Дәл қазір талдықорғандық шаруалар қант қызылшасын жинау жұмыстарымен харбалас. Осыған байланысы қала әкімі Ернат Бәзіл егіншілермен кездесіп жиналған өнімді көзбен көріп дала жұмыстарымен танысты.
Талдықорған қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметінше, бүгінгі күнде облыс орталығына қарасты ірілі-ұсақты 560-тан астам шаруа құрылымы тіркелген. Олардың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Ал, биылғы жылғы шаруалары егін еккен жер көлемі 6 мың гектарға жуық. Оған дәнді және майлы дақылдармен бірге бақша өнімдері себілген. Соның ішінде 8 шаруа қожалығы 150 гектар жерге қант қызылшасын егіп, одан 6 мың тоннадан астам өнім жинауды жоспарланып отыр. Солардың қатарында «Сәмен» және «Несіпбаев» шаруа қожалықтары бар.
– «Биылғы жаз жаңбырлы, ауарайы негізінен егінші-малшылар үшін қолайлы болды. Соған сай мол өнімге қол жетізудеміз. Мәселен, тәтті түбірден жиналған қазіргі өнім өткен жылмен салыстырған бір есеге жуық жоғары. Қазір әлі де жиналу үстінде. Енді алдағы уақытта жиналған өнімдерді Көксу қант зауытына өткізу жұмыстары тұр. Бүгінде аймақта қант өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Осы «Несіпбаев» және «Сәмен» шаруа қожалықтары келер жылы тағы да бірлесіп қант қызылшасы егілген аумақты еселеп ұлғайтуды көздеп отырмыз», – дейді шаруашылық жетекшілері.
Жауаптылардың сөзінше, алдағы уақытта аймақта 2 мың гектар алқаптағы майлы дақылдар мен 600 гектарға жуық жердегі жүгеріні жинау жұмыстары басталмақ.
Айдын КӘЛІМХАН