«Бір ауыл-бір өнім»: Үздік бестік таңдалды

Уақыты: 08.10.2024
Оқылды: 882
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жартылай финалға жеткен «Бір ауыл-бір өнім» жобасының он үміткердің ішінен бренд-комитет мүшелерін бес қатысушының өнімі таң қалдырды.

Жетісу аймағында аталған жоба аясында көрме-жәрмеңкелер өткен жылдан бері өткізіліп келеді. Оның негізгі мақсаты – жергілікті өндірушілердің өнімдерін таныстыру, ішкі және сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігі бар бәсекеге қабілетті тауарларды таңдау.

Көрмеге қатысу халыққа өз өнімдерін таныстыруға, тұтынушылар ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Өткен көрме-жәрмеңкеде сүт өнімдерінен бастап, киізден жасалған бұйымдарға дейін алуан түрлі тауар болды. Осы ретте биыл Юлия Фисюкова, Ләззат Чайгараева, Динара Әділбаева, Жанар Тұрғанбаева және Эльмира Ақпанова жеңімпаз деп танылды.

Айта кетейік, Сарқан ауданының тұрғыны Юлия Фисюкованың мамандығы фармацевт. Іскер әйелдің сабын жасауға қызығушылығы осыдан он жыл бұрын басталған. Сөйтіп, ол мұны біртіндеп сүйікті ісіне айналдырып, жұмысын жандандырған. Байқауға кәсіпкер шаш емдеп, бет терісін тазартуға көмектесетін сабын түрлерін әкелді. Болашақта ол қосымша жабдықты қажет ететін өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр.

Ал панфиловтық Ләззат Чайгараеваның капсуладағы түйе сүтін өндірумен айналысып келе жатқанына 4 жыл. Бұл косметологияда әрі емдік мақсатта өте пайдалы. Жұмыс халықаралық деңгейде жүргізіліп, Дубай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Түркияда жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда капсула сүтін өндіруге 20-ға жуық адам жұмылдырылған. Кәсіпкердің өнім көлемін ұлғайту жоспарында бар. Осыған байланысты жұмысшылар да көбеймек.

Алакөл ауданынан келген Динара Әділбаева еттен сүрленіп жасалатын қазы-қарта, жал-жая, құйрық май сияқты ұлттық тағам түрлерін шығарады. Мұның бәрін ол бастапқыда өз отбасы үшін әзірлепті. Кейіннен оны кәсіпке айналдырып, пайдасын көре бастаған. Қазіргі кезде ет өнімдерінің оннан аса түрі дайындалады. Тауарлар әлеуметтік желі арқылы сатылымға шығарылуда. Бүгінде оңтүстік Астана тұрғындарынан сұраныс жоғары. Цехта 4 адам еңбек етеді. Тапсырыс берушілердің көбеюіне байланысты алдағы кезде өндіріс көлемін ұлғайту ойға алынуда.

Талдықорғандық Жанар Тұрғанбаева көпбалалы ана. Ол үш жыл бойы қолдан ірімшік жасады. Табиғи өнім еш қоспасыз жергілікті шикізаттан, яғни, жоғары сапалы сүттен әзірленеді. Сондықтан болар, өнім сапасы талапқа сай. Сондай-ақ, моцарелла, буррата, халлуми, жартылай қатты және қатты ірімшік түрлері мен кілегей, айран, құрт, сүзбе бар. Жанар да кәсібін кеңейтуді мақсат тұтуда.

Эльмира Ақпанова – Сарқан ауданының тұрғыны. Ол киім-кешек түрлерін тігумен айналысады. Іскер келіншектің тігін ісіне қызығушылығы бала кезден оянып, оны есейген сайын жетілдіріп отырған. Сөйтіп, киіз де жасайтын болды. Бірте-бірте тапсырыс берушілер көбейіп, кейіннен кәсіп ашу туралы ой келді. Нәтижесінде «Ақпанай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Іскер әйел бүгінде кәсібін ілгерілету үшін түрлі жәрмеңке мен фестивальдерге белсенді қатысуда. Қолөнер шеберінің ендігі мақсаты  – өнім түрлерін кеңейтіп, басқа да заттар жасау. Сонымен бірге халықаралық деңгейге шығу – арманы.

Бренд-комитет жұмысын басқарған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев ұсынылған барлық өнімді бірегей деп атауға болатынын, десе де келешегі зор жобаларды таңдаудың маңызы зор екенін айтып өтті.

Айгүл Байбосынова
Фото: ortcom.kz