Үйде дайындалған тағам дәмді әрі әр уақытта жоғары бағаланады. Ал қазір асты үй жағдайында әзірлей беруге уақыт жете бермейді.
Сондықтан оны көптеген отбасы дайын күйінде дүкендерден сатып алады. Динара Үсербаева тамақ әзірлегенді жақсы көреді. Отбасы мүшелері мен қонақтарға жиі тұшпара жасайды. Сөйтіп, басқа да адамдарды тамақтандыру туралы ой келді. Кейіннен бұл идея қосымша табыс көзіне айналды.
Алдыңғы жылы «Асыл» жеке кәсіпкерлігін құрып, шағын цех ашты. Нәтижесі көңілден шықты. Осылайша жартылай дайындалған тағам өндірумен айналыса бастады. Бірте-бірте өндірісі ұлғайып, тұрақты тұтынушылары пайда болды. Кәсіпкер цехты кеңейтуге шешім қабылдайды.
Іскер әйел «Банк ЦентрКредит» АҚ-ға жүгініп, айналым қаражатын толықтыруға несие алды. Жобаны субсидиялау құралы бойынша «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында «Даму» қорының қолдауына ие болды.
Қазіргі кезде кемпірқосақ, картоп, сүзбе қосылған түрлі-түсті тұшпара мен манта, фрикаделька, кеспе сияқты тағам түрлері әзірленеді. Барлық өнім еш қоспасыз табиғи жасалады. Сол себепті тағамдар дәмді әрі қауіпсіз саналады.
"Жетісу-Ақпарат"
Талдықорған қаласы
Фото: damu.kz