да көп. Тапсырыспен ұлттық нақышта құрақ көрпе, жай көрпе, үй тұмары сияқты заттардың небір түрін тігумен айналысады.

Ұлттық тұмар Назигүлдің тігін шығармашылығының өзіндік ерекшелігі іспеттес саналады. Олардың әрқайсысы тек түстерімен ғана емес, мазмұнымен де дараланады. Тарихи отанына оралған Назигүл Батырхан тігін шеберлігін дамытуға бел буды. Жас ананың бес баласы бар. Олардың әрқайсысы назар аударуды қажет етеді. Назигүл бәріне уақыт тауып, үлгереді.

– Тігін тігуге бала кезден әуестендім. Қызығушылығым қуыршақтарға көйлек тігуден басталды. Өсе келе осы өнер түрімен айналысуға бел будым. Десем де, біраз үйрену қажет болды. Сөйтіп, тігін цехына жұмысқа орналастым. Ол маған тәжірибе жинауға септігін тигізді. Алдымен көрпе тіктім, содан кейін өзімді әртүрлі бағытта сынап көрдім. Қиындыққа қарамастан, бастаған ісім оң нәтижесін берді. Қазір көрпе, бас киім, қалыңдық жасауы, бәрі тігіледі, – дейді қолөнерші.

Кәсіпкер келіншек алдымен тек өзінің отбасы мен туыстары үшін ғана жұмыс істеген. Уақыт өте сүйікті ісі табыс әкелетін шағын бизнеске айналып, кәсібі алға жылжыған. Тұтынушылар тарапынан сұраныс көбіне Сарқан қаласының тұрғындарынан түседі. Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бірінші кезекте ол аудандық іскер әйелдер кеңесінің құрамына кіріп, әріптестерін нәтижелерімен қуантты.

Таяуда Талдықорған қаласында өткен «өңірдің тұрақты дамуындағы әйелдер бастамасы» өңіраралық іскер әйелдер форумына қатысып, жұмыстарын таныстырды. Форум аясында ұйымдастырылған «Құрақ көрпе» байқауының жеңімпазы атанып, 100 мың теңге иеленіп, диплом мен сертификатқа қол жеткізген көпбалалы ананың еңбегі осылайша бағаланды. Байқауға Жетісу облысы мен Алматы облысының 57 қолөнершісі қатысып, 150-ден аса жұмыс ұсынылған. Ісмердің айтуынша, бейне сабақтар оған көрпе тігу техникасын игеруге көп көмегін тигізіпті. Бір жарым жылда кәсіпкердің өнерлі қолынан 100-ге жуық көрпе тігілген.

Талабын шыңдап, шеберлігін ұштай білген Назигүл басқа өнімдерді есептемегенде бір жарым айда 10 құрақ көрпе тігуге мүмкіндігі жетеді. Ал бұрын ол үшін мұндай іспен шұғылдану оңай тимеген. Шынында құрақ бұйымдарын жасау шығармашылық ойлауды, шыдамдылық пен дәлдікті және уақытты қажет ететін үдеріс. Әртүрлі мата мен түсті біріктіріп, өрнек жасау ежелгі өнердің ерекшелігі. Бұл бір жағынан дәстүрлі, екіншіден үнемі жаңарып отыратын, үшіншіден мәдени мұраның ең құнды ажырамас бөлігі саналатын қасиетті іс.  

Айгүл Байбосынова
Сарқан ауданы