Қи астындағы қисапсыз байлық

Уақыты: 25.09.2023
Оқылды: 3376
Бөлім: ОН САУСАҚ

Дәл қазір кәсіп деп кәдімгідей ойлансаңыз, көз алдыңызға не келетінін болжау қиын. Кешегідей қора-қора мал өргізіп, егіншілікті ынтасы сүйген жұрт көп те аз бүгін. Технократтанған заманыңызда қармағын «тренд» атты терең иірімге үйіре лақтыратын жұрт – тағы бір қауым. Міне, әзірге сондай жаңашыл кәсіпті тізгіндеген талаптың бірі – Тасқын Қыдырбек. Шылаушын шаруашылығын дамытуға мықтап ден қойған азамат. 

 

Жері құйқалы Жетісу өңірінде Ақсу ауданына қарасты Қапалы деген ауылдың барын жұрт біледі. Жоңғар Алатауының шуақты бір қолтығын тіршілікке тиянақтай қоныс тепкен сол ауылда бүгін Калифорнияның қызыл шылаушыны өсіріліп жатқанына біреу сенсе, біреу сенбес (шаруалар шұбалшын деп те атайды. Біз де мақала арасында осылай атауды теріс көрмедік – Қ.Қ.).

Сенбейтіні дейсіз ғой,  тау жағалаған елдің атам заманнан дәстүрлі мал шаруашылығы қолайына жағып, еңбектің қызыл алақанына құт болып қонатыны рас. Сүйекті сөзін «Біз мал баққан елміз» деп бастайтыны да содан болса керек-ті. 

Ал біз көсіліп жазғымыз келген кейіпкеріміз болса өзін «адам істегенді адам істей алады» деген қағидаға тастай ғып байлаған, ойға алған бағыты бойынша арнайы оқып игерген жігіт. Қазірде Жетісу облысы бойынша шылаушын шаруашылығын қарап-қадағалайтын екі жауапты жеке тұлғаның бірі де осы – Тасқын. 

Табысымның 20 пайызын ауылға аударып отырамын 

Тура осылай айтады ол. Ауылдың кетігіне ең кемі бір азамат болса да кірпіштей қаланса дейді. Баяғы хакім айтқандай.  Тәуекелшіл жігіт бұл сөзді айтпас бұрын да көп адамның «миына сыймайтын» қадамдарға барады. 

Мәселен, «қора-қора қойы бар» дегендей, қорасы толған 600 бастай қойы мен біраз ірі қарасын, тіпті, алғаш шаруашылығын жолға қойған фазендасын да қоса сатып, жыбырлаған қызыл құрттан болашағын көрген кәсіпкер. Әл-әзірге одан құйылып ақша түспейтінін, оның жемісі әркімнің қолында піспейтінін де біліп барған кешегі ұстаз да өзі.

Расында жаңсақ естімедіңіз. Әсте кейіпкерімізді «ұстаз» деп жорта айтып та тұрған жоқпыз. Анығында ол – Астанадағы беделді университеттердің бірінен оқуын тамамдап, қазақ әдебиеті пәнінен дәріс берген білікті ұстаз. Оның «ақ көйлек» қызметтен кетуіне бала кезіндегі кәсіпке деген құштарлығы, оның ар жағында елге пайдам тисе деген асқақ арманы жатыпты. Сол үшін бұл кәсіпті алғаш естіп-танып бастағанда есіне ауылы түскен. 

Сөйткен Тасқын Астанаға 12 жыл бұрын қоныс аударған ата-анасына ауылға қайтып, жаңа кәсіп ашқысы келетінін жеткізеді. 

– Біреу сенер, біреу сенбес. Мен де осы кәсіпті таңдағанда бірден  ауылым ойға келді. Кәсіптің қазығы сонда қағылып, оның игілігі елге тиуі керектей көрінді. Сосын да осы шаруам оңына басып, ісім ілгері жүрсе тапқан табысымның 20 пайызын ауылға аударып отырам деп өз-өзіме серт бердім. Бұл ойымды, тіпті, жергілікті әкімдікке де жеткізгенмін. Ол қаражат тек ауылды гүлдендіруге арналса деймін. Мен осылайша ауылыма уәдемен келдім, – дейді талабы таудай Тасқын. 

Ол қойған талаптың бірі осы болса, екіншісі тіптен ауқымды мақсатты көздеген. Орта Азиядағы ең мықты органикалық тыңайтқыш шығарушы елге айналсақ дейді. Басқа елді атамағанда жапонмен робот техникасын, кәріс-қытаймен көлік, техника өндіріп дәл қазір оза алмаспыз, бірақ мал және ауылшаруашылығына қатысты осы дүниеде біз озық тұруымыз керек дейді жас талап. 

Ол үшін бүгінде республикалық деңгейде алғышарттары жасалып жатқанға ұқсайды. Қазақстан бойынша  арнайы кооператив құрылып, заңдық нормалар реттелуде. Мұның пайдасы өндіріс құқықтық тұрғыда дұрыс жолға қойылғанымен қатар  өнімнің өту мүмкіндігі де жоғары болмақ. 

Мұндай тізе қосып, ниет біріккен жұмыстың ақжолтай сүйіншісі де жоқ емес. Парламент Мәжілісінің депутаттары биылғы еңбек демалысының алдында органикалық тыңайтқыштар мәселесін билік мінберінен айтып, 2028 жылға қарай қолға алынуы тиіс заң жобасы 2025 жылға ауыстырылған. Онда аталған тыңайтқыш түрін өндіруші мен өндірілген өнімді шаруашылығында пайдаланған шаруаның өніміне де субсидия мәселесі қаралатынға ұқсайды.

Осы аралықта, сіз, біз таныстырып отырған кейіпкер мен оның кәсібінің келешегіне сене бастасаңыз, ары қарай бұл бизнестің ұңғыл-шұңғылын бірге зерделеп көрелік.

«Тамағын» тойғызсаң сені де тойғызады

Бизнес әліппесінде кәсіп иелері көп қолданатын,тұтас мақаланың «есігіндегі» жұмбақ кілттей бірлі-жарым терминді таныстырсақ дейміз. Әуелгісі, әрине, шұбалшын «өңдеген» өнім – биогумус. 

Кәдімгі сіз супермаркеттерге барғанда көбінде кіреберіс бұрышқа гүлдермен қатар жайғасатын түрлі қалталардағы органикалық тыңайытқыштар ше? Ашып көрген болсаңыз, түсі қоңыр да иссіз болушы еді ғой. Жайшылықта қала тұрғындары гүлге де осы өнімді қолданады. (Ресейден келеді көбі – автор.). Әзірге сол деп түсінсеңіз, ағаттық емес. Шетел тілімен айтқанда «вермикомпост».

«Вермикомпост» демекші, осындағы компостыңыз – малдың көңін үздіксіз аударыстырып әрі бұл әрекетті жеті реттен кем емес мөлшерде қайталаудан шыққан өнім. Оның қағидасы – құрамындағы зиянкес тұқымы мен түрлі бактерияларды өлтіре отырып, улы газын шығарып дайындаған өнім деуге болады. 

Осы Еуропаның әспеттеп «компост» деп атайтын өнімі қазақтың ұзақ жылдық «қарашірік» деп егістігіне төгетін қара көңімен «туысады». Екеуінің де артықшылығы – құнарлы, себілген жерлеріне арамшөп аз шығады. Ал қора жағдайында жаңадан жиналған мал тезегінің айырмасы, құрамында арамшөп тұқымы көп кездесуімен қатар қышқылдық мөлшері көп болғаннан егіске зияны басым. 

Ал шылаушын өсіруде «компос» оның тамағы деуге болады. Бұл жерде компосты қордаға сабан немесе басқа да өсімдік жапырықтары секілді құрамында егінге пайдалы элементтері бар табиғи қалдықтарды араластыра отырып дайындайды. Бірақ дайын қорданы сабанмен араластыру барысы жеті реттен артық болмау керек. Қызыл құрт жейтін «тамақтың» жоғарыда атаған «вермикомпостан» ерекшелігі де осы. 

Дәлірек айтқанда, жеті реттен артық араласқандағы өлетін заттар  шұбалшынның тамағы деуге болады. Сол үшін компосты дайындауда қорда жеті реттен аз аударыстырылады. Сосын дайын болған өнімді алдын ала әзірленген жазық жерде арасын мұқият өлшеп, қаз-қатар жондап төгеді. Әр уақыт арнайы тартылған құбыр желісімен дымқылдандырып отырады. Осы ылғалдықты сақтау үшін бетін қалыңдап сабанмен жауып тастайды. Бұл өмір сүру мен тамақтануға арналған ұзына-ұзақ қоян жондалған дайын «тұрақ», жаңылмасақ, «бур» делінеді екен.  Мұны «тұтынған» жауынқұрты тез көбейіп, дайындайтын өнімі – биогумус та жылдам қалыптасады. 

Ал әзірге осы бірді-екілі терминді сізге таныстыра отырып, кейіпкерімізді тағы да сөйлете түсеміз. Біздің бұл кәсіптің қауіпі мен тәуекелі туралы сұрағымызға тағы бүй дейді Тасқын Қыдырбек: 

– Біз өсіріп отырған Калифорния шылаушыны 1959 жылы арнайы мутацияға ұшыратылып шығарылған. Мұның артықшылығы туралы айтсам, өзім де таңғаламын. Қарапайым қазақ даласындағы жауынқұрты  3 жыл өмір сүрсе, бұл 18 жыл тіршілікке қуатты. Екі аптада бір жұмыртқа тастайды. Бір жұмыртқадан 20 шылаушынға дейін шығады. Нәтижесінде біздікі бір жылда 6 шылаушын болса, бұл бір жылда 1500-ге дейін жетеді. Бір құрт өлгенге дейін бір жарым тоннадай өнім өндіреді екен немесе күніне өз салмағымен тең биогумус шығарады. Себебі, мұның әу баста өзгеріске ұшырағандағы мақсаты да тез көбею, сосын мол «өнім» беру болған. Сонымен бірге, бұл жәндік ауруға шыдамды. «Тамағын» тойғызсаң сені де тойғызады, – дейді тілге шешен бұрынғы әдебиет пәнінің мұғалімі. 

«Тез өседі» дегеннен шығады. Интернетке кірсеңіз ирелеңдеген тіршілік иесі жайлы иіні толған ақпарат. Бәрінде жауынқұртының бір қызық түйсікке ие екені айтылады. Әуелде мұны мутацияға ұшыратқан ғалымдар ол жағын ойлады ма, ойламады ма белгісіз. Ал анығы – ол көбею мен биогумус өндіруде тамаққа саналы түрде тәуелді. Бейне қорда астындағы «мешкей» дерсіз.

Егер «ас» қоры шектен тыс көп болса ол бірден «бізде астық жеткілікті, мұны тауысу үшін көбеюміз керек» дегендей, жылдам жұмыртқалап өсе бастаса, ал азық шекті болса, тек қана «жұмыс» жасап, белгілі деңгейде ғана көбейеді екен. 

Үйінді астындағы 250 миллион

Біз шаруашылықпен танысу барысында калифорниялық жәндіктің жұмыртқасын да көрдік. Шайға бөрткен тарыдан сәл үлкен демесеңіз, ішінен бір жолда жиырма құрт шығады дегенге сену қиын. 

Сенбейін десеңіз, қорасындағы қойын құртқа «айырбастаған» жас бизнесмен айтып тұр. Өзі де оның әзірге көбею инстингін «қолдап» отыр, сатылымға әлі ешбір өнім шығармаған. Бір жыл бұрын 4 миллионға алған қызыл құртты 25 кв. метр жерге жіберсе, бүгінде олардың көбейген аумағы 2000 кв. метр жерге жеткен. «Алда-жалда бұл шылаушынды сол есеппен сатар болсам, мына сіз көріп тұрған  қатар-қатар «боқ үйіндісінің» астында 250 миллионның шылаушыны жатыр», – дейді күліп. 

Ол әзірге өсіру бағытын таңдағанымен (өсіру бағытында да белгілі мөлшерде жақсы органикалық өнім алынады – ред.) оны сатудың тиімсіз екенін, сатамын деген күннің өзінде бағанағы 250 миллиондай бағаны ұсынатын адам жоқ екенін айтады. 

Оның айтуынша, мәселе тіпті ақшада емес. Шылаушын сату – бүгінгі ұсақ мақсатты адамдардың кәсібі дейді ол. Оны күнделікті сату-сатып алуға арналған телефоныңыздағы «OLX» қосымшасынан да көптеп көруге болатынын айтады. Қарап көрдік. Қаптап тұр. 

Бәсекеге қабілетті, үлкен мақсаты бар адам олай істемейтінін айта келіп: «Біз жұртқа белгісіз аралға келіп кемемізді жағып жіберген адамбыз, қайтар ізі жоқ» дейді бір шындықтың шетін әзілге сүйеп. 

– Мен бұл кәсіпті қолға алғанда оның жақсы табысымен қатар елге, жерге тигізер пайдасын ойлап қызыққанмын. Бұл 100 пайыз экологиялық таза өнім болғандықтан жерді тыңайтуда пайдасы зор. Өздеріңіз білесіздер,  қазір Қазақстанда жер мейлінше тозған. Баяғыдай жерді «демалтып» пайдалану деген жоқ. Ол аздай, түрлі химиялық тыңайтқыштармен топырақ қабатының құнарын жойып жатырмыз. Ал биогумус топырақ құнарын арттыруда кәдімгі мал көңінен де пайдалы. Иіс болмайды. Қатырмалы түрі мен сұйық түрінде де қолданылады, – дейді кәсіпкер.

Оның бұл бастамасына күмәнмен қарап, көзге көрініп тұрған байлығын «жоқ» қылғанын түсінбегендер де көп. Ауылдың той-томалағы мен өлім-жітімінің «қызығы» Тасқынның кәсібі болған. Ал ол болса шамырқанудың орнына «мұндай сөздер мені қайрайды» дейді. 

Тиісінше, оны қолдап, оған рахметін айтатын ауылдасының қатары көбейіп келеді екен. Себебі, ауылдың бұрында бықсып жататын көң-қоқысы, сақ-салаңын бүгінде Тасқын мен інісі екеуі тасып әкетіп жүр.     

Алғашында тегін алып кетіп жүрсе, қазір көліктерінің жанар-жағармайы үшін бір «КамАЗ»-ына 4000 теңгеден алады екен. Шаруашылығы ауылдан 20 шақырымдай жерде болғандықтан осылай істегені айтпаса да түсінікті. 

Жақында шаруашылығын ауылға жақын өз иелігіндегі жерге көшіріп әкелем деген жоспарын да айтты. Бүгінде ол жерге 350 «КамАЗ»-дай компостқа керекті шикізат жинаған. «Алдағы мақсат – осы қорданы игеріп, шаруашылықты одан әрі дамыта түсу» – дейді кейіпкеріміз. 

Осы ретте талабы таудай Тасқынға, ауылым көркейсе деген азаматқа біз де тілекші болып қайттық. 

Қозыбай ҚҰРМАН