Өңірге келген облыстық «Jetіsý» газетінің тілшілері сапарын Көктал кентінің іргесіндегі «Көктал-Агро» ЖШС-нің 1150 сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасының жұмыс барысымен танысудан бастады. Журналистерді серіктестік басшысы Жәнібек Оқанов қарсы алып, қонақтарға алдымен сүт фермасы және жалпы шаруашылық туралы ақпарат берді.
Жаңа озық технологиямен салынған серіктестіктің тауарлы-сүт фермасы жалпы 28 гектар аумақты алып жатыр. Ол 2020 жылдың соңғы айында пайдалануға берілген екен. Ферманың өндірістік бағыты – сүтті, етті мал шаруашылығы саласын дамыту. Фермада 1150 ірі қара бағылады, оның 650 басы қазір сауылып тұр. Күн сайын әр сиырдан орташа 25 литрден сүт сауылып, жалпы 13 тонна сүт өндіріліп, оның әр литрін 285 теңгеден Алматы қаласындағы «Фуд Мастер» ЖШС-не өткізеді. Жарты жылда ферма сауыншылары 2686 тонна сүт сатып, одан 700 миллион теңге табыс тапқан екен.
– Бұл жетістігімізге басқарушы зоотехник Әлия Серікбаева, сауыншы Жанар Утарова, бақташы Бақыткелді Далабаев, бұзау бағушы Жібек Абдолда, тағы басқа еңбектестеріміздің қосқан үлесі ерекше, – дейді оператор Ернар Алтынбеков. – Бізде барлық жұмыс компьютер арқылы басқарылады. Тіпті сауын айналымына енген әр сиырдан қанша литр сүт сауылғанын, оның майлылығының мөлшерін бірден монитор арқылы біліп, тіркеп отырамыз. Әр сауында бір сиырдан орташа 25 литр сүт алынады дегенімізбен кейбір малдың 28-30 литрге дейін сүт беретінін көріп жүрміз. Менің негізгі міндетім, фермадағы 1150 сиырдың қайсысы қашан бұзаулайтынын, қашан ұрықтандырылатынын, әр малдың қанша сүт беретінін, оның майлылығын, төлінің өсу үрдісін, тағы басқа осындай ғылыми шараларды анықтап, күнделікті бақылап, арнайы журналға хаттап, сол бойынша қызмет түрлерін ұйымдастыру.
Фермада бір сәтте 36 сиыр сауынға кіретін айналмалы сауын (карусель) аппараты қойылған. Ол арқылы бір сауымда бір сағатқа жуық уақытта 650 сиыр түгел сауылып болады.
Серіктестіктің 1269 гектар жері бар. Оның 1119 гектары егістік алқабы, 150 гектары жайылым. Тағы 4 гектар жүгері сұрыбын сынақтан өткізетін телімде өздері өсіретін жаңа тұқымдардың жерсінуі мен өнімділігін бақылайды. Негізінен тауарлы-жүгері сұрыптарын өсіріп, «дала аруы» өндірісінен жылына 10 000 тонна дән жинайды. Серіктестік 600 гектар жердегі егістігін тамшылатып және жаңбырлатып суарып, жаңа технологиямен өсірген көпжылдық шөбі мен жүгері балаусасынан алғашқы жартыжылдықта сауын сиырларды азықтандыруға 950 тонна сүрлем, 4500 тонна пішендеме дайындаған.
Серіктестік басшысы Жәнібек Оқанов соңғы жылдары ағын судың азаюына байланысты барлық егістік алқабын жаңа интенсивті технологияға көшіруді көздеп отырғанын жеткізді. Сол үшін арнайы жоба жасап, СПК арқылы 6 пайыздық жеңілдікпен 280 миллион теңге сұрапты. Мақсатты істі жүзеге асыру үшін қосымша шаруашылықтың өз қаржысын да жұмсау жоспарланған. Өкінішке қарай, қолдан жасалған әртүрлі бюрократиялық кедергілер көлденеңдеп, интенсивті жоба бойынша жеңілдетілген несие алу кешеуілдеп келеді.
– Біз 300 гектар жүгері мен 300 гектар жердегі жоңышқамызды жаңбырлатып суарып келеміз. Бұл тәсіл алдымен табиғи өзгерістерге байланысты тапшы бола бастаған жерүсті суын үнемдеуге өте тиімді. Сонымен бірге жаңбырлатып суару әдісі бір тәулікте 70 гектар егістікті суаруға мүмкіндік беріп келеді. Дәстүрлі түрде қолмен суарғанда 70 гектар жерге сушылар жарты ай уақытын кетірер еді. Егін суару жұмыстарын кешеуілдетпей интенсивті жаңа технологияға көшіру облысымыздағы барлық шаруаларға тиімді болмақ, – дейді серіктестік басшысы.
Серіктестіктегі тағы бір жаңалық – алдағы уақытта элиталық жүгері тұқымдарын шығаруды қолға алмақшы. Бұл үшін шетелдік және отандық ғалымдар мен ҒЗИ бірлесіп, арнайы жаңа жобалар жасамақшы.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ