АЛЬСТРОМЕРИЯ АУЫЛДА ӨСЕДІ

Уақыты: 22.02.2023
Оқылды: 2192
Бөлім: ОН САУСАҚ

 «Альстромерия» – оның екінші атауы Перу лала гүлі. Оңтүстік америкалықтардың сенімінде «шапақ сынды гүл шоғырын Алланың адамзатқа жіберген сыйы» деп қалыптасқан түсінік бар. Бұл гүлді Еуропаға алғаш рет Швет бароны Клаус фон Альстрмер әкеліп, жерсіндіргендіктен гүлдің атауы соның есімінің құрметімен берілген. Еуропа тұрғындарының құрметіне бөленген гүл бүгінде жерлестеріміздің қуанышын еселеп, сыйластық пен достықты нығайтып жатқанына Көксу ауданы, Мұқыры ауылындағы Балжан Нүсіптің гүл өсіретін жылыжайын көргенде білдік.

Гүл өсіруді өткен жылдың ортасында бастадық. Жылыжай 4 сотық аумаққа орналасқан. Басында интернеттен аталған гүлге қатысты ақпараттарды қарадық. Сосын оның климатқа бейімділігіне, нарықтағы сұранысына,  баптап-күту мүмкіндігіне талдау жасадық. Көп ойлаып келіп, тұрғылықты жерде өсіруге болады деген сенімге келдік те жұмысты бастап кеттік. Себебі, бұл гүл тұқымнан көбейеді. Бір рет еккен тұқым үш жылға дейін өнім береді. Гүлдің бүршік жарғанынан, гүлдеп, тергенге дейін берісі бір жеті, арысы 10 күн уақыт кетеді. Гүлдің әр тамырынан 7-8, кейбірінен 10  талдан астам гүл шығады. Қазір Талдықорғандағы гүл сататын дүкендерге келісім бойынша жеткізіп отырамыз, – дейді Балжан.

Халқымызда: «Тәуекел түбі желқайық өтесің де кетесің» деген нақыл бар ғой. Былай қарасаң, қаладан алыстау, үлкен жолдан қиыс жатқан Мұқыры ауылынан гүл өсіретін жылыжай салу да үлкен батылдықтың нәтижесі. Айта кетерлігі, ауылдағы ағайындардың арасында: «Тек ауылда егін егіп, мал өсіруге ғана болады» деген түсінік қалыптасып қалған. Балжан Нүсіптің ұмтылысы осы түсінікті терістеп, ауылда да қаладағылардың сұранысын қанағаттандыратын кәсіппен айналысуға болатынын дәлелдеп отыр.

Бүгінде гүл өсіру отбасылық кәсіпке айналып кеткенін көрдік. Қазір бұл жұмысқа Балжанның жары Самат Жұмағұлов, енесі Асылқан Омарбекқызы да  көмектесіп тұрады. Бүгінде 5 баланы өмірге әкелген Самат мен Балжанның жұмысқа жарап қалған ұлдары Азамат пен Ерасыл бос уақытында жылыжайда жұмыс істеп, ата-анасына көмектеседі.

Әрине, Балжанның үйде босқа отырмай адал еңбекпен кіріс кіргізгені құптарлық іс. Ең бастысы, балаларын еңбекке баулыған өнегесі болашақта үлкен жетістіктермен өлшенетіні анық.

 – Қазір гүлдің дәл осы түрін өсірумен айналысатын жылыжай Жетісу облысында жоқ. Бұл да біздің жұмысымызды жетілдіруге сеп болып тұр. Алдағы уақытта жылыжайдың аумағын ұлғайтып, тағы да 5 сотық жерге гүл ексек деген ойымыз бар, – дейді Балжан Нүсіп.

Айта кетерлігі, Балжан кәсібін өз қаражатымен жүргізіп отыр. Дегенмен, мемлекет тарапынан қолдау танытылса, олардың кәсібі одан ары өркендей түсеті анық.

Қажет АНДАС,

Көксу ауданы