ДӘНЕКЕРЛЕУШІ

Уақыты: 07.07.2024
Оқылды: 2984
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қандай жұмыс істесең де оған ең әуелі жауапкершілік керек. Ыждағаттылық, төзімділік пен сенімділікті жаныңа серік етпесең істеген ісіңнің олқы тартып кететіні бар. Қомақты табысқа жету үшін таймайтын табандылық, кәсібіңнің шебері болуың маңызды. Ол дүние кейбіреуге уақыт өте келеді, енді біреу көздегеніне танбас талапшылдығының арқасында жетеді. Біз сұхбаттасып, суреттегелі отырған кейіпкеріміздің еңбекқорлығы көпке үлгі. Терін төге жүріп темірді теріше илейді.


Құрылыс алаңындағы жігіттердің жанкештілігі талайды қайран қалдыратыны анық. Күннің аптап ыстығына қарамай ыстық темірмен, бетон құятын ауыр қалыптармен арпалысып жатқанын бажайлау қара жұмыс істеп көрмегендер үшін бейнеттің бейнеті болып көрінуі әбден мүмкін. Ал, мұндағы құрылысшылардың оған еті әбден үйренген. Қақаған аязда да осы тірліктерін айна-қатесіз қайталап жүре береді.

Манат Белбеуов Алакөл ауданының тумасы. Биыл ғана 30-ға аяқ басқан азаматтың дәнекерлеуші болып жұмыс істегеніне 6 жылдан асқан. Осы кәсіп арқылы нәпақасын тауып, туыс-туғандарына қарайласып жүрген жайы бар. Дәнекерлеуші мамандығын Манат ең басында  ауылдастарынан үйреніпті. Артынша Талдықорғандағы №3 лицейде оқып, арнайы диплом алып шығады.

– Қазір байқап жүрмін, дәнекерлеуші мамандығын жете меңгеріп, осы сала бойынша білім алып жатыр деген жастардың қарасы азайған. Негізінде бұл таптырмас кәсіп қой, мұндай мамандарға сұраныс әруақытта да бар. Көбі ойлайды, қара жұмыс, табысы да мардымсыз деп. Сайып келгенде мүлде олай емес. Жалақым ұстаздар мен мемлекеттік қызметкерлердің айлығынан жоғары болмаса әсте кем емес. Кез келген жұмыстың өз ауыртпалығы болатыны сияқты, осы істің де өзіндік қиындықтары бар. Бұл салаға келген адам басында қиналуы мүмін, кейін қолы мен көзі үйренген соң бәрі жеңілдеп сала береді, – дейді ол.

Жұмырбасты пенденің тілі жалған айтқанымен жанары алдай алмасы анық. Манаттың жүзіне көзіміз түскенде өтірік айта алмайтынын, өткір мінезді, қайыспас қара нардай жігіт екенін аңғардық. Болмысы жуас болғанымен іске келгенде ширақ, шабан жүріске салмайтын шапшаңдығы туралы сөз ете кеткенді жөн көрдік. Жігітті қара жұмыс қайыстыра алмағанын еркін ойы, көсіле сөйлеп, сөз саптағаны дәлелдеп тұр.

– Ауыл баласымын ғой, ерте жастан еңбекке араласып өстік. Ал еңбектің жалпы адамзатты тәрбиелейтінін, жауапкершілікке баулитынын ақыл тоқтатқан азаматтар айтпай-ақ ұғады. Адамды жасаған жасы есейтпейді, адамды арқалаған жауапкершілігі есейтеді. Қазіргі уақытта ата-аналардың балаларын еңбекпен тәрбиелеп жатқанын көрмейміз. Еңбектеніп өспеген бала жоқ пен бардың, обал мен сауаптың қадірін білмейді. Маңдай терін төгіп үйренбеген адамның адал ас тауып кетеріне ешкім кепілдік бола алмайды, – дейді темірден түйін түйген дәнекерлеуші.

Әне, құрметті оқырман, көрдіңіз бе, не түйдіңіз?! Жалпы адамзат менменсіп, лауазымы жоққа тоқмейілсіп қарағанды ұнататыны бар ғой. Сол дүние тәкаппарланған талайларды құрдымға кетірген жоқ па?! Қара жұмыс істесе де Манаттың байламы асқақ, көңіл көкжиегінің кең екенін асыл ойы әріден ұқтырып-ақ тұрғанын аңғарайық та. «Елдің қамын ойлағанның жәрдемшісі Құдай» дейтін дана сөз бар. Соның осы жерде айтылып кеткені орынды болар.
 «Манаттың қолынан келмейтіні жоқ», – дейді қасында жүрген әріптестері. Арматура тоқып жүріп, қажет болса ағаш ұстасының да қызметін атқарып кете беретінін айтады. Мамандығы дәнекерлеуші болғандықтан жоғары кернеулі электр қуатымен дәнекерлейтін аппараттың қыр-сырын жетік меңгергендігін, берілген тапсырманы лезде орындайтын қасиетін басшылары да жоғары бағалайды.

– Барлық қызметте жұмысшының қағылез болғаны жақсы. Қоластымда 25 жігіт бар. Көбі өзінің саласы тұрғысында білім алып, арнайы оқуын оқымаған. Бірақ та барлығы дерлік жұмысқа келгенде аса ыждағатты, аянып қалмай жүктелген тапсырманы тыңғылықты орындайды. Соған орай жалақыларын да алады. Бригадам Асылан Байторин, Айдар Бұғыбаев, Әли Нұрғазинов, Қуандық Рақымжан, Ерік Тоқбаев сынды тағы да басқа азаматтармен жасақталған. Осылардың ішінде Манат Белбеуовты ерекше айтып өтсе болады. Еңбекқорлығы өз алдына, адамгершілігі мол азамат. Хәкім Абайдың сөзі бар ғой «Ортаға біліміңмен сыймайсың, мінезіңмен сыйысасың» деген. Айтқандай, Манат өте көркем мінезді, сабыры анша-мұнша нәрсеге сарқыла қоймайтын біртоға  жігіт. Сол қасиетімен ортамызда өзіндік ойып алар орны бар, қадірлі жанның бірегейі, – дейді жеке кәсіп иесі, бригадир Мәди Нұрғазинов.

Адамды тек адами қасиеті ғана алға сүйрейтінін бүгінгі жұрт түйсінгені абзал. Ал, оған жеткізетін еңбектің орны қашанда бөлек.

Манат отбасында 5 ағайынды. Бауырлары әр салада қызмет етіп жүр. Адал еңбек иесі бірге туған бауырдың бар болғанын, тіршілігінде олармен сыйласып өткеннен артық бақыт жоқ екенін алға тартады. Шын жаны ашитын, қуанышыңа риясыз бірге қуана алатын бір туғаның ғана, оның орнын ешкім де алмастыра алмайды деп айтқанынан танбайды.

– Қазақта «Артқы айылдың батқанын иесі емес, ат білер, ер жігіттің қадірін жақыны емес, жат білер» деген аталы сөз бар. Астарына үңілсеңіз, көп мәселенің түйінін шешетін ой жатқанын байқауға болады. Қысқа ғана ғұмырында бір-біріне дұшпанынан бетер өшігіп жүрген ағайындылар қаншама. Есті жанның жүрегін ауыртатын түйткіл ғой бұл. Іні ағадан алыстап, аға ініден безініп опа таппақ емес. Арадағы татулықты сақтағанда ғана тасымыз өрге домалай бермек, – деген орда бұзған азаматтың ойы осылай өрілді.

Көп адам Манаттай ойласа, Манаттай толғанса талай үйдің түтіні түзу шығар ма еді дедік іштей. Дәнекерлеушіден мұндай алтынға бергісіз сөзді күтпедік те. Алайда ақиқат осылай өрбіді.

Құдай берген тағдырды әспеттеп жазып түгесілте алмаспыз. Қазақы болмысын қаз-қалпында сақтай алатын, парқына жетіп мақтан тұтар жастардың қарасы көбейе берсін. Ел ерлерінің тапқан табысы берекелі, ішкен асы адалынан келсін деп тілек еттік.