ИТТІҢ ТІЛІН ТАПҚАН

Уақыты: 08.07.2024
Оқылды: 262
Бөлім: ОН САУСАҚ

Тақырыпқа қарап шошудың қажеті жоқ. Тек таңдану керек шығар?! Себебі, ит адамның, адам иттің тілін ықылым заманнан ұқпайды. Бірі сөйлемейді, екіншісі сөйлейді. Тілсіз бен тілдінің «тілдесуі» санаға да сыймайды. Бірақ, түйсік деген бар. Соған иек артқан жан таспен де тілдесер-ау.


Сөз басы айғақтағандай, иттің тілін тапқан жан Мадияр Әділжан. ҚР ҰҚК Шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шегара басқармасының «Сарқан» шегара бөліміне қарасты «Басқан» шегара бөлімшесінің жауынгері. Ефрейтор М. Әділжан Сарқан ауданында 2001 жылы дүниеге келген. Отан қорғау атты ұлы борышты орындауға аттанып, Алматы облысындағы Қарой ауылындағы ҚР ҰҚК Шегара қызметі, Қызметтік кинология басқармасында «итпен тілдесуге» машықтанады. Сол маңда жерлесіміз «Харгрой» атты қызметтік итті тәрбиелеп, ел шегарасын қорғауға аттанады. Осылайша сарқандық бозбала «Басқан» шегара бөлімшесіне бағыт алады. 

Ефрейтор Мадияр Әділжан 1,5 жасар төбетімен осы маңдағы Қытай-Қазақстан шегарасында тас қамалдай қызмет етуде. Өзінің айтуынша, саққұлақ иті адал әрі сенімді серік.

 – Бельгиялық малинуа тұқымына жататын бұл ит өте алғыр және төзімді келеді. Қазір 20-ның үстінде тапсырма орындайды. «Харгроу» дауыстық және ишара тапсырмаларына үйренген. Екі-үш ай қызметтік кинология басқармасында осы итпен тығыз байланыс қалыптастырдық, – дейді кинолог.

Қызметтік иттің қожайын тілі мен ишарасын бұлжытпай орындайтынын көзбен көрдік. Артық қимыл жоқ, тек айтқанды қағып алады. Тіпті қолына қорғаныс құралын киген әріптесті қуалап жүріп тоқтатып, азулы тісін қаруға айналдырған сайыпқыран ит қожайын келгенше қауіпті кісіні тырп еткізбейді. Содан кинолог «тұтқынның» тұла бойын тінтіп, қауіпті заттарды анықтағанша қаққан қазықтай «қылмыскерді» аңдып тұрады екен. Егер қожайынға қауіп төнсе, тарпа бас салады. Ит жылдамдығы көз ілестірмейді. Иттің адалдығына таң қаласың.

«Харгроу» әлі жас. Әлі сегіз жыл шегарада қызмет етеді. Ол үшін жеті қазынаның бірі үнемі сақадай сай болуы тиіс. Бойына артық шыр жұқтыруға да болмайды. Сол үшін итті күнделікті жаттығудан жаңылдырмау аса маңызды. Қожайынның тапсырмасымен оқтай зулаған алғыр ит арқан бойы керілген ағаш үстінен заулап, адам бойынан биік дуалдан қарғып өтті. Үңгіп қазылған шұңқырмен жер бауырлап жүгіре жөнелді. Мадияр Әділжан итті жаттығуда бұлай «қинауы» шегара маңын күзетуде өз пайдасын тигізеді. Өйткені, «Басқан» шегара бөлімшесінің орналасқан аумағы таулы, қыста қары қалың, жазда шөбі ит тұмсығы өтпейтіндей. Сондықтан ефрейтор итін бір сәтке де босаңсытпайды.

 – «Харгроу» екі сағат бұрын басылған ізден адам бағытын анықтап, іздеп таба алады. Біз күшік кезінен қызметтік иттерді соған тәрбиелейміз. Қызметтік итке артық салмақ жинауына болмайды. Сол үшін жазда күніне 575 грамм ғана азық жесе, қыс айларында күніне екі мәрте 345 граммнан тамақ беріледі, – дейді шегарашы. 

Қызметтік ит сақ, шегарашы қырағы тұрғанда елде қауіпсіздік бесігі тербетіледі. Антына адал ефрейтор Мадияр Әділжан мен сенімді серігі «Харгроу» сол үшін тер төгіп жүр. 

Дастанбек САДЫҚ