Темір тор сұранысқа ие

Уақыты: 18.04.2023
Оқылды: 1812
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Талдықорғанстройсетка K.Z.T» ЖШС 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Компания құрылысқа қажет темір тор түрлерін шығарумен айналысады.

Бүгінде компанияның біраз жылғы жинаған тәжірибесінің арқасында жұмысы алға басуда. Шеберханалары да заманауи үлгідегі жабдықтармен жабдықталған. Ол металдың кез келген түрін өңдеуге мүмкіндік береді. Тұтынушылар жеке қоймадағы темір сымнан жасалған құрылыс бұйымдарының кез келген түріне тапсырыс бере алады. Өнімдері жұртшылық пен ірі құрылыс ұйымдары арасында да үлкен сұранысқа ие.

Бүгінде компания бизнесті біртіндеп кеңейте отырып, жаңа бағытқа бет бұруда. Сондай-ақ, пластикалық терезе шығаратын цех ашу да ойластырылған. Ал бұл үшін қаражат керек. Осы ретте олар айналым қаржыны толықтыру үшін несие алуды көздеп, «Қазақстан Халық Банк» АҚ-ға жүгінді. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде аталған серіктестік субсидиялау құралы бойынша пайыздық мөлшерлемені 6 пайызға дейін төмендетіп, «Даму» қорының кепілдігін алды.

Цех шығаратын өнімнің негізгі түрлері бөлмелер мен лоджияларға арналған пластикалық терезелер болмақ. Кейіннен пластмасса бұйымдарының басқа да түрлерін шығару жоспарлануда.

Айгүл Байжұмақызы
Талдықорған қаласы