БАЛ ШЕТЕЛГЕ ЭКСПОРТТАЛУДА

Уақыты: 08.06.2024
Оқылды: 3407
Бөлім: ОН САУСАҚ

Сарқан ауданында 20-дан астам омарташы бал арасымен кәсіп бастап, несібесін тауып келеді. Солардың қатарында Екіаша ауылдық округіне қарасты Тополевка ауылында әке кәсібін жалғаған жас омарташы Сергей Питенко да бар. Ол өнімін шетелге экспорттап, жеке зертханасында жаңа асыл тұқымды араларды  жасанды ұрықтандырумен айналысуда.

Омарташылар отбасында дүниеге келген Сергей бала күнінен бұл істің қыр-сырын жетік меңгерген. Арнайы білімді де Мәскеу қаласынан алған. Әкесі өмірден өткеннен кейін кәсіпті тоқтатпаған.  Қазіргі уақытта бір маусымда 10 тоннаға жуық бал алып, Қытай, Дубай және еуропа елдеріне экспорттайды.  

Омарташы Австралия мемлекетінен алынған материалдарды пайдалана отырып, өнімділігі жоғары әрі агрессиясы жоқ асыл тұқымды араларды шығарып, сұранысқа қарай ел аумағында саудалауда. Кәсібінен нәсіп тапқан омарташы өз жұмысын жанындай жақсы көреді.

Омартамда негізгі тұқым ретінде «линия виктория» тұқымын қолданамын. Себебі ол аралар өте еңбекқор. Адамға деген агрессиясы төмен болады. Негізгі өнім экспорттан бөлек, Алматы қаласындағы өз дүкенімде сатылады. Дүкенде бал өнімдерімен қоса омарташылықпен айналысуға арналған қажеттіліктер де сатылады. Бұған қоса цифрлық технологиялар заманында әлеуметтік желілер арқылы да өнімімізді сатумен айналысып келеміз. Қысқасы, сапалы әрі денсаулыққа пайдалы өнім сатуда барлық мүмкіндікті тең қарастырудамыз. Егер осы кәсіпті бастауға ниетті азаматтар болса, көмектесуге дайынмын, – дейді кәсіпкер.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: 
gurk.kz