Мен өзі дәулетті кісі емеспін. Кедейлердің қатарына да жатпаймын. Қолымдағы азын-аулақ уақ малым күнкөрісіме жетеді. Өтірік айтпайын, «Қожаның көңілі құртқа шабады, көжесінің қатығы жоқ» деген жандардың қатарынанмын. Кейде бар, кейде жоқ тұрмысқа әбден ет үйренген. Ет өлген дейінші. Бірақ, арғы атам Шалабай шопан болған соң мал тілін түсіну қаныма сіңген. Жыбырлаған жәндік атаулымен тілдесе алмасам да, өзара «әңгімесін» ұғып қоямын. Бірақ, бір жай «Шалабай атамның аруағы» деп күнде тәу етпесем, сол қасиеттен күнұзақ ада боламын. Сүйегі кеуіп кетсе де, ұрпағына жанашырлық қылып жүрген атамнан айналдым.
Қорадағымнан бастадым ғой, солардың жайына тоқталайын. Қазір жиырма шақты уақ малым бар. Олардың көшбасшысы ісек. Бұған дейін серке болған. Үш жылға жуық момақандарым ешкі тұқымының соңынан жүрді. Әй өзі сыңаржақ серке еді. Таң атқаннан кеш батқанша жағы бір тынбайтын. Азыналап қораны төбесіне көтеретін. Кейде көршілерден ұялатынмын. Зарлауық серкенің кесірінен кей көршінің табалдырығын аттаудан қалдым. Оны қоя беріңізші, жағына жылан жұмыртқалағыр отарды қырға айдасаң сайға бастайтын, сайға қусаң өрге ұмтылатын. Таяқ алып ұмтылсаң, адам демейді кейде. Сынық сыңар мүйізін кезеніп, кәрілігіне қарамай айбат шегетін. Бір күні қойларға жем беріп жатпаймын ба, оң жамбастан періп кеп жібергені. Содан бір күн ас-сусыз қорада ұстадым. Жалғыз өзін емес, жанындағы қойлармен бірге. Кешқұрым аяп кеттім де, алдарына шөп шашпаққа қораға таяп қалсам, әлгі серкем мәжіліс ашып жатыр. «Шалабай» атамның аруағына сыйындым да, жиынға құлақ түре кеттім. Кәрі серкем шопан ата тұқымын сыбап жатыр:
«Әй, ақ қой, жеуді доғарсаңшы, әбден жүре алмайтын жағдайға жетіпсің!»
«Ақауыз қой, жетім егіз қозыны бауырыңа бас, жағдайың түзеледі демеп пе едім. Ал сен «жоқ-жоқ» деп зарлайсың да тұрасың!»
«Көк тұсақ, мен үшін қозыламайсың. Қозылайтын кезде менімен ақылдасқан жоқсың. Уызға жарытпай жатқаныңа мен кінәлі емеспін!»
«Ақ саулық, қозыларыңды ертіп шөп қораның есігін торуылдауыңды доғар. Жайылымдық жер бердік, қозыларыңды сонда жай. Қорадағы шөп санаулы. Еуропадағы қой емессің, ондағы жемократия бізге сәйкес келмейді, біздегі бірінші мәселе – жемономика!»
«Енді үш жылдан соң «қорастанды» «сарайстанға» айналдырамыз», – деп аяқтады сөзін шоқша сақалдым.
Байқаймын, серкем үш жылдың ішінде ісініп апты. Қойлар бас шұлғыған сайын кекірейіп барады. Қайда бастаса, момындар соңынан ергесін білгенін істей бастағандай. Кәрілігі де бар. Жас келген сайын бала болдыға баласам, адам емес, нәті мал. Пышақты жылмаң еткізейін десем, тұтам еті жоқ. Кәрі қақпастан құтылмасам болмасын сезем. Айтпақшы Зейнет кемпір көптен осы серкені сұраншақтап жүрген. Сонда апарып тастамасам болмас. Қой бастауға мал табылар. Зейнет кемпірден бір ешкі алармын деп иегім қышып кәрі серкені жетелеп барғаныммен, Сексек ата тұқымы табылмады. Есесіне ісекті болдым.
Енді отарым айдағанға көнер деп жүргем. Жағдай басқа арнаға өрбіді. Әуелі 18 қойымды топалаң айналдырды. Басында түйсінбей қотыр деп ойлаппын. Мал дәрігерінің нұсқауымен талай дәрмек бердім, жазылар түрі жоқ. Бақсақ, бұл ауру көршім Ұлханның қорасынан бастау алыпты. «Мал ашуы – жан ашуы» деген, онымен арақатынасымды үзіп, Ұлхан жаққа у шаштым. Дерт індеттемесін дегенім. Басым қатып, сарсаңға түсіп жүргенде, Володя көршімнің кеңесімен қорама спирт шашып, қойларымды араққа шомылдырдым. Пияз бен сарымсақты бар байлығыма нанша жегіздім. Қайтейін, қам қылғаныммен кәрі қойларды аман алып қала алмадым.
Бірер аптадан соң алапат дауыл тұрып, қорамның шатырын «тайдырды». Жауын жауып, қорамды су басты. Қыспаққа түскен қойларым қорадан үйге ұмтылды. Адамның мекенінен малдың кепесіне қуғаныммен, қояр емес. Топырлап жүріп ескі шапан мен шелек кигізген қарауылды құлатты. Олардың да айыбы жоқ. Бар кінә 20 мың шақырым/сағат жылдамдықпен соққан желде. Ашуға булықтым да, бағзыдан жақсы қарым-қатынастағы Володя көршімді шақырып, Шалабай атамның сегіз өрім қамшысымен қуалап жүріп қораға кіргіздім-ау әйтеуір.
Бәрі өтті кетті. Бірде қойларымды жемдемекке қора жағаламаймын ба?! Ісегім тұқымдастарын маңайына жиып ап жиын өткізуде. Шалабай атама тағы сыйындым да әңгімесіне құлақ түрдім. Бақсам, ісегім де ісі оңды емес екен.
«Күйіс қайтару қойдың тірлігі емес. Сағыз шайнағандай болу – мәдениетсіздіктің бастауы!»
«Құмалақсыз қора – мәдениетіміздің бет-бейнесі. Шопан тал еккенше, мал бақсын!»
«Құбылмалы жайылымда қозы өсіру – нағыз қойдың міндеті!»
«Шөпқорлық – отардың індеті!» – деп көсілуде.
Ісектің де жайы белгілі болды. Оның да қойды оттатып, береке берері шамалы. Жақында құдалар келмек, құрбандыққа шалып, бір көже-қатық қылайын ба, ағайын?! Шалабай атамның аруағы қолдаса отарымды бастар басқа мал табылар...
Мағмар Мақсым
Фото: wikipedia.org