Сабынды саумалдан жасайды

Уақыты: 16.09.2023
Оқылды: 520
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қапал ауылында кәсібінің нәсібін көріп отырған  Нұржанат Ердәулет есімді кәсіпкер келіншек бар.  Ол ерекше іспен айналысады. Бет күтіміне арналған сабын шығарады. Қытай жерінен атамекеніне 2019 жылы табан тіреген. Қапалға қоныстанысымен жеке  кәсіппен айналысқанды жөн көріпті. Ол шетелде жүргенде балабақша тәрбиешісі болған.  Сабынды үйде тұтыну үшін жасаған.

Кейіннен қыр-сырын меңгерген. Емдік, косметикалық жақтарын зерттеген.  Сонымен жері құнарлы, емдік шөпке бай, малының сүті шипалы Қапалда кәсіппен айналысуға мол мүмкіндік туған.  Бұл кәсібін кеңейту үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына бизнес жоспарын ұсынған.  Егер палата  қолдап, грант бөлінсе сабын өңдейтін аппарат алу ойда бар.  Қондырғы сатып алса, кәсібінің дөңгелеп, ісінің жүретініне кәміл сенімді.  

– Адам  терісінің әдемілігін сақтау үшін  бетті ылғалдандырып, дәруменмен құнарландырып тұрудың мәні зор.  Теріге химиялық заттарды жақпау керек. Сондықтан кәсіпкер бетке арналған сабынды саумал, емдік шөп, сүт, айран, бал қосып жасайды. Олардың әсері әртүрлі.  Бал қосылған сабын жасөспірімдердің бетіндегі безеуді кетіреді. Микропты өлтіреді.  Ұл-қыздың балғын бетін сол қалпында сақтайды. Жылқы майына арша мен ермен қосып жасалған сабын теміреткі, қотырларды емдеуге арналған.  Айраннан жасалған сабын майлы бетті қалпына келтіреді. Сиырдың сүтінен жасалған өнім бетті бір қалыпты ұстап, кеуіп кетуден сақтайды.  Ал саумал қосылған  сабын әжімнің шығуын баяулатады. Бетті ағартып, ажарландырады. Ұсақ әжімдерді жояды, – дейді бет күтімін жақсы білетін кәсіпкер.

Нұржанат Алтынсарина ата-бабамыз жасаған қара сабынды да дайындайды. Мұндай өнім аллергияны жояды. Сондай-ақ, теріні тітіркену мен бөртуден сақтайды. Нұржанат  сапарлағанда  да өз сабынын алып жүретінін, қоспасы күмәнді затты терісіне жолатпайтынын айтады. Шындығын айту керек, кәсіпкер келіншектің бетіне қарап, сабынын алғың келіп кетеді.  Беті жас баланың  терісіндей балбырап тұр.  Қарай бергің келеді.

Кәсіпкердің айтуынша, табиғи таза өнімнен, оның ішінде сүттен жасалған сабынды  арғы беттегі ағайындар жақсы алады екен. Олар табиғи заттың қадірін  білетін көрінеді. Биыл облыс әкімшілігінің ұйымдастыруымен біраз кәсіпкер Қытай еліне барып, жәрмеңкеге қатысыпты. Сонда Нұржанат та өнімін саудалаған. Ол жақтағылар  қолдан, дәрумен қосып жасалған сабынды демде алып кетіпті. Жақын күндері Қорғаста көрші екі ел арасында тағы жәрмеңке өтпекші. Кәсіпкер өнімдерін сол жерде саудалауға  дайындап жатыр.  Тапсырыс берушілер көп. Грант арқылы аппарат алса сұранысты түгел орындайтынына сенімді.

Гүлжан ТҰРСЫН