Қазір Панфилов ауданының егіншілікпен шұғылданатын қайсы ауылына барсаңыз да қырмандарында төбе-төбе жиналған сары алтындай жүгері дәнін көресіз.
Егін жинау науқанына тыңғылықты әзірленген қожалықтар қазан айының соңғы онкүндігіндегі нөсерлі жауында сәл тосылса да күн ашылысымен уақытпен санаспай еңбек етуде. Жанкешті жұмыстың нәтижесінде қазан айында өңірде өсірілген 15 мың гектардан астам «дала аруының» дәні қырмандарға тасып алынды. Бұл ауданда өсірілген барлық жүгері алқабының жартысына жетер-жетпес көрсеткіш. Көктемдегі күн райының салқын болуы, таудан келетін қар суының жылдағыдан азайғаны кедергі келтіргендіктен биыл шаруалар егінін әдеттегіден кешеуілдеп егіп, «дала аруының» дәні қазан айының басында ғана пісе бастап, егінге орақ жылдағыдан бір ай кешеуілдеп салынды.
Өкінішке қарай, шаруалар алажаздай маңдай терін сорғалатып жүріп өсірген егінінің отбасына беретін пайдасын көре алмайтын сыңайлы. Күн салқындап кеткендіктен дәнді қырманда кептірудің мүмкіндігі аз. Шаруасы шалқыған ірі шаруашылықтарда болмаса, жалпыда дән кептіретін арнаулы құрылғылыр жоқ. Жығылғанға жұдырық демекші, биыл жүгері өнімін тиімді бағада сатудың сәті де болмай тұр. Өңірдегі жүгері өнімін алатын «Крахмал-сірне» зауыты биыл әр келі уатылған «дала аруының» дәнін 15 пайыз ылғалдылығымен 80 теңгеден алуға баға белгілеген. Ылғалдылық одан жоғары болса баға да төмендей бермекші. Жүгерінің әр тоннасын 80 мың теңгеден өткізген күннің өзінде шаруаның егін егіп, өсіруге жұмсаған шығынын бұл қаржы толық жаппайды.
Өткен жылы жүгері келісінің бағасы 120 теңгеге дейін көтерілген болатын. Соның өзін азсынған кейбір ауылдардың шаруалары өнімін көктемде қымбатқа сатамыз деп көктем мен жазда алушы табылмай сан соғып қалғанын жұрт біледі. Соны ойлаған егіншілер қазір собықты жүгері өнімінің келісін 50-60 теңгеден қырмандардан сатуда. Туындаған мәселенің төркіні биыл Ресейден біздің елге бидай мен жүгерінің көптеп кіріп, бағаны түсіргенінде болып тұр.
Мырзағали Нұрсейіт
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ