Сүт өңдейтін цех ашты

Уақыты: 16.01.2024
Оқылды: 1109
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кішішыған ауылында әуелде үй жағдайында 10 литр сүттен өнім дайындаудан басталған шағын кәсіп бірте-бірте кеңейтіліп, қазір жас кәсіпкер Назерке Қуанышқызы өзінің жеке цехын ашты.

Тәулігіне 700 литрге дейін сүт қабылдайтын цехта «NK» белгісімен шығарылатын 7 түрлі сүт тағамдары берісі Жаркенттің, арысы Алматының сауда желілерінде саудаланады. Абай Ибраимов пен Назерке Қуанышқызы 2 бала тәрбиелеп отырған жас отбасы. Олар экологиялық таза азық-түлік шығаратын шағын отбасылық кәсіп бастауды жуырда қолға алған. Бұл туралы отағасы Абай Ибраимов былай дейді. 

– Өзім туристік салада жұмыс істеймін. Зайыбым әке-шешемнің, балаларымның күтімімен үйде. Бір жағынан зайыбыма үйде отырып жасайтын кәсіп болса деген оймен, екіншіден, балаларымыздың түрлі зиянды қоспалары бар тағамдарға әуес бола бастағанына алаңдап, таза өнім шығарсақ деп шештік. Балалардың денсаулығы біз үшін ерекше маңызды. Қазір олар өз цехымызда өндірілген тағамдарды сүйсініп жейді. Цехтағы барлық шаруаға Назеркенің өзі жетекшілік етіп, жүргізеді. Ал мен көмек қажет кезде жәрдемдесемін. 

Назерке Қуанышқызы о баста 10 литр сүтті өңдеп, өнім жасаудан бастағанын, кейін 30 литрге жеткізгенін, бірте-бірте одан да көп көлемді өңдеуге болатынын біліп, арнайы цех ашқанын айтады. Сөйтіп, бүгінде үйінің жанынан арнайы тұрғызылған 40 шаршы метрлік шағын ғимаратта сүт тартатын сепараторлар, тоңазытқыштар, құрт кептіретін аппараттар орнатылып, іс ретімен дөңгелене бастаған. Мұнда күніне 500-700 литр сүт қабылданады. Сүтті Жаркент қаласының және Алматы облысы Шарын ауылының жеке шаруашылықтары жеткізеді, ал шикізат мұнда ветеринар мамандардың анықтамасының негізінде, сол сияқты сүттің майлылығын өлшейтін арнайы құрылғымен тексеру арқылы қабылданады. 

– Орта есеппен тәулігіне 25 келі кілегей, 25 келі құрт, 15 литр айран, 5 келі ірімшік, 5 келі сүзбе, 3 келі сары май жасалады. Оған қоса, тапсырыс бойынша жент те дайындалады. «NK» белгісімен шығарылатын тауарлар Алматы қаласындағы 4 сауда орталығында және Жаркент қаласындағы 7 сауда дүкенінде сатылады. Нарықта өз тұтынушыларымызды таба бастадық, – дейді Назерке Қуанышқызы. 

Қазір 10-ға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтыған цех болашақта іргесін кеңейтіп, қосымша құрылғылар алып, өнім көлемін арттыруға ниетті. Ол үшін «Ауыл аманаты», «Бір ауыл – бір өнім» сияқты ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып көрмек. 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі