Жасөспірімдерді қолөнерге баулиды

Уақыты: 09.01.2024
Оқылды: 1809
Бөлім: ОН САУСАҚ

Өз ісіне берілген Мақсат Досатаев жас кезінен ағаш өңдеумен айналысады. Қолөнерді меңгерген ол енді жастарға бар білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісуде. 

Мақсат Досатаев Қапал ауылындағы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Мектеп кабинеттерінің бірінде өз шеберханасы бар. Бос уақытында ағаш өңдеу шеберханасына асығады. Оның  шебер қолымен көптеген бұйым жасалды. Қолөнер шебері жануарлардың кескіні мен астау, кесе, тостаған, ожау секілді ұлттық тұрмыс заттарын жасауды ұнатады. Мақсат Досатаевтың айтуынша, ағашпен жұмыс істеу жүйкені тыныштандыруға септігін тигізеді. Шебердің ой-қиялы қолынан әртүрлі әдемі заттардың шығуына көмектеседі.

Осы жылдар ішінде бірталай шәкірт тәрбиеленді. Жоғары сынып оқушысы Рустам Телемісов бұл шеберханаға өзі келген. Бастапқыда жай ғана қызығушылығы болғанымен  кейіннен бұл іс оған ұнап, ағашқа ойып бастаған. Жақында Мақсаттың оқушылары мүсіндеудің жаңа түрін меңгерді. Мәселен, шәкірті Сардар Жақыпбек ағашпен қатар ермексазбен де жұмыс істеуді үйренген. Ол мұны өте пайдалы деп санайды және мұны жасаған кезде аса сабырлық керек екенін айтады. Ол өзінің сүйікті фильмдеріндегі кейіпкерлерді керемет дәлдікпен кескіндейді. 

– Кейіпкерлердің сыртқы келбетін фильмдерден, мультфильмдерден көремін. Бұл өте нәзік жұмыс, біріншіден, оған көп уақыт кетеді. Қазір мен Ахиллестің мүсінін жасап жатырмын, – дейді Сардар.

Балалар мектеп шеберханасына күн сайын келеді. Жас қол- өнершілер көрмелерге көптеген композиция дайындайды. Қолөнер шеберінің ізін баласы Ерқанат та жалғастыруда. Ол үйде де, мектеп шеберханасында да сүйікті ісімен айналысады. 

А. ЫБЫРАЙ
Ақсу ауданы
Фото: 24.kz