Бөдене берекесін тасытты

Уақыты: 21.01.2024
Оқылды: 1014
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ауылдағы халықтың табысын арттыру, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша қатыстыру, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз жұмысын бастады. Жемісті бағдарлама нәтижесі көпшілікті қуантуда. Оған Көксу ауданы Ақтекше ауылының тұрғыны Ерболат Сламханның кәсіпкерлік бастамасы дәлел. 

Бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі әлдеқайда төмен. Жалпы, несиенің мерзімі 5 жыл. Ал мал шар-уашылығы және ауылшаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін несие алуға мүмкіндік бар. Несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Сондай-ақ, номиналды сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды кепілмен қамтамасыз етіледі. Осыған дейін бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарының мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі болмаған. Аталған жоба бойынша кәсіптерін бастаған ауыл азаматтары үшін бұл өте тиімді әрі пайдалы.  

Біз аталған бағдарлама негізінде кәсібін ашып, нәпақасын тауып отырған көксулық кәсіпкерлермен арнайы кездесіп қайттық. 

Берекесі мен бірлігі жарасқан Қабылиса ауылдық округіне қарасты Ақтекше ауылының тұрғыны Ерболат Сламхан «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көруде. Екі шаруашылықты бірдей қолға алған оның мақсаты айқын. Бүгінде бөдене өсіріп, сиыр бағып, бірнеше адамға жұмыс ұсынып отыр.

«Баптап бақсаң  бір уыс бөдене құсы да берекеге кенелтеді» деген ниетпен 3 мың бөдене асырауды қолға алған. Әзірге шаруаның құс фермасы шағын. Кәсіпкер 2 адамға жұмыс ұсынып, ауылдағы жұмыссыздық мәселесімен де күресуде. Ауыл тұрғыны Динара Жақыпбекова жолдасы екеуі құстарды баптап, өсіру жұмыстарымен айналысады. Жұмыртқа жинап, үш мезгіл жемшөбін береді. 

Бөдене құсын уақытында тамақтандырса тез жетіледі. Ауыл тұрғыны қазан айында 2 мың бөдене жұмыртқасын сатып алып, инкубаторға салып, қолдан көбейткен. Бөденелер 45 күн ішінде өнім бере бастаған. Қазір қорада 3 мың құс бар. Олардан күнделікті мың дана жұмыртқа жинап алады. 

– Бөденелер менің даусымды әбден танып алған. Мен қалай жүріп қозғалсам, олар да маған қарай ілесіп жүреді. Біздің жұмыс – уақытылы жемшөбін, суын беру. Қиын жұмыс емес. Бірақ жауапты. Еңбегімізге қарай табысымызды аламыз. Осы жерде жұмыс істеп, бала-шағамызды бағып-қағып отырмыз, – дейді Динара Жақыпбекова.  

Біле жүріңіз

Бөдене құсының еті мен жұмыртқасы денсаулыққа өте пайдалы. Жапонияда әрбір бала күніне екі бөдене жұмыртқасын жейді. Ал тарихқа үңілсек, Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне жұдырықтай ғана бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызған екен. 
Жұмыртқа демікпе мен туберкулез, қан қысымының түсіп жоғарылауына, бүйрек пен өкпе, асқазан, ішек ауруларына таптырмас ем. Тіпті қабыршағының өзінде адам ағзасына пайдалы 27 микроэлемент бар. Ал жұмсақ, ақуызға бай әрі холестеринсіз еті салмақ көтере алмай немесе семіздікке ұшыраған жандарға таптырмас тағам. 

Ерболат Сламхан 3 ай бұрын бағдарлама аясында 8 миллион 300 мың теңге несие алып, құс, мал шаруашылығының жұмысын дөңгеленткен. Қазір екі шаруашылықты кәсіп етіп отыр. Қорасында 30 шақты ірі қарасы бар. 

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы біз үшін өте жақсы көмек болды. Ауылда тұрғаннан кейін мұны да бір тәжірибе қылып көрейік деп несие алып, өз кәсібімді бастап кеттім. Адам денсаулығына пайдалы болғандықтан бөдене асырауды былтырғы жылдың аяғында қолға алдық. Алдағы уақытта құстардың санын 10 мыңға жеткізу жоспарда бар. Жалпы, бөдене нағыз табыстың көзі. Жұмыртқаны қаладағы мейрамханаларға өткіземіз. Бір жұмыртқаны 35 теңгеге бағалаймыз. Аталық құсты көбейту бізге пайда әкелмейді. Сондықтан  аталығының етін сатамыз. Оның келісі 3 мың 500 теңге. Қысқасы, алақандай ғана құстың пайдасын жалғыз емес, ауылдастарыммен бірге көріп жүрміз. Кәсіп көзін ашып, нәсібін табамын деген ниеттес жандарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып, кәсіп ашамын десеңіз, қорықпаңыз, тәуекел етіп іске кірісіңіз. Еңбек үнемі өз жемісін береді деп кеңес айтқым келеді, – дейді «Айерке» шаруа қожалығының иесі Ерболат Сламхан.

Қазір нарықта бөдене жұмыртқасы мен етіне сұраныс көп. Себебі, оның еті мен жұмыртқасы мың дертке дауа. Ал мал шаруашылығының пайдасын айтпасақ та түсінікті. Сондықтан ауылды жерде кәсіп көзін дамытып, ауылдастарын жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкердің жұмысына табыс тілейміз.

Айғаным АЙТМҰХАН